Құлробот зор роботқа айнала ма?
Адамзат өміріне роботтехнология дендеп еніп, қызмет көрсететін барлық салада роботтар өнімділікті арттырып, адамдардың орнын алмастыра бастады. Әсіресе оларды ауылшаруашылығы, медицина, білім, журналистика, ғарышты зерттеу, қызмет көрсету және т.б. салалардан көруге болады. Содан роботтар адамға айнала ма деген сұрақ шықты. Қазір адамзатты толғындыратын сұрақтың бірі осы.
ДАМУ ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Түрлі функциялық міндетті атқаратын роботтардың мән-мағынасын ашу үшін жасанды интеллекті не үшін керек? Соңы анықтап алу маңызды. Ол – мәліметтерді қабылдап, солардың негізінде белгілі бір қорытынды жасайтын әдістер мен модельдер жиындығын құрайды.
Енді құлроботты дамыту идеясы қашан, қалай басталды? Соған тоқталсақ...
1920 жылы чех авторы Карел Чепаканың пьесасында «робот» сөзін алғаш рет қолданып, фабрикада ешқандай адамның қатысуынсыз өздігінен жұмыс істейіні туралы жазады. 1924 жылы Карел Капек Лондон театрында «Әмбебап роботтар» пьесасын қойды. Қойылым көрермендерді таң қалдырып, «робот» сөзі қолданысқа енді. 1927 жылы Нью-Йорк қаласында америкалық инженер Д.Уэксли дүниежүзілік көрмеде қарапайым ғана қимылдарды орындайтын алғашқы роботты таныстырды. 1928 жылы сөйлеп, қозғала алатын «Эрик» роботын таныстырды. Бұл оқиға Еуропа мен АҚШ сенсация тудырды.
1943 жылы кибернетиканың негізін қалаушы Макколлок пен математик Питтс Жасанды нейрондық желі тұжырымдамасын ұсынды. Бір жылдан кейін ғалым Джон Нейман барлық заманауи компьютердің негізін құраған архитектурасының нұсқасын жасаса, жазушы Айзек Азимов робототехниканың үш заңын айқындады. 1948 жылы Норберт Винер тәжірибелік робототехниканың негізін құрайтын кибернетиканың қағидасын тұжырымдады. 1950 жылы Алан Тьюринг ғылыми журналда интеллектуалдық шахмат ойынының талдауын жариялады.
Содан бері робот техниканы жетілдіру жұмысы бір сәтке тоқтаған жоқ. Әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдары әлемдік державалардың ғылыми университеттері заманауи технологияны жетілдіруде бірқатар жетістікке жетті. Мәселен, орыс Дмитрий Поспелов пен Михаил Цетлин жасанды интеллект тәуелсіз құбылыс ретінде тақырыбына арналған түсіндірме сөздік, анықтамалықтар және көлемді ғылыми еңбек шығарды. Батыста 1965 жылы ағылшын тілінде сөйлей алатын Elisa Elamus деген робот жасайды. Бүгінде оны чат-бот деп атаймыз. Төрт жылдан кейін андроид Sheki пайда болады. Оның артықшығы жеке қозғалатын функция іске қосылды.
Бүгінде коммерциялық және индустриалдық робот өндірісі қарқынды дамығаны соншалықты, адамды алмастыра алатын жасанды интеллект илерін жасауға кірісті. Тіпті биотехнолог ғалымдар тірі жасушадан алғашқы роботтарды шығаруды жолға қойды. Бұл роботтар адаммен түрлі қатынасқа түсе алатынын айтады. Қазір Жапония мен Қытайда әйелдің орнын алмастыратын роботтарға сұраныс артты. Енді роботтар адамға айнала ма деген сауалдар алдымыздан шықты.
Әрине Қазақстанда робот технология қарыштап дамуда дей алмаймыз. Жасанды интеллект жасауда Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Еуропа елдері ашық бәсекеге түсті. Робот-профессор, робот-журналист, робот-хирург, робот-банкир, робот-құтқарушы, робот-аспазшы, робот-кітапханашы қызметіне кірісіп, адаммен бәсекелесуде.
АДАМ БА, РОБОТ ПА?
