Қысқы Азия ойындарының қорытындысы мен Олимпиадаға дайындық пысықталды

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарының қорытындысы және Қазақстан ұлттық құрамасының 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындығы бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бірнеше спорт түрінен сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Биатлон, конькимен жүгіру және фристайл-акробатика сияқты спорт түрлерінде отандастарымыз жүлдеге қол жеткізгенімен, кейбір бағыттарда спортшылар медаль олжалай алмады.
Министрлік мәліметінше, дегенмен ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов кей спорт түрлерінде көрсеткіштің көңілден шықпағанын атап өтіп, бұл мәселені терең талдаудың маңызына тоқталды.
Федерацияларға барлық жағдай жасалды. Қажет мамандармен, техникалық жабдықтаумен қамтамасыз етілді. Алайда кейбір спорт түрлерінде нәтиже көңілден шықпады. Мұның себебіне толық талдау жасалуға тиіс, – деді министр.
2026 жылғы қысқы Олимпиадаға бір жылдан аз уақыт қалды. Осыған байланысты министр қысқы спорт түрлері федерацияларына, өңірлік спорт басқармаларына және бағынысты мекемелергедайындықты ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Қысқы Олимпиадаға дайындық – басты міндет. Спортшылардың бар мүмкіндігін іске асыру үшін қажет жағдай жасалып жатыр.Олимпиада лицензиясын алуға үміткерлерге жеке жоспар дайындалды. Әр спортшы үшін жеке қадағалау жүргізіліп, инвентарь, медициналық қолдау (WADA талаптарына сай дәрі-дәрмек пен спорттық тамақтану), психологтың көмегі, нутрициолог пен дәрігер кеңесімен қамтамасыз ету қарастырылған.Сондай-ақ арнайы спорттық жабдықтар, бағдарламалар дайындау, қажет болса, жеке жаттықтырушылардың іссапары қамтамасыз етіледі. Спортшыларды бәсекеге қабілетті ету үшін инновациялық әдістер мен ғылымға негізделген тәсілдерді енгізу қажет, – деді Ербол Мырзабосынов.
Бұдан өзге министр қысқы спорт түрлерінде елдің имиджін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
Халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсету – ел абыройы. Бізде дарынды спортшылар бар, тек оларға дұрыс жағдай жасау керек. Әр жаттығу, әр жарыс – болашақ жеңістің іргетасы. Сондықтан бар күшімізді салып, Олимпиадаға дайындалуымыз қажет, – деді ол.
Еске салсақ, XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтеді.
