Жаңалықтар

Қырғызстанда мектептер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеді

Қырғызстанда мектептер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеді
Фото: facebook.com/KyrgyzPresident 16.03.2025 10:43 235

Қырғызстан Үкіметі жалпы білім берудің жаңа мемлекеттік стандартын бекітті. Бұл стандартқа сәйкес, мектептер 12 жылдық оқыту жүйесіне көшеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі fergana.agency-ге сілтеме жасап.

Жаңа білім беру стандарты ұлттық білім беру жүйесін халықаралық деңгейге сәйкестендіруді және оқушылардың білім сапасын арттыруды көздейді.

Жаңа жүйе бойынша оқыту үш деңгейге бөлінеді:

  • Бастауыш жалпы білім беру – 1-6 сыныптар
  • Негізгі жалпы білім беру – 7-9 сыныптар
  • Орта жалпы білім беру – 10-12 сыныптар

Жаңа стандартқа сәйкес, оқушыларды бағалау жүйесі жаңартылды:

  • 1-3 сыныптарда дәстүрлі баға қою болмайды, бағалау баласыз жүйе арқылы жүргізіледі.
  • 4-сыныптан бастап оқушылардың оқу жетістіктерін қадағалау үшін баллдық жүйе енгізіледі.
  • 7-12 сыныптарда критериалды бағалау жүйесі қолданылады, бұл оқушылардың өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастырып, олардың оқу мотивациясын арттыруға бағытталған.
  • Мектеп бітірушілерді қорытынды бағалау профильдік пәндерге негізделеді және бұл бағалар жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуге әсер етеді.

Қырғызстанда 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу 2025 жылдың қыркүйек айынан басталады. Жаңартылған жүйеге сәйкес:

  • Алты жастағы балалар – 1-сыныпқа,
  • Жеті жастағы балалар – бірден 2-сыныпқа қабылданады.
  • 3-сыныпты аяқтаған оқушылар 5-сыныпқа,
  • 6-сыныпты аяқтаған оқушылар 8-сыныпқа ауыстырылады.

Жаңа жүйе бойынша алғашқы аттестаттар 2027/2028 оқу жылының соңында беріледі. Толыққанды 12 жылдық мектептің алғашқы түлектері 2036/2037 оқу жылында, яғни 2019 жылы туған балалар мектеп бітірген кезде шығады.

Қырғызстанның Білім министрі Догдуркүл Кендирбаеваның айтуынша, жаңа жүйеге байланысты бакалавриаттың оқу мерзімі 4 жылдан 3 жылға қысқарады. Себебі, кейбір жоғары оқу орындарының бағдарламалары мектептің жоғары сыныптарында оқытылатын болады.

Осыған орай, 10-12 сыныптарда профильдік оқыту жүйесі енгізіледі, онда оқушылар математика, физика, химия және тілдерді тереңдетіп оқиды.

Жаңа білім беру стандарттары Қырғызстанның білім жүйесін халықаралық деңгейге жақындатып, түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға