Жаңалықтар

Қымбатшылық қолдан жасалғандай: экс-депутат «Жайлы мектеп» жобасы жайлы

Қымбатшылық қолдан жасалғандай: экс-депутат «Жайлы мектеп» жобасы жайлы
Фото: © iStock 21.04.2023 15:35 696

Сенаттың бұрынғы депутаты Мұрат Бақтиярұлы алдағы 20 жылда мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 47 пайызын құрауы мүмкін деп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы экс-сенатор өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол мұның соңы қауіпті екенін алға тартады.

2023 жылдың бюджет тапшылығы 3,2 триллион теңгеге жетті. Мұндай бюджет дефециті бұрын-соңды болған емес. Осыдан он жыл бұрын бюджет тапшылығын жамау үшін Ұлттық қордан 1,2 трлн теңге алынса, биылғы бюджетке 3 трлн қаржы алынуда. Оның үстіне мемлекеттің қарызы өсіп, қазір 25 трлн теңгеден асты. Бұл өте үлкен қарыз. Егер осылай кете беретін болса, алдағы жиырма жылда мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 47 пайызын құрауы мүмкін. Еліміз үшін өте қауіпті жағдай, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Бұрынғы депутат қаржы саласын тұрақтандыру үшін артық шығындарды қысқарту жолдарын қарастыруды ұсынып отыр. Дегенмен кей жобаларға бөлінген қаржыны оңды-солды шашып жатқандар бар. Соның бірі ретінде ол «Жайлы мектеп» жобасын мысалға келтірді. Экс-сенатор осы жоба аясында салынатын мектеп құрылысының құны қолдан қымбаттатылып отыр дегенді алға тартты.

«Жайлы мектеп» жобасына алдағы үш жылға 2,6 трлн қаржы салынды. Оның 1,1 трлн теңгесі Ұлттық қордан алынады. Бұл қаржыға 842 мың оқушы орны болатын 400 мыңнан астам мектеп салынады. Адами капиталға қаржы салу өте дұрыс, қолдаймын. Бірақ сол мектептердің құрылыс бағасы қолдан қымбаттатылғандай болып көрінеді. Мысалы, кейбір мектептердің салыну құны 8 млрд теңгеге дейін жетеді. Егер есептеп көрсек, 842 мың болатын әрбір оқушы орны 3 млн теңге болады екен. Шетелдерде көріп жүрміз ғой, мектептері өте қарапайым ғимараттарда орналасқан. Олар мектептің материалдық-техникалық базасы мен мұғалімдердің біліктілігіне қатты мән береді. Сондықтан да «Жайлы мектеп» жобасына бөлінген қаржы қолды болып кетпес үшін мұқият қарау керек, - дейді экс-депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға