Қырғыз Республикасы Қазақстанға 600 млн текше метрден астам су жібереді

Суару маусымы басталған сәуір айының өзінде-ақ 45 млн текше метр су берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, сәуір айының соңынан бастап Қырғыз Республикасы Қазақстанға Талас өзені арқылы тағы 400 млн және Шу өзені арқылы 180 млн текше метр су жібереді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарын пайдалану жөніндегі қазақ-қырғыз комиссиясының 35-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді, - делінген мәліметте.
Бұл су Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға жұмсалады.
Былтыр қырғыз әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында Жамбыл облысының диқандарын суармалы сумен толық қамтамасыз еттік. Мысалы, Талас өзені арқылы Қазақстанға жоспарланған 380 млн текше метрдің орнына 418 млн текше метр су келді. Ал Шу өзені арқылы 165,3 млн текше метр су келді, бұл бір жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 29,7 миллионға артық, – деді Нұржан Нұржігітов.
