Жаңалықтар

ҚР Президенттігіне үміткерлер насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр

Олар тұрғындармен кездесті
ҚР Президенттігіне үміткерлер насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр
Фото: kaz.elorda.info 23.10.2022 16:01 1877

ҚР Президенттігіне үміткерлер насихат жұмыстарын жүргізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz.

ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден Қоянды ауылының тұрғындарымен кездесті . Қосшы қаласындағы сайлаушылармен кездескеннен кейін, Қ.Әбден Қоянды ауылына барды. Ауыл тұрғындары елді мекендегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, су тапшылығы мен автобус бағдарларының сұрақтары көтерілді. «Осында келгелі су болған жоқ. Құдық қазып, су қайнатамыз. Келесі жылы бұл мәселе шешімін табады деп сенеміз. Сондай-ақ бізге қатынайтын автобустардың бағдарын базарға дейін жеткізу мәселесі бар», - деп ұсынды барлық тұрғындар.

Қ. Әбденмен кездескен аға буын өкілдері жастар тәрбиесіне де қатысты ойларын айтты. «Қазіргі жастар үлкендерді сыйламайды. Отбасыларда дәстүрлі тәрбие берілмейтіні байқалады. Біздің жастар қазір телефонға үңіліп, толығымен онлайн болып кеткен. Бұлай болмайды. Олармен жұмыс жүргізу керек», - деп жеткізді ақсақалдар мен әжелер.

Бүгінде Қазақстанда оқушы орындарының тапшылығы байқалуда. Бұл жөнінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев  Қарағанды коммерциялық колледжінің ұжымымен кездесу барысында мәлімдеді.

Колледж оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде үміткер білім беру саласында бірқатар мәселелердің барын атап өтті. Мәселен, педагогтерді олардың жұмысына қатысы жоқ шараларға күштеу мәселесі әлі де өз шешімін таппай келеді.

Сонымен қатар Нұрлан Әуесбаев ұстаздың ерен еңбегін лайықты бағалау қиындығын атап өтті. Кезінде британдық саясаткер Уинстон Черчилль мектеп мұғалімдерінің премьер-министрлердің түсіне де кірмейтін күшке ие екенін айтқан. Адами капиталдың сапасы білім деңгейіне байланысты – бұл экономиканың дамуына тікелей әсер ететін көрсеткіш. Білікті кадрларсыз дамыған мемлекет құру мүмкін емес.

Өз бағдарламасында Нұрлан Әуесбаев мектеп орындарының тапшылығы жас ұрпақтың жарқын болашаққа деген үмітін ұрлайтынын әділ атап өтті. Сапалы білім ала алмаған жастарымыз бәсекеге қабілетсіз болып, сәйкесінше жоғары деңгейде өмір сүре алмайды.

Сол үшін де, Президенттікке үміткердің пікірінше, білім беру саласына жыл сайын бюджеттен кемінде 5-7%-ы бөлінуі тиіс. Бұл инфрақұрылымды, жабдықты жоспарлы түрде жаңартуға, дәрігерлер мен педагогтердің жалақысын банк қызметкерлері деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді.

Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында олигархиялық экономикадан бас тарту, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру, парламенттік-президенттік басқару нысанына көшу секілді тармақтар да бар.

Кездесу барысында Президенттікке үміткер ЖСДП және партия жүргізіп жатқан жұмыс жөнінде бөлісті. Өз сөзінде үміткер сондай-ақ неолибералдық идеологияның уақыты өткеніне, әлемнің көптеген елдерінің қазірдің өзінде социал-демократияға көшкендігіне тоқталды.

Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев елордадағы «Шапағат» коммуналдық базарына арнайы барып, сауда нүктесінің тыныс-тіршілігімен танысты. Кандидат осы жерде күнделікті нәпақасын тауып жүрген сатушылармен, жұртшылықпен тілдесіп қана қоймай, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды.

Атқарушы билік мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын төмендетуге тырысқанына қарамастан, қымбаттылық қарқынын тежеу мүмкін болмай тұр. Жигули Дайрабаевпен және оның партияластарымен кездесуде жұртшылық азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды.

Жигули Дайрабаевтың айтуыншаауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына делдал көптігі себеп.

«Фермерлердің өнімді жинап болған соң оны сақтайтын қоймасы жоқ. Ақшасы барлар, бірақ ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқтар, осы өнімді арзан бағаға сатып алады да қалаға әкеліп, пайдасын қосып, сатады. Кімге сатарын білмеген шаруалар өнімдерін өздері жеткізуге тырысады. Ол өнімнің өзі жол бойы он рет тексеріліп, қаралады. Қалаға жетсе де, сатып алушылармен бетпе-бет кездесетін мына сіздерге дейін жете алмайды. Өйткені ортада көтерме делдалдар бар. Мінекей, далада өскен өнім осында жеткенше осылай талайдың жеміне айналады»,– дейді Жигули Дайрабаев.

Көпшілікті алаңдатқан мәселені шешу үшін ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту қажет.

Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылық өндірісін дамыта отырып, экспортқа да ерекше назар аудару қажет.

«Елдің агроөнеркәсіптік кешені үлкен әлеуетке ие болғандықтан, оның сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. Ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік бағамен сата отырып, біз өзіміздің шикізаттық өндірісімізді ынтыландырамыз, өңдеу кәсіпорындарының өндірісін арттырамыз. Жолға қойылған экспорт каналдары, ақыр соңында, біздің ауыл шаруашылығымызды дамытып, қайта өңдеуді жаңа белеске шығаратын факторға айналады»,–дейді Жигули Дайрабаев.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі тұстарымен танысқан көпшілік,бұдан бөлек өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Кандидат өз кезегінде ұстанымдары тек белгілі бір бағыттармен шектелмейтінін, осындай кездесулер барысында халық көтерген мәселелер де назарға алынатын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға