Жаңалықтар

Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас: Сириялықтар Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалайды

Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас: Сириялықтар Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалайды
Фото: автор 07.04.2023 21:00 1350

Халықаралық тәжірибеде дипломатиялық өкілдіктерге консулдық қолдау көрсететін құрметті консул тағайындау дәстүрі бар. Олар сол елдің сыйлы да беделді азаматтары болып табылады және риясыз көңілмен, ақысыз қызмет атқарады. Бүгін солардың бірі Қазақстан Республикасының Сирия Араб Республикасындағы Құрметті консулы Саиб Шафиқ ан-Наххас мырзамен сұхбатты ұсынамыз.

– Менің ойымша, сириялықтар Астана қаласын - Сирия бойынша келіссөздер өтетін орынды жақсы біледі. Сириялықтар Қазақстанды Әбу Насыр әл-Фараби мен Бейбарыстың Отаны деп біле ме?

– Сирия халқының көпшілігі Астанадағы Сирия бойынша келіссөздер және одан бұрынғы Астана платформасын Женева келіссөздеріне нақты және сенімді балама ретінде қарастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ресейдің қамқорлығымен жүргізіліп жатқан осы келіссөздерге сириялықтардың оң көзқарасының маңызды себептерінің бірі оның Алеппоға апаратын кейбір жолдарды ашудағы және деэскалация аймақтарын құрудағы жетістігі болып табылады. Сондай-ақ Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалаймыз және Қазақстан Республикасы ашық жұмыс істейтіндіктен және қай тараптың болса да істеріне араласпайтындықтан қатысушылардың сеніміне ие.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бұрын бастау алған бірлесіп құрылған жүздеген отбасылар бар. Қазақстан осы жағынан сириялықтар үшін таныс ел болып табылады.

– Екі ел арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы қандай?

Сириядағы қазіргі жағдайды ескере отырып, екі ел арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастар қанағаттанарлық десе болады. Көптеген жергілікті мәселелерге ұстанымдарымыз ұқсас, халықаралық сахналарда әр елдің өзіндік саяси мүдделеріне жауап беретін тәуелсіз саясатына сәйкес өзара қолдау бар.

Мен, Қазақстан Республикасының Сириядағы құрметті консулы ретінде, жақында Сирия Халық Ассамблеясы мен Қазақстан Сенаты арасындағы парламенттік қатынастарды осы айдың басында Сирия-Қазақстан парламенттік достық комитетінде, оның мүшелерімен өткізген алғашқы кездесуім арқылы жандандырдым. Оның барысында түрлі кездесулер, сапарлармен алмасу бойынша ақпарат және пікір алмасулар орын алды. Біз Қазақстанда 19 наурызда өткен парламенттік сайлаулар нәтижесі бойынша қазақстандық тараптың Қазақстан-Сирия парламенттік достық комитетін құруыын күтеміз. Осы салада өзім бастаған ісім кең ауқымды кездесулерге жалғасады деп күтемін.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық саласына келетін болсақ, біз тікелей қазақстандық порттардың болмауына байланысты Қазақстан мен Сирия арасында жүк тасымалдау проблемасына тап болып отырмыз. Біз бұл мәселені Қазақстандағы бауырларымызбен үнемі талқылап отырамыз. Мысалы, олардың өнімдерінде (тамақ, тоқыма, фармацевтика) үлкен ұқсастықтар бар екенін атап өтіп, екі ел арасында тауар алмасуды бастауға ықпал ететін практикалық шешімдерге қол жеткізуге тырысамыз. Нәтижесінде біздің түпкі мақсатымыз - сауда-экономикалық қатынастар деңгейін екі ел арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастар деңгейіне көтеру болып табылады.

Адамгершілік жағын сөз етсек, мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауы бойынша Алеппо халықаралық әуежайына 2023 жылғы 6 ақпанда Түркия мен Сирияның солтүстігінде болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін гуманитарлық көмек пен материалдар тиелген ұшақтың 4 рейсі арқылы жедел жөнелтуін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Сирия халқына және жалпы Сирия үкіметіне қатты әсер еткен жер сілкінісінен 3 күн өткен соң осындай көмек жіберген алғашқы елдердің бірі болды. Біздің құрметті консулдығымыз Алеппо әуежайында гуманитарлық көмек жеткізген ұшақтарды қабылдау және жүкті Сирияның Қызыл Жарты айына жеткізу үшін ұшқан жоғары лауазымды қазақстандық делегацияны тасымалдау және қызмет көрсету, жергілікті процедураларды жеңілдетуде жетекші рөл атқарды.

Осы орайда Жоғары Мәртебелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалар бағдарламасы Қазақстанға ғана емес, экономикалық, саяси және парламенттік жағынан ұқсас көптеген елдер үшін кешенді іс-қимыл жоспары бола алады деп сенемін. Мен оның реформалар бағдарламасына енгізілген директивалармен, әсіресе 2022 жылдың басында Үкіметке жүктелген, атап айтқанда қаржылық шаралармен, облыстарды дамыту, жалпы мемлекеттік басқаруда, денсаулық сақтау, білім беру және т.б. көптеген салаларда әлеуметтік әділеттілік орнату жөніндегі іс-қимыл жоспарымен таныстым.

Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас: Сириялықтар Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалайды

Дамаск қаласы, Сирия

 – Бүгінгі таңда Сириядағы саяси және экономикалық жағдай қандай?

«Халықаралық қауымдастық» Сирияға қарсы енгізген санкциялар деп аталатын «біржақты мәжбүрлеу шаралары»  сирия халқының күнделікті өміріне өте үлкен кедергі болып отырғандығы ешкімге құпия емес. Бұл Сирия үкіметінің ұзақ мерзімді жоспарлар құру бойынша шешімдер қабылдауға немесе экономикалық іс-шарларды қабылдауға кедергі екенін айтпағанның өзінде. Соған қарамастан, үкіметтің негізгі және үкімет тарапынан қолдауға ие азық-түлік және қажетті заттармен қамтамасыз ету арқылы осындай жағдайға бейімделуге тырысатын қолайлы бастамалары бар. Осы тауарлардың бір бөлігін қамтамасыз ету үшін Сирия үкіметімен табиғи қатынастары бар достас және бауырлас елдерге  есік ашық. Қажетті тауарлардың қалған бөлігі жергілікті көздерден алынады.

– Саяси деңгейде Сирия үкіметі Сирия мемлекетінің егемендігін, қол сұғылмаушылығы мен аумақтық тұтастығын сақтайтын және барлық заңсыз шетелдік күштерді ешқандай алдын-ала талаптар мен шартсыз Сириядан сөзсіз шығаратын  жергілікті сириялық тараптар арасындағы саяси шешімге келуге ұмтылады. Бұл дағдарыс басталғаннан бері өзінің сәтсіздікке ұшыраған  шешімдерін таңуға ұмтылған халықаралық қауымдастық деп аталатындардың қол сұғуынсыз жүзеге асуы тиіс.

– Биыл Қазақстан сұлтан Бейбарыс әл-Бундуқдаридің туғанына 800 жыл толуын атап өтуде. Сирияда мәмлүктерге байланысты көптеген тарихи орындар бар, атап айтқанда Бейбарыс Дамаскіде жерленген. Сол туралы айтып берсеңіз.

– Хижраның 625 жылы, 1223 жылы дүниеге келген сұлтан аз-захир Бейбарыс екі ел үшін ерекше маңызды орынға ие. Қазақстан Республикасының үкіметі Сирия Араб Республикасымен ынтымақтастықта қаржылық, техникалық және әкімшілік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Дамаскідегі Бейбарыс кесенесін, жалпы алғанда Бейбарыс кітапханасын қалпына келтірді. Екі ел арасындағы достық қатынастардың маңыздылығын ескере отырып, 2007 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сирия Араб Республикасының Үкіметі арасында  Дамаск қаласында әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы мен  кесенесін салу және  сұлтан аз-захир Бейбарыс кесенесін қалпына келтіруде ынтымақтастық туралы келісім жасады.

Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас: Сириялықтар Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалайдыБейбарыс медресесі, Дамаск.

Сұлтан аз-Захир Бейбарыс әл-Бундуқдари 658 жылы, 1260 жылы патшалық таққа отырған қыпшақ, қазіргі Қазақстан жерінен келген бахри мәмлүктердің ішінен шыққан ұлы билеуші. Оның билігі кезінде құрылыс өнері дамыды, сарайлар, медреселер, мешіттер, күмбездер (тақиялар), қонақ үйлер мен қамалдар салынды. Сұлтан аз-захир Бейбарыс басқа сұлтандар сияқты мектептер салды, олардың ішіндегі ең танымалы Хижраның 660 жылы, 1262 жылы Каирде медресе тұрғызды. Оны тарихшы ас-Саюти «Бейбарыстың ескі медресесі» деп атайды.

Дамаскідегі Бейбарыс медресесін Бейбарыстың ұлы - бақытты патша Әбу әл-Маали Насер ад-Дин Мұхаммед Беркехан (Хижраның 658-678 жж., 1260-1280 жылдары өмір сүрген) салған. Бірақ сұлтан Бейбарыс Каирде салғандай Дамаскіде де медресе ғимаратын көтеруді ойлаған болуы мүмкін. Алайда ол өз идеясын жүзеге асыра алмай кетті.

Бейбарыс медресесі Дамаскінің әл-Амара ауданында, Фарадж мен әл-Фарадис қақпаларының арасында,  Араб тілі кешенінің штаб-пәтері орналасқан әл-Адлияға қарсы, олардың ортасында Омейяд мешітіне апаратын Баб әл-барид жолы бар. Дамаскідегі Бейбарыс медресесі бүгінде маңызды тарихи кітапханалардың бірі болып табылады. Оның 77000-нан астам кітаптар мен мыңдаған қолжазбаларының көпшілігі Дамаскідегі әл-Асад Ұлттық кітапханасына берілді.

Рукн ад-дин Бейбарыс мәмлүктердің Египеттегі билікке келуіне есігін айқара ашқан Мансура шайқасына белсенді қатысқаннан кейін абырой мен беделге ие болды. Сонымен қатар, ол мәмлүк әскерінің басында моңғолдар лагеріне шабуыл жасап, оларды Айн Джалут жазығында 40 жыл бұрын Шыңғыс ханның туының астында Азия қойнауынан шыққаннан бергі тарихында бірінші рет Құтыз басқарған Египет пен Шам армиясының негізгі күштерінен күйреуін қамтамасыз етті.

Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас: Сириялықтар Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалайдыБейбарыс медресесінің қақпасы, Дамаск қаласы.

Сонымен қатар, Бейбарыс тек әскери қолбасшы немесе дипломат, саясаткер ғана емес, ол каналдар қазып, порттарды жақсартты және Каир мен Дамаск арасында төрт күн ішінде жүріп өтетін тұрақты және жылдам пошта байланысын орнатты. Ол Каирде өзінің есімімен аталатын Ұлы мешіт пен медресені тұрғызды. Ол сондай-ақ исламның төрт негізгі мәзһабтарының бас қазыларын тағайындаған Египеттің алғашқы билеушісі болды.

Бейбарыс үш крест жорығында крестшілерді жеңген мұсылман әлеміндегі танымал билеуші болды. Әскери жорықтарын қолдау үшін Бейбарс арсеналдарға, әскери кемелерге және жүк кемелеріне тапсырыс берді. Оның әскери жорығы Ливия мен Нубияға да жетті.

Сұлтан Бейбарыс 17 жыл бойы Египет, Нубия, Шам, Джазира, Хиджаз, Йемен және Кіші Азияның кейбір бөліктерін басқарды. Бұл оны тақта ең ұзақ отырған мәмлүк билеушісі етті және оның сыртқы әскери жорықтары мен ішкі реформалары табысты болды.

Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас: Сириялықтар Астана платформасын «өзара түсіністік қолшатыры» деп бағалайдыБейбарыс және оның ұлы Беркеханға Қазақстан орнатқан құлпытастар, Дамаск қаласы.

Сұлтан Бейбарыс Хиджраның 676 жылы, 1277 жылы қайтыс болды және Дамаскіде жерленді. Мазардың сәулеттік және сәндік ерекшеліктері, әсіресе алтын жалатылған мозаикасы бар ерекше күмбезі астында қабірі орналасқан Бейбарыстың тұлғасын көптеген халықтар, әсіресе туған отаны Қазақстанда қадір тұтады, бағалайды және достас араб сирия халқы мен қазақ халқы арасындағы байланыстарды тереңдетуге ықпал етеді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға