Жаңалықтар

ҚР ПІБ Медициналық орталығының 2024 жылғы басты жетістіктері қандай?

ҚР ПІБ Медициналық орталығының 2024 жылғы басты жетістіктері қандай?
Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы 06.01.2025 17:00 443

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуда көшбасшы орынға ие. Озық технологияларды енгізіп, медицинадағы үздік кадрларды біріктіре отырып, өңірлермен стратегиялық әріптестік құра білген Орталық Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Осы ретте Медициналық орталыққа ведомстволық тұрғыдан бағынысты кәсіпорындардың 2024 жылы жеткен жетістігінің бір бөлігіне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Ядролық медицина: онкологиямен күрестегі озық технологиялар

ҚР ПІБ Медициналық орталығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған бірегей препараттар шығарыла бастады. Олар импортқа тәуелділіктен арылтып қана қоймай, онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектеседі. Мәселен, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында 2024 жылы ПЭТ және КТ диагностикасына арналған үш жаңа радиофармпрепарат шығарылды. Атап айтсақ, 18F-FLT – сүт безі қатерлі ісігі, өкпе рагі, меланома және лимфопролиферативтік ауруларды ерте диагностикалауға арналса, 18F-FET – мидағы ісікті анықтайды. Ал 68Ga-FAPI радиофармпрепараты асқазан-ішек жолдарындағы, өкпе, бауырда пайда болып келе жатқан қатерлі өскінді ерте кезеңде анықтауға арналған. Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет Ядролық медицина орталығында сүйек метастазын емдеуге арналған «Самарий 153Sm-Оксабифор» радиоизотопы енгізілді.

Осылайша, шығарылатын препараттар саны 7-ге жетті, оның алтауы – циклотрондарда өндіріледі. Осы тұста айта кеткен жөн, мамандардың дерегінше, әлемдік тәжірибеде ядролық медицина орталықтары жылына көп дегенде екі түрлі препарат өндірісін игере алады екен.

Орталықтар мұндай препараттарды ПЭТ, БФЭКТ және КТ секілді жоғары дәлдіктегі диагностикалық процедураларды жүргізу үшін қолданады. Бір жыл ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 11 мың пациент Ядролық медицина орталығында диагностикадан өтіп, емнің тиімділігін бағамдай алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40% көп.

Медициналық орталық KAZTOX Бірыңғай ұлттық деректер базасын құру бастамасын көтерді

Қазақстанда «KazToxBase» деп аталатын алғашқы халықаралық тренинг орталығы және токсикологиялық ақпарат орталығы ашылды. Ол ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жанында жұмыс істейді.

Токсикологиялық ақпараттық орталықтың жұмысы пилоттық жоба шеңберінде жүргізіледі және TOXBASE халықаралық базасының деректерін пайдалана отырып, химиялық уланудың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша медицина қызметкерлеріне, токсикологтарға консультациялық көмек көрсету жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына негізделген. Бұл Қазақстанға медицина қызметкерлерінің химиялық улану мәселелері бойынша құзыретін арттыруға және оларды әлемдік тәжірибе мен халықаралық стандарттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді.

Келесі қадам – Қазақстанда химиялық заттар туралы ақпаратты жинау мен талдаудың негізгі құралы болатын KAZTOX бірыңғай ұлттық деректер базасын құру және интеграциялау. Ол төтенше жағдайларға жеделден қойып, медициналық мекемелер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы үйлесімді жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйенің арқасында азаматтардың денсаулығын қорғауға және экологиялық қауіпсіздікті сақтауға ықпал ететін жаңа ұлттық қауіпсіздік стандарттары әзірленіп, енгізіледі деген жоспар бар.

ИЕПТ нәрестелердің денсаулығын арттыру үшін қызмет етеді

Қазақстанда алғаш рет Даун синдромын ана қаны арқылы жүктіліктің 10-аптасынан бастап 99% дәлдікпен анықтауға болатын тест енгізді. Мұндай тестті ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында тапсыруға болады. Медорталық ауруханасы – ұрықтың хромосомалық ауытқушылықтарын ерте кезеңде анықтайтын инновациялық тестті енгізген елдегі алғашқы аурухана.

Зерттеу жүргізу үшін тек ананың қан үлгісі қажет, сол себепті бұл процедура толығымен қауіпсіз және инвазиялық араласуды қажет етпейді. Ол ана қанындағы ұрықтың жасушадан тыс ДНҚ-сын талдау технологиясына негізделген. Бұл әдіс Даун синдромын (трисомия 21) ғана емес, 18 (Эдвардс синдромы) және 13 (Патау синдромы) трисомия сияқты басқа да хромосомалық ауытқуларды, сондай-ақ жыныстық хромосомалармен байланысты бұзылыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Тесттің ерекшелігі – сезгіштік жоғары болғандықтан, жалған оң немесе теріс нәтиже қаупін азайтады.

Сарапшылардың пікірінше,мұндай тестілеуді Қазақстанда енгізу пренаталдық диагностиканы дамыту үшін өте маңызды.Тәсіл генетикалы қауруларды анықтау мүмкіндігін жақсартып қана қоймай, хромосомалық ауытқушылықтармен байланысты ауыр жағдайлардың санын азайтады,денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетіп, медициналық көмек сапасын арттырады.

Ұлттық госпиталь мен Медорталық ауруханасы Қазақстанда бірінші болып төрт мәрте JCI аккредиттеуінен өтті

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ауруханасы мен Ұлттық госпиталі JCI(Joint Commission International) аккредиттеуінен төрт рет өткен Қазақстандағы жалғыз көпсалалы медициналық мекеме атанды. Бұл медициналық қызметтердің жоғары деңгейде және халықаралық сапа стандарттарына сай екенін дәлелдеп тұр.

Ұлттық нейрохирургия орталығы сияқты басқа денсаулық сақтау мекемелері де 4 рет аккредиттелгенімен олар медицинаның бір бағытына ғана маманданған.

2024 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда тоғыз медициналық ұйым денсаулық сақтау саласында сапа мен қауіпсіздіктің әлемдік стандарты саналатын Joint Commission International (JCI) аккредитациясына ие. Елімізде мұндай мекемелердің болуы пациенттердің сенімін арттырып, медициналық туризмді дамытуға ықпал етеді.

Биоқауіпсіздік: СЭСО Қазақстандағы бірінші референс-зертхана мәртебесін иеленді

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы Биологиялық қауіпсіздік туралы заңды іске асыру шеңберінде бірінші болып биологиялық қауіпсіздік саласындағы референс-зертхана мәртебесін алды.

СЭСО-ның референс-зертхана мәртебесін алуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

СЭСО зертханаларының сынақ нәтижелерін ILAC (Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық қауымдастық) жүйесіне кіретін 112 ел мойындайды. Бұл Қазақстан бизнесін дамытуға сеп бола отырып,  кәсіпкерлерге экспорт кезінде өнімдердің қауіпсіздігін халықаралық растау және нысандарда өндірістік бақылау жүргізу үшін қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға