Құрылтайда көтерілген әр мәселе нақты шешімін табу керек – Азаматхан Әміртаев

Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен алғаш рет 2022 жылдың маусымында жиналған құрылтай мүшелері бұл жолы да елдің өзекті мәселелерін талқылау үшін бас қосты. Осы орайда біз Ұлттық құрылтай мүшесі, «Байтақ» жасылдар партия төрағасы Азаматхан Әміртаевпен сұхбаттастық.
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, Ұлттық құрылтай мемлекеттік басқару жүйесіне, Үкімет жұмысына нақты тапсырмалар берілетін маңызды алаңға айналды.
Қазіргі таңда әлемде биосаясатқа, халықаралық қатынастарға қатысты түрлі өзгерістер орын алуда. Осы өзгерістердің аясында Қазақстан өз орнын табуы керек. Ішкі және сыртқы саясатты қалай дамытуға болады? Экономиканы қалай күшейтеміз? Біз көпвекторлы саясат жүргізіп келеміз, бұл – дұрыс бағыт, – деді ол.
Сондай-ақ, ол 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көптеген маңызды мәселе көтерілгенін атап өтті.
Ұлттық құрылтай – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Мұнда халықтың көкейінде жүрген мәселелер жан-жақты талқыланып, олардың шешу жолдары қарастырылады. Өткен жылы осы алаңда бірнеше жаңа заң жобалары ұсынылып, заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді, – деді «Байтақ» жасылдар партия төрағасы.
Азаматхан Әміртаевтың пікірінше, құрылтай жыл сайын өз маңыздылығын арттырып, қоғамның сеніміне ие болуда.
Бұл жолы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Жыл сайын құрылтай мүшелері белсенділік танытып, қоғаммен тікелей жұмыс істеуде. Өзім де құрылтай мүшесі ретінде үлкен жауапкершілікті сезінемін. Ұлттық құрылтайдың мемлекеттің дамуы мен жаңғыруында айрықша рөл атқаратыны сөзсіз, – деп атап өтті ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Естуші мемлекет» қағидаты аясында құрылтайда көтерілген әрбір мәселе Мемлекет басшысының бақылауына алынып, нақты шаралар қабылданады.
Құрылтайда айтылған әрбір ұсыныс Президентке жетіп, Үкіметке тапсырма ретінде беріледі. Осылайша, бұл алаң мемлекеттік саясатқа нақты әсерін тигізіп отыр, – деді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Бүгінгі Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтар арасындағы теңсіздікті жою, экологиялық мәселелер мен төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде маңызды мәселелерді көтерді.
Аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып экологиялық көрсеткіштер, инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай алшақтықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан іс-жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Азаматхан Әміртаев бұл – еліміздің тұрақты дамуы үшін өзекті міндет дейді.
«Байтақ» жасылдар партиясы ретінде біз осы бастаманы толығымен қолдаймыз. Өңірлердің дамуын бағалауда экологиялық көрсеткіштер басты орынға шығуы тиіс. Өйткені экологиялық ахуалдың нашарлауы халықтың денсаулығына, ауыл шаруашылығына және өңірлердің экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Әсіресе, өндірістік аймақтар мен су тапшылығы бар өңірлерге ерекше назар аудару керек, - деді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Бұл – барлық салаға қатысты мәселе. Мысалы, солтүстікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, елді мекендерді қарғын су басу қаупі туындайды» деп атап өтті.
Расында, су тасқыны, құрғақшылық, орман өрті секілді табиғи апаттар жыл сайын қайталанып келеді. Осыған байланысты біз табиғи апаттардың алдын алу шараларын күшейтіп, экожүйені сақтауға бағытталған кешенді шешімдер қабылдауымыз қажет, - дейді «Байтақ» жасылдар партия төрағасы.
Сұхбат барысында Азаматхан Әміртаев «Байтақ» жасылдар партиясы жүргізіп жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау мақсатында түрлі бағдарламалар әзірлеп жатырмыз. Әсіресе, Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу маңызды. Біз кәсіпорындар үшін экологиялық төлемдерді арттыруды ұсынып отырмыз. Егер бұл жүзеге асса, ірі компаниялардың экологиялық жауапкершілігі күшейіп, табиғатты қорғауға көбірек қаражат бөлінеді. Бұл қаржы жасыл аймақтарды кеңейтуге, ағаш отырғызуға жұмсалады, – деді ол.
Ұлттық құрылтай еліміздегі қоғамдық-саяси реформалардың маңызды бөлігіне айналды. Бұл алаңда көтерілген мәселелер заңнамалық өзгерістерге ықпал етіп, нақты шешімдер қабылдануда. Ал экология саласындағы бастамалар қоршаған ортаны қорғауға жаңа серпін бермек.
