Құмды дауыл салдарынан екі мыңға жуық адам медициналық көмекке жүгінді

Ирактағы құмды дауыл салдарынан екі мыңға жуық адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Иракта соққан күшті құмды дауылдың салдарынан елдің орталық және оңтүстік аймақтарында тыныс алудың қиындауына байланысты 1 800-ден астам адам зардап шекті. Бұл туралы Asharq Al-Awsat басылымы хабарлайды.
Ирак денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, дүйсенбі күні тіркелген табиғи апат тыныс жетіспеушілігіне әкеліп, мыңдаған адам ауруханаларға жүгінуге мәжбүр болған.
Құмды дауылдың салдарынан Наджаф пен Басра қалаларындағы екі халықаралық әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Сарапшылардың айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты Ирактағы шаңды дауылдар алдағы уақытта жиілей түсуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл елді климаттық өзгерістердің кейбір аспектілерінен ең көп зардап шеккен бес мемлекеттің қатарына жатқызады.