2015 жылы Қытайда құрастылған София тарихқа әлемде азаматтығын алған (2017 жылы) алғаш робот ретінде енді. Ол 2017 жылы астанада өткен ЭКСПО-ға келіп, арнайы қонақ болғанын да айтуымыз керек.
Халықаралық гроссмейстер Гарри Каспаров:
– Егер интеллектуалды машина шахматтың ең үздік ойыншыларын жеңсе, онда ол жақсы музыканы шығара алады, тіпті жақсы кітапты жаза алады. Мен бұған сене алар емеспін, – деген сөзінің жаны бар. Қазір белгілі бір фунциялармен бағдарланған робот адамнан бірнеше есе өнімді жұмыс істейтінін дәлелдеуде. Роботтар арасында футболдан Әлем чемпионаты тұрақты өтетінін жақсы білеміз.
Озық елдер мен алпауыт компаниялардың робототехникаға деген қызығушылықты арттырып, ғарыш пен жер қыртыстарын, Антарктида мен Солтүстік мұзды мұхитты зерттеуде, ақылды қала технологиясын дамытуда негізгі құралға айналды.
Расында, озық технологиямен жасалған жасанды интеллектінің мүмкіндігі артып, медициналық робототехника кеңінен қолданыла бастады 2000 жылы АҚШ-та ең алғашқы робот-хирург өндіріске енгізілгелі бері Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Еуропа елдерінде революциялық технологияны игеруге қызығушылық барынша артты. Мәселен, Израильдегі робот-хирург Da Vinci дәрігерлерге ең күрделі хирургиялық операцияны дәл және ауыр асқынусыз жасауға көмектеседі. Бүгінде бұл робот хирургияның синониміне айналды. Себебі, әлем бойынша Da Vinci 7 миллоннан аса операцияға қатысып, отаның сәтті өтуіне жәрдемдесті. Бір ғана Ресейде хирургтардың бақылауымен Da Vinci 13 мыңнан аса адамға ота жасалды.
Жапонияда – IBIS, Кореяда – Vinci Si робот-хирургі кең танымал. Ол – ол ма, АҚШ-тың Джонс Хопкинс университеті құрастырған Smart Tissue роботы дәрігерлердің араласуынсыз операцияны сәтті өткізді.
Тәжірибе көрсеткендей, роботтар медицина саласынан бөлек, білім беру, ағарту қызметінде де бой көрсете бастады. Дүние жүзіндегі алғашқы робототехника мұғалімнің бірі – Saya. 2009 жылы жапондық 5 сынып оқушыларына жаратылыстану және технология сабағынан берді. 2011 жылы Оңтүстік Кореядағы балабақшаларда Kiro роботы балаларға танымдық тәрбие беруге кірісті. 2017 жылы Гонконгтың «Hanson Robotics» инженерлік және робототехника компаниясы миды жаттықтырып, ғылымға үйрететін «Профессор Эйнштейн» роботын іске қосты. Жасөспірімдерге математика және жаратылыстану пәнінен мол ақпарат беріп, сондай-ақ интерактивті сабақтар, ойлау эксперименттерін және ақыл-ой жаттығуларын тиімді бере алады. 2019 жылы Германиядағы Филипп Марбург университетінде ғалымның көмекші ассистенті ретінде Uki есімді робот жұмысын бастады.
АҚШ Әскери академиясы философиядан екі дәріс оқыған әлемдегі алғашқы робот-мұғалімді жасады. Android атауы – Bina48. Ғалымдар сабақ жоспары мен соғыс теориясы мен саяси философия бойынша деректерді Bina48 сайтына жүктеді. Олар уикипедиядағы деректерді оқымай, тек өзінің алгоритмін пайдаланатын роботты интернетке қоспауды шешті. Нәтижесінде андроид тек дәріс оқып қана қоймай, студенттердің сұрақтарына жан-жақты жауап бере алады.
«Студенттер сабақ қызықты болатынына сенген жоқ. Робот аудиторияның аурасын сезініп, дәрістің құрылымын қызықты өткізді. Курсанттар тіпті роботтың айтқанын жазып алды», – деді профессор Уильям Барри.
Жапон роботы жапондық, ағылшын роботы ағылшын тәрбиесімен жүктелетініне таң қала қоймаймыз. Демек, роботтар – сапалы білім берумен қатар, идеологиялық құрал бола алады.
Робот-мұғалімнің артықшылығы да көп. Біріншіден, әлем елдерінің бірнеше тілінде еркін сөйлеп, тілдесе алады. Екіншіден, жұмыстан сұранып, отбасылық мәселелерін айтатын адами фактілерден ада. Үшіншіден, әр оқушының қабілетіне, қызығушылығын анықтап, соған сай жұмысын үйлестіреді.
РОБОТ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН
Адамның ақыл-ой интеллектісін қажет ететін журналистика саласына роботтардың қаупі жоқ деп жүргенде, 2017 жылы Қытайда үлкен жаңалық орын алды. Робот-журналист Xiao Nan 300 иероглифтан тұратын мақаланы бір секунтта жазып, оны Southern Metropolis Daily газетіне жариялады. 2018 жылы Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі әлемде тұңғыш рет жаңалықтар жүргізетін роботты ұсынды. Отандық журналистикаға да роботтар келе бастады. Қазақстан ұлттық арнасында оператор-робот соның айғағы.
Елдегі роботтехнологияның дамуы туралы «ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының президенті Айжан Жекеевадан білдік.
– Федерация жұмысында төрт негізгі бағыт бар:
Біріншісі, жарыстық (спорттық) робототехника. Екіншісі, робототехника бойынша ғылыми-техникалық, шығармашылық жобалар сайысы. Үшіншісі, мектепке дейінгі робототехника (құрастыру негізі мен бағдарламалау дағдыларын және т.б. үйрету). Төртіншісі, оңалту робототехникасы (инклюзивті) арқылы ерекше білім беруге қажеттілігі және денсаулығы бойынша шектеуі бар адамдарды техникалық шығармашылық арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу.
Бүгінде Федерацияның бизнес сектормен өзара іс-қимыл жасау арқылы Қазақстан экономикасы үшін кадрлық резерв құру жөніндегі стратегиялық мақсатын жүзеге асырып келеді, – деді федерацияның басшысы.
Интернет ресурсының дамуымен бірген онлайн-сауда, онлайн-банк қызметі дамып, Telegram-боттар арқылы қажетті құжаттарды алу қолжетімді болды. Мұның өзі роботтың қызметі.
– Ел бойынша роботтар тау-кен өнеркәсібі, мұнай және уран өндіру, автомобиль өндірісі саласында кеңінен қолдыныла бастады. Жазда «Кентау трансформатор зауыты» АҚ бардық. Зауыттан трансформатор жинайтын роботты көрдік. Олар жұмыс өнімділігін арттырыпты. ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті болудың жолы – автоматтандыру және роботтандыру, – деді Айжан Жекеева.
Астана қаласы роботек мектебінің спорт бөлімінің басшысы Олжас Айтжановтың сөзінше, 2014 жылы отандық білім беру саласына робототехника келді.
– Роботтехнология IT және инженерия қиылысындағы жаңа бағыт. Бүгінде елдегі мектептерде робот технология үйірмесі бар. Онда роботтарды бағдарламалайтын конструкторлар арқылы құрастыруды үйренеді. Оның ең танымалы – LEGO Education. Жалпы робототехниканың дамуына мемлекеттік және жеке бастамалар ықпал етуде, – деді ол.
Роботек мектебінің өкілінен білім беру саласына роботтар қашан келетінін және оның тиімділігі туралы сұрағанымызда:
– Қазірің өзінде құрылыс жинақтарынан құрастырылған модель түріндегі роботтар білім беру саласында қолданылады. Мұндай модельдер балалар ойыншығы секілді көрінгенімен, олар механиканы, бағдарламалауды үйретуге және әртүрлі пәндер туралы білім алуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік роботтарға қарағанда арзан болғандықтан оқу процесіне жаппай таратуға мүмкіндік мол. Өнеркәсіптік роботтар сияқты қымбат құрал-жабдықтарды білім беруде жаппай пайдалану тиімді емес, – деп жауап берді.
P.S. Жаһанданған әлемде Жапония өркендеуінің бір сыры – роботтехнологияны қоғамның барлық саласында белсенді қолдануында. Бұл қатарға Корея мен Сингапурды да қосу керек. Демек, дамудың жарқын жолына түсеміз десек, IT және роботтехнологияны пайдалануымыз керек-ақ.