Жаңалықтар

Құтқарушылар өмірі: Өмір мен өлім арасындағы арпалыс

Құтқарушылар өмірі: Өмір мен өлім арасындағы арпалыс
Фото: Коллаж El.kz 19.10.2023 12:30 3168

19 қазан – құтқарушылар күні. Бүгін азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 28 жыл толып отыр. 1995 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен осындай орган жұмысын бастаған. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі мерекеге орай осы салада жүрген кейіпкерлерді сұхбатқа тартып, қызметі жайында сыр шертті.

Алматы қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметін атқарып жүрген Әділ Дәуренқұлов бұл мамандықты таңдау бала кездегі арманы екен. Мектеп бітірген соң арманына қол жеткізу үшін барын салғанын айтты.

Құтқарушылар өмірі: Өмір мен өлім арасындағы арпалыс

2020 жылы отбасын құрдым. Осы жолда жүргеніме 6 жыл болды. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Арпалыскан оттың ортасына түсуде онай емес. Бірақ адамдарға көрсеткен көмегіме, пайдамды тигізгеніме қуаныштымын. Өз жұмысымды жақсы көремін, – дейді құтқарушы.

Қауіп-қатер қас пен көздің арасында болады. Биыл Алматыда біраз көп қабатты үй өртеніп, халық әбігерге түсті. Осы кезде өрт сөндіруші батырлар дер кезінде келіп, жалынды ауыздықтай білді. Өрт болған үйде екі жасар мүмкіндігі шектеулі сәби болған. Басын бәйгегег тігіп, екі жасар қызды өрттен аман алып шыққан осы – Әділ Дәуренқұлов. Ол биыл осындай ерлік жасағаны үшін Президенттің қолынан «Ерлігі үшін» медалін иеленді.

Иә, осы жылы президентімізден «Ерлігі үшін» деген марапатка ие болдым. Еңбегімді бағалағанына үлкен алғыс білдіремін. Бұл менің өрт сөндіруші ретінде өзімнің міндетім деп білемін. Өрт тілсіз жау ғой, сондықтан қай жерде  тиіп кетерін білмейсің. Бірде үйдің іші түгелдей өртеніп жатты. Ішке кіру мүмкін емес болды. Шатырында өрт сөндіріп тұрғанымда ыстықтан темір балқып, өрттің ортасына түсіп кете жаздадым. Жанымда адамдар болып ұстап қалды. Сондай сәттерде бүкіл өмірің көз алдыңнан өтеді екен, – дейді ол.  

Бүгінде мемлекет енді көңіл бөле бастады. Биыл олардың айлығы 70 пайызға көтерілді және әскери адамдарға арналған ипотекалық бағдарлама бар.  Дегенмен, әлі де өзекті мәселелер барын жасырмады. Баспана беру мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.

Адам өмірінен құнды ештеңе жоқ

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Апаттар медицинасы орталығы» бар. Бұл мекеме қандайда бір апаттар, зілзала кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Түркияда болған зілзала кезінде осы орталықтан медицина қызметкерлері аттанған еді. Солардың бірі – Қарағанды облысы бойынша «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының дәрігері Алмагүл Алдабекова.

Оның бұл қызметке келуі де ерекше болған екен. Ол небәрі 5 жасында әжесімен медициналық энциклопедияны ақтаруды, түрлі ауруларға қатысты суреттерді көруді ұнатты. Ал 10 жасында қандай мамандық иесі болатынын шешіп қойған.

Құтқарушылар өмірі: Өмір мен өлім арасындағы арпалыс

Мектепте оқып жүрген уақытта 10 жасымда мұғалім кім болғың келетіні туралы эссе жазыңдар деді. Сол кезде мен дәрігер болғым келетінін түсіндім. Өзім жұмысшылар отбасында, кішкентай ауылда өстім, сондықтан медициналық академияға грантқа түсу жай ғана арман болды. Бірақ Алла Тағаланың қалауымен және ата-анамның үлкен қолдауымен арманым орындалды, – дейді Алмагүл.

Еңбек жолы 2007 жылдан басталды. Медициналық өтілі – 15 жыл. Ал 2019 жылдан бастап осы Қарағанды облысы бойынша «Апаттар медицинасы орталығы» филиалында еңбек етіп келеді. Қызмет барысындағы бір оқиғасын айтып берді.

2023 жылғы 13 қаңтарда кезекші ауысым кезінде түнгі сағат 3-тің кезінде шақыру келіп түсті. Көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт болған екен. ТЖ орнына келген соң, біз сол жерде диагнозы бар зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек көрсеттік. Ол ауыр дәрежеде уланған екен. Шұғыл зардап шеккен адамды медициналық мекемеге жеткіздік, – дейді ол.

Алмагүл Алдабекова биыл еңбегі еленіп президент қолынан «Ерлігі үшін» медалін иеленді. Оған бұл медаль жайдан-жай келген жоқ. Басын қауіп-қатерге тігіп, үлкен жұмыс атқарған екен.

Алтыншы ақпанда мен кезекшілікте болдым. Сол кезде Түркиядағы жер сілкінісі туралы естідік. Зілзаланы көре тұрып, адамдарды құтқаруға және көмектесуге деген ұмтылыс пайда болды. Ертесінде 7-ші ақпанда сағат шамамен 18:15-те үйде болған уақытта маған қоңырау шалды. Түркияға құтқарушылар қатарына мені жіберетіні туралы айтты. Сол сәттен бастап жиындар басталды. Мен бірінші кезекте жұмысқа барып, өзімізге қажет нәрсенің бәрін дайындадым. Содан кейін түнгі сағат 23:00-ге қарай өзіммен бірге заттарымды, сөмкемді алдым. Жолдасыммен және балаларыммен қоштасып, сағат 23:45-те жұмысқа кеттім. Ал түнгі 01.00-де біз Астанаға жолға шықтық. Онда біз таңғы 5-те келдік, – дейді ол.

Осы сәттен бастап оларға нұсқау беріле бастады. Министрмен кездесіп, содан кейін жүктерін ұшаққа тиеу басталған екен.  Түркияға жеткен бойда оларды бөліп, нұсқау берілді.

Ал тоғызыншы ақпанда біз қираған көпқабатты ғимараттарға бардық. Құтқару жұмыстары мен медициналық көмек тәулік бойы жұмыс істеді. Ауысым кестесі тәулігіне 16 сағаттан жүргізілді. Біздің жасақ 3 адамды құтқарды. Құтқару жұмыстары барысында біз 89 адамға медициналық және психологиялық көмек көрсеттік. Мен өзімді батыр деп санамаймын. Мен өз міндетімді орындадым, – дейді Алмагүл Алдабекова.

Ол үшін Түркиядағы зілзала мәңгілік жадында қалған. Апатты өз көзімен көруі, адамдардың қайғысы бәрі-бәрі көз алдында өтті.

Жақындары туыстарынан айырылып, ғажайыпты күткенде бұл өте қиын. Өйткені олар ғана емес, біздің жасақ күн сайын кем дегенде тағы бір өмірді сақтап қалуға болады деп үміттенді. Себебі адам өмірінен құнды ештеңе жоқ, – дейді Қарағанды облысы бойынша «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының дәрігері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға