Жаңалықтар

«Қуатты аймақтар – қуатты ел»: Тоқаев жергілікті биліктің ықпалын күшейтуді ұсынды

«Қуатты аймақтар – қуатты ел»: Тоқаев жергілікті биліктің ықпалын күшейтуді ұсынды
Фото: t.me/aqorda_resmi 03.10.2024 11:38 496

Бұл туралы Президент мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет.

Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс. Біз «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сай жұмыс істеуіміз керек. Сіздер мұның маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әр депутат өз ауданын өркендетуге атсалысады деп сенемін, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға