Жаңалықтар

Құқықтық сауатты қалай арттыруға болады? Құқық қорғаушымен сұхбат

Құқықтық сауатты қалай арттыруға болады? Құқық қорғаушымен сұхбат
Фото: Коллаж El.kz 25.04.2025 16:05 239

Қоғамның саналы, әділетті әрі қауіпсіз болуы – әрбір азаматтың өз құқықтарын білуіне тікелей байланысты. Құқықтық сауатты арттыру – тек мемлекеттік міндет емес, бұл әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі. Құқық қорғаушы Қасиет Темірзахқызы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға белсенді үлес қосып келеді. Ол құқықтық сауаттың қоғам үшін маңыздылығы, халыққа құқықтық көмек көрсетудің жолдары және еліміздегі құқықтық сананың бүгінгі деңгейі туралы ой бөлісті.

El.kz: Қасиет Темірзахқызы, қазіргі қоғамда құқықтық сауат деңгейін қалай бағалайсыз? Халық өз құқықтары мен міндеттерін жеткілікті біле ме?

Қасиет Темірзахқызы: Құқықтық сауат - бұл азаматтардың заңды білуі, өз құқығын түсініп, күнделікті өмірде қолдана алуы. Қазіргі қоғамда құқықтық сауат деңгейі дамып жатқанына қарамастан деңгей әлі төмен деуге болады. Қазақстанда бұл тақырыпта нақты статистика жоқ, бірақ оны күнделікті өмірден, жұмыс тәжірибесінен байқауға болады. Көп азаматтар өз құқықтарын білмейді, заңдардың қалай жұмыс істейтінін түсінбейді. Мысалы, қарапайым жұмысқа тұрарда келісімшарт жасағанда маңызды тармақтарға назар аудармайды, қандай жағдайда қандай құқықты қолдануға болатынын аңғара бермейді. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламаларды, цифрлық платформаларды қалай қолдану керек екенін де жетік меңгермеген.

El.kz: Қазақстан азаматтарының ең жиі білмейтін немесе қателесетін құқықтық мәселелері қандай?

Қасиет Темірзахқызы: Менің ойымша, Қазақстан азаматтарының біле бермейтін құқықтық мәселелерінің бірі - адам құқықтары. Көпшілік бұл ұғымды абстрактілі немесе тек халықаралық деңгейдегі идеал ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде, адам құқықтары  әр адамның адам боп туғаннан кейін иеленетін негізгі құқықтары мен бостандықтары. Олар - бұкіл адамзат арасындағы теңдік пен қадір-қасиетті сақтауға бағытталған. Бұл құқықтар күнде есімізде болғаны маңызды, бірақ азаматтар көбінесе өз құқықтарын тек нақты жағдаймен бетпе-бет келгенде ғана іздей бастайды.

Сонымен қатар, адамдар мемлекеттің, биліктің құқық қорғаудағы негізгі рөлін толық түсіне бермейді. Қоғамда билік деген сөз көбіне бақылаушы орган ретінде қабылданады. Одан қорқу керек деген ұғым қалыптасқан. Ал шын мәнінде, биліктің міндеті - азаматтардың құқықтарын қорғау, ілгерілету және оларды іске асыруға жағдай жасау. Демек, біз азаматтар ретінде, мемлекеттен өз жауапкершілігін орындауды талап ете аламыз.

El.kz: Құқықтық сауатты арттырудың ең тиімді жолдары қандай деп ойлайсыз? Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі қандай? Құқықтық білім беру жүйесі туралы ойыңыз қандай? Мектептерде немесе ЖОО-ларда құқық негіздері жеткілікті дәрежеде оқытыла ма?

Қасиет Темірзахқызы: Қазіргі таңда құқықтық сауат көбінесе бейформалды білім беру арқылы қалыптасып жатыр. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) атқарып жатқан рөлі өте маңызды. Олар трениңтер, құқықтық кеңестер, әлеуметтік желі арқылы азаматтарға заңды қарапайым тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттік органдар да заңдарға түсіндірме беріп, ақпараттық материалдар таратып жатады, бірақ бұл жүйелі түрде деп айта алмаймын.

Негізгі әрі тұрақты жұмыс мемлекеттің мойнында болуы керек. Заңдарды тек қабылдап қою жеткіліксіз, оларды қарапайым халыққа түсінікті тілмен түсіндіру қажет. Қазір қоғамда көп заң тек қағазда жазылған, ал адамдар оның өмірде қалай жұмыс істейтінін түсінбейді. Сондықтан заңдардың мақсатын, олар қандай мәселелерді шешуге бағытталғанын, күнделікті өмірде азаматтың оны қалай қолдана алатынын жария, ашық, халыққа түсінікті форматта түсіндіру маңызды.

Сондай-ақ, құқықтық сауатты арттыру формалды білім беру жүйесінде де болуы тиіс деп ойлаймын. Қазіргі таңда мектеп бағдарламасында «Адам. Қоғам. Құқық» деген пән бар, бірақ ол тек жоғары сыныптарда және оған бөлінген сағат өте аз. Мұндай пәндерді ерте жастан енгізу қажет. Мысалы, көрші Қырғызстанда бұл сабақ 5-сыныптан бастап оқытылады және арнайы адам құқықтары модулі енгізілген. Бұл балалардың ерте жастан құқықтық түсінігін қалыптастырады.

El.kz: Қарапайым азамат өз құқықтары бұзылған жағдайда, бірінші кезекте не істеуі керек?

Қасиет Темірзахқызы: Құқық бұзылған жағдайда, ең алдымен, қандай құқық бұзушылық болғанын анықтап алған жөн. Әрине, бұл оңай емес. Сондықтан бірінші кезекте білікті құқық қорғаушылардан немесе заңгерлерден кеңес сұраған жөн. Қазір көптеген өңірде тегін кеңес беретін құқық қорғау ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар немесе онлайн платформалар бар. Менің кеңесім, қазірдің өзінде өз аймағыңызда кімге жүгінуге болатынын нақтылап алыңыз. Өйткені, кейде маман табу өте қиын. Яғни, сіздің өңіріңіздің жағдайын, әкімшілік құрылымын, жергілікті билік пен полиция жұмысының ерекшелігін білетін маман тапқаныңыз жөн. Сол мамандардың көмегімен келесі қадамдарды айқындауға болады. Полицияға шағым беру қажет пе, әлде басқа мемлекеттік органға жүгінген дұрыс па, мүмкін омбудсменге хат жазу керек. Немесе кейде әлеуметтік желіде жазған көмектесіп жатады. Маңыздысы - үнсіз қалмау.

El.kz: Құқық қорғаушы ретінде, сізге азаматтар көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?

Қасиет Темірзахқызы: Мен сайлау тақырыбын зерттейтін болғандықтан, көбінесе маған сайлау мәселелері бойынша хабарласады. Әсіресе сайлау кезінде құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар көптеп түседі. Мысалы, жиі қойылатын сұрақтардың бірі — «Студенттерді кураторлар сайлауға баруға міндеттей ала ма?». Бұл сұраққа бірден жауап беруге болады: Жоқ, ешкім ешкімді сайлауға баруға немесе бармауға міндеттей алмайды. Бұл әр азаматтың өз таңдауы, өз құқығы.

Сонымен қатар, азаматтардан «Сайлауда бақылаушы болу үшін не істеу керек?», «Бақылаушылардың нақты міндеттері қандай?» деген сұрақтар да жиі түседі. Бұл сұрақтардың көбеюі — қоғамда сайлау мәдениетінің, сондай-ақ құқықтық сауаттың біртіндеп өсіп келе жатқанының белгісі. Дегенмен, азаматтардың көпшілігі әлі де өз құқықтарының аясын толық білмейді және кейде мемлекеттік органдар тарапынан келетін қысымды заңды деп қабылдай салады.

El.kz: Елімізде құқықтық көмекке қол жеткізу қаншалықты қолжетімді? Ауыл тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз?

Қасиет Темірзахқызы: Негізі елімізде қарапайым азамат үшін құқықтық көмекке қол жеткізу әлі де оңай емес. Әсіресе ауылдық жерлерде заңгерлер мен құқық қорғаушы ұйымдардың жетіспеуі мәселені қиындатады. Дегенмен, соңғы жылдары мемлекеттік түрлі онлайн платформалар мен порталдар іске қосылып жатыр. Соларды құқық қорғауға пайдаланып көруге болады. Мысалы, ikomek және eotinish порталдары арқылы азаматтар өз өтінішін немесе шағымын тікелей мемлекеттік органдарға жолдай алады. Бұл құралдар әсіресе ресми инстанцияларға жүгінуге мүмкіндігі шектеулі ауыл тұрғындары үшін тиімді. Сонымен қатар, «Е-Заң көмегі» деген портал бар. Бұл жерден заңгерлік кеңес алуға, сұрақ қоюға, көмекке жүгінуге болады. Оған қоса, қазір әр облыста адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсмендердің кеңсесі бар. Егер құқық бұзылған жағдайда немесе мемлекеттік орган әрекет етпесе, сол құзырлы органға жүгінуге болады.

El.kz: Жастар арасында құқықтық сауатты арттыру үшін қандай іс-шаралар маңызды деп санайсыз?

Қасиет Темірзахқызы:  Жастар арасында құқықты түсіндіру үшін ең маңызды іс-шаралардың бірі — мектептерде, университеттерде практикалық трениңтер мен интерактивті сабақтар өткізу. Құқық тек теория емес, өмірдегі жағдайларға тікелей қатысты екенін көрсету. Мысалы, жұмысқа тұрғанда келісімшартта неге назар аудару керек, университет ішінде құқықтарды қалай қорғауға болады, полиция қызметкері келсе қалай сөйлесу керек, әлеуметтік желідегі қандай құқықтар тапталуы мүмкін деген  секілді қарапайым бірақ өзекті сұрақтарға жауап беру керек.

Сондай-ақ қазіргі жастардың көп уақыты әлеуметтік желіде өтетінін ескерсек, құқықтық ақпаратты сол ортада тарату керек. Қарапайым тілмен жазылған посттар, қысқа әрі нақты видеолар, инфографика мен стористер арқылы заңды түсіндіру жастарға тез әрі жеңіл жетеді.

El.kz: Құқықтық сауат деңгейін көтеру үшін әрбір азамат не істеуі керек деп есептейсіз?

Қасиет Темірзахқызы: Құқықтық сауатты болу үшін әрбір азамат ең алдымен өз құқығы жайлы білуге ұмтылуы керек. Қандай құқықтарымыз бар, қандай заңдар бар, қандайын қабылдап жатыр, олар іс жүзінде қалай асырылып жатыр деген сұрақтарды жауап іздеу керек. Құқық – абстрактты дүние емес, ол тек заңгерлерге немесе мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, әрбірміздің күнделікті өмірімізге тікелей қатысты екенін түсінуіміз керек.
Сондықтан жаңалықтарды оқуға, заңдар мен құқықтар туралы түсінікті материалдарға көңіл бөлу маңызды. Осы салада жұмыс істейтін ұйымдарды, мамандарды немесе журналистерді бақылап отыру арқылы пайдалы ақпарат алуға болады. Олар құқықтық мәселелерді қарапайым тілмен түсіндіріп, нақты мысалдар арқылы көрсетіп отырады.

Ең бастысы өзіңізге мынадай сұрақ қойып үйреніңіз. «Менің құқығым бұзылды ма? Егер бұзылса мен не істей аламын?».

El.kz: Қасиет ханым, сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға