Жаңалықтар

ҚПЛ-дың 17-турына шолу: Көшбасшы тағы өзгерді

ҚПЛ-дың 17-турына шолу: Көшбасшы тағы өзгерді
Фото: qfl.kz 20.08.2024 19:19 633

Футболдан Қазақстан чемпионатында көшбасшы тағы өзгерді. 17-турдың қорытындысы бойынша алға үшінші жеңіске жеткен «Қайратты» шықты. Ел футболындағы осы және өзге де жаңалықтарға El.kz тілшісінің шолуын ұсынамыз. 

Соңғы турдағы айқастар

17-турда Александр Кержаков жаттықтыратын «Қайрат» командасы сырт алаңда «Қызылжарды» жеңді. Бірінші таймдағы жалғыз голды Андрей Ульшин салды.

«Ақтөбе» болса қатарынан екінші рет тең ойнады. Дмитрий Парфеновтың командасы «Қайсармен» болған кездесуде минималды басымдықты сақтай алмады. Осылайша «Ақтөбе» алматылық «Қайраттан» 1 ұпай ғана қалып келеді.

Бірақ жоғалған ұпайлар бойынша көшбасшы «Ордабасы» саналады. Шымкенттіктер Қарағандыда нағыз мінез көрсетті. Себебі ойынның 14-минутында Сергей Малый алаңнан қуылса да, 10 ойыншымен 3 гол салып, жеңіске жетті.

«Ордабасы» үшін дубль жасаған Жасүрбек Яхшибоев 7 голмен Премьер-лига бомбардирлерінің жалғыз көшбасшысы атанды. Үздік үштікті қуып келе жатқан әзірге тек «Елімай».

Соңғы турда семейліктер «Тұран» қақпасына 6 жауапсыз гол салып, биылғы чемпионаттағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді.

Тағы бір ірі жеңіліс Талдықорғанда болды, онда қостанайлық «Тобыл» командасы «Жетісуды» сенімді түрде жеңді. Қостанайлықтар кестеде «Қайсарды» басып озып, 5-орынға көтерілді.

Көшбасышы «Қайрат»

«Қайрат» 17-ші турға дейін қатарынан екі ірі жеңіске жеткен еді. Александр Кержаковтың командасы өз ойынын тапқан сияқты. Осылайша чемпионат үшін күреске барынша кірісті. Алматылықтарды «Ақтөбеден» 1 ғана ұпай бөліп тұрған. Сөйтіп соңғы турда «Қайрат» солтүстікке «Қызылжарға» қонаққа барды. Дегенмен петропавлдықтар да жақсы қарқын алып, алматылықтарға оңай есе жіберетін команда емес еді. «Қайрат» алғашқы сәттен қарқынды шабуылдар ұйымдастырып, қарсыласты тығыраққа тіреді. Дегенмен матч есебі тек 40-минутта ашылды. Андрей Ульшин оң қапталдан келген допты қақпаға дәл бағыттады.

Екінші таймда алматылықтар ойынды бәсеңдетуге тырысты, ал петропавлдықтар шабуылда ештеңе көрсете алмады. Алайда ойынның соңғы минуттарында «Қызылжар» жеңілістен құтылуға мүмкіндік алды. Бірақ Юрий Бушман орындаған айып добы қақпа бағанасына тиіп, мүлт кетті. Ал төреші қосқан 7 минуттың біріншісінде Зоран Нижич екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін «Қызылжарды» жағдайы мүлдем қиындап кетті. Осылайша «Қайрат» минималды жеңіске жетіп, турнир кестесінің бірінші тармағына көтерілді.

«Қызылжар» - «Қайрат» - 0:1.

Гол: Андрей Ульшин, 40 минут (0:1).

Алаңнан қуылған: Зоран Нижич, 90+1 минут («Қызылжар»).

Үздік үштікке жақын «Елімай»

Семейлік «Елімай» соңғы турларда өз алаңында жеңіске жетсе де, сырт алаңда ұтылып жүр. «Қайраттан» жеңілгеннен кейін семейліктер өз алаңында «Тұраннан» басым түсті. Андрей Карповичтің командасы бұған дейін ірі есеппен жеңіске жетпеген еді, бірақ түркістандық командаға қарсы барын салды. Ойынның тағдыры бірінші таймда-ақ шешілді деуге болады. Себебі «Елімай» 15-минутта есеп ашты. Майкомның пасын сәтті пайдаланған Рейес семейліктерді алға шығарды. Қонақтар есін жиып үлгергенше, Дмитрий Шмидт қателік жасап, өз қақпасына гол әкелді. Матчтың 26-минутында есеп одан сайын ұлғайды. Рейес сол қапталдан доп алып, қорғаушыдан құтылып, Ислам Машуковқа нәтижелі пас берді. Ал ойынның 42-минутында Шина екі метрден гол соқса да, ол офсайдқа байланысты есептелмеді. Дегенмен бірінші таймға қосылған уақытта Рейес тағы бір соғып, дубль авторы атанды. Осылайша алғашқы кезең 4:0 есебімен аяқталды.

Екінші тайм да «Елімай» қарқынды үдетпеді. Сөйтіп таймның ортасында Шина өз мүмкіндігін мүлт жібермей, ақыры гол соқты. Осымен тоқтап қалмаған бразилиялық ойынша 86-минутта нәтижелі паспен де көзге түсті. Оның берген пасын Иван Свиридовты голға айналдырып, есепті 6:0-ге жеткізді. Осылайша «Елімай» 6 голмен шектеліп, жалпы турнирлік кестеде 4-орынға нық орнықты.

«Елімай» - «Тұран» - 6:0.

Голдар: Едарлин Рейес, 15 минут (1:0), Никита Корзун, 18 минут (2:0), Ислам Машуков, 26 минут (3:0), Едарлин Рейес, 45+3 минут (4:0), Шина, 72 минут (5:0), Иван Свиридов, 86 минут (6:0).

Чемпионның жағдайы түзелді

«Ордабасы» шілде айының соңынан бастап чемпионатта ойнаған жоқ, себебі бар назар Конференция лигасында болды. Алайда шымкенттіктердің еурокубоктағы жорығы армениялық «Пюник» командасында аяқталды. Осылайша Қазақстан чемпионы плей-офф кезеңіне де жете алмай қалды. Сондықтан «Ордабасы» сырттағы сәтсіздік үшін ішкі біріншілікте есе қайтаруды ойлады. Бірақ шымкенттіктер қарағандылық «Шахтерге» қонаққа барды, ал жеңіс «кеншілерге» де ауадай қажет еді. Кездесудің дебютінде қонақтар қауіпті шабуыл жасап, Артем Беседин айып алаңының сыртынан мүл кетсе, Ғафуржан Сүйімбаев допты дәл бағыттай алмады. Ал 14-минутта шымкенттіктер күтпеген жерден бір ойыншысынан айырылып қалды. Сергей Малый айып алаңындағы стандарт кезінде «Шахтер» қақпашысын ұшырып түсірді. Осы әрекеті үшін төрешіден тікелей қызыл қағаз алды. Алайда қонақтар берілген жоқ, 10 ойыншымен қалса да, 35-минутта есеп ашты. Жасүрбек Яхшибоев допты оң жақ шеттен алып, айып алаңға кіріп, гол соғып кетті.

Кездесудің екінші жартысының басында «кеншілер» есепті теңестірді. Шабуылды оң қапталдан бастаған Милан Джокич орталыққа қарай ойысып, екі қорғаушының ортасынан өтіп кетіп, гол соқты. Есеп - 1:1. Алайда 58-минутта қонақтар тағы да алға шықты. Беседин қақпашымен бірге бір шығып, есепті 1:2 қылды. Қарағандылықтардың өздеріне келем дегенше үшінші гол өткізіп алды. Яхшибоев орталықтан айып алаңына кіріп, қорғаушыдан өтіп дубль жасады. Алайда 77-минутта алаң иелері интриганы қайтарып, есепті 2:3-ке жеткізді. Гол авторы алаңға енді ғана шыққан Беларусь құрамасының ойыншысы Дмитрий Лисакович. «Шахтер» тең есепті де жұлып алуы мүмкін еді, бірақ Имеда Ашортия қақпа алдынан мүл кетті. Осылайша «Ордабасы» өте қажетті 3 ұпайға қол жеткізіп, чемпионаттағы жарысқа қосылды.

«Шахтер» - «Ордабасы» - 2:3.

Голдар: Жасур Яхшибоев, 35 минут (0:1), Милан Джокич, 51 минут (1:1), Артем Беседин, 58 минут (1:2), Жасүрбек Яхшибоев, 61 минут (1:3), Дмитрий Лисакович, 77 минут (2:3)

Алаңнан қуылған: Сергей Малый, 15 минут («Ордабасы»).

Көш басындағы «Ақтөбе»

Конференция лигасынан шығып қалған «Ақтөбе» де ішкі біріншілікке ден қойды. Бір апта бұрын 14-турдың кейінге қалдырылған матчында Дмитрий Парфеновтың командасы қонақта «Атыраумен» (1:1) тең ойнап, «Қайраттан» 1 ұпайға ғана алыстап кеткен еді. Соңғы турда «Ақтөбе» басқаларға қарағанда кеш ойнады, сондықтан ол «Ордабасы» мен «Қайраттың» жеңісі туралы жақсы білді. Көшбасшыға бірінші алтылыққа енген қызылордалық «Қайсар» қарсы тұрды. Бірінші тайм ақтөбеліктердің толық басымдығымен өтіп, 22-минутта Арман Кеңесов оларды алға шығарды. Бірақ осыдан кейін ойын қарқыны төмендеп, 60-минутта Горан Милойко есепті теңестіріп кетті. Осыдан кейін «Ақтөбе» қайтадан бар күшін салып шабуылдады, бірақ есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша олар көш басынан түсіп қалып, 2-орынға тұрақтады.

«Ақтөбе» - «Қайсар» - 1:1.

Голдар: Арман Кеңесов, 22 минут (1:0), Горан Милойко, 60 минут (1:1).

Өзге де ойындар

Жеңістің дәмін татпай жүрген қос ұжымның арасында тартысты ойын күтілген еді. Себебі, «Жетісу» осы маусымда өз алаңында «Астана», «Ордабасы» сынды әлдеқайда мықты қарсыластарға әжептеуір қарсылық көрсеткен еді. Алайда матч ойдағыдай болмады. Қонақтар жылдам гол соғып кетті. Бірінші таймның аяғында Ислам Чесноков пенальтимен есепті де арттырып кетті. Өкінішке қарай, трансфер кезеңінде құрамадан кеткен біршама көшбасшылардың орны білініп, «Жетісу» мардымды жауап қата алмады. Ал 49-шы минуттағы Исламның голы ойын тағдырын шешті деуге болады. Осылайша, «Тобыл» 1,5 айдан кейін ғана сырт алаңда 3 ұпайға қол жеткізіп, ТОП-5-ке кірді. Бір ерекшелігі - «Жетісу» 8 жылдан бері өз алаңында қостанайлықтарды жеңе алмай келеді.

«Жетісу» - «Тобыл» - 0:3.

Голдар: Руй Кошта, 2 минут (0:1), Ислам Чесноков, 40 минутта пенальти (0:2), Ислам Чесноков, 51 минут (0:3).

Айта кетейік, осы тур аясында жоспарланған «Астана» - «Атырау» матчы елордалық клубтың Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты кейінге шегерілді. Премьер-лигасының 18-ші тур ойындары 24-25 тамызда өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға