Жаңалықтар

Қозы мен Баян – бүгінгі жастарға үлгі бола ала ма?

Қозы мен Баян – бүгінгі жастарға үлгі бола ала ма?
Фото: Коллаж El.kz 15.04.2025 11:33 538

15 сәуір – ұлттық ғашықтар күні. Қазіргі таңда бұл күн елімізде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні ретінде белгілі. Ал осыдан біраз жыл бұрын «Әулие валентин» күні тек ғашықтар ғана тойлайтын мереке еді. Бұл күндерге ұқсас мейрамдар, сәуір айының жылы күндерімен сәйкес келіп, қазақтың махаббат дастандарына негізделген ұлттық ғашықтар күні пайда болды. «Бүгінде бұл мереке қалай тойланып жүр, жалпы бұл күнді атап өту қажет пе?» деген сауал қоғам арасында талқыланып жүр. Осы ретте  El.kz тілшісі тарих ғылымдарының докторы Гүлзия Нәбиді аталған тақырыпқа қатысты пікірін сұраған еді.

 Бұл мереке тойлану керек пе?

Тарих ғылымдарының докторы Гүлзия Нәби, жастарға махаббат пен адалдықты насихаттайтын мұндай мерекелердің мәні терең болуы керек деп санайды. Алайда, оны тек мерекелік көңіл күймен ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтап, отбасылық тәрбие мен жауапкершілікті арттыратын мереке ретінде атап өткен дұрыс деп есептейді.

Мұндай дүниелерді өткізу үшін ұлттық құндылықтар мен отбасылық ұстанымдар, тәрбие бірінші орынға шығу керек. Жастарға заманауи мереке ретінде ұнауы мүмкін, бірақ олардың тағдыры мен бүгінгі күн арасы өте алшақ. Аты әдемі болғанымен, бұл бүгінгі күннің жақсы көру, сүю сияқты сезімдерді насихаттаудың негізі бола ала ма екен?  Салт-дәстүрді күшейту, ұлттық тәрбиені жолға қою, жастардың  жеке басы арқылы өздеріне, қоғамда жауапкершілік алу сияқты дүниелерді сіңірген абзал ма деп ойлаймын. Мен мұны бүгінгі күннің басты проблемаларын шешетін мерекеге жатқызбаймын, – дейді Гүлзия Нәби.

Тарихшы бұл мерекені жеңіл-желпі сезім мерекесі ретінде емес, оқу орындары арқылы танымдық, тәрбиелік тұрғыда өткізген дұрыс дейді. Сондай-ақ жастарға заманауи ретінде ұнайтын мерекелердің ішінен махаббат күні секілді мерекелердің астарында терең тәрбиелік мән жатуы керек екенін айтты.

Бұл мерекені жеңіл-желпі деңгейде ғана өткізбей, оқу орындары арқылы танымдық тұрғыдан, шынайы махаббат пен адалдықтың көрінісін сездіретіндей шаралар арқылы өткізсе құба-құп. Махаббат пен адалдықты, оның маңыздылығын насихаттау үшін тұлғалардың өмірі, әдеби мұралар, өнер туындылары, фильмдер үнемі білім орбитасының айналысында жүруі керек. Бұл мереке тек махаббат, сезім, сүйіспеншілік, адалдық сияқты адами құндылықтарға назар аудартуы мүмкін. Баянсыз махаббат көрінісі  ретінде  қабылдануы әр қилы болар. Алайда үлкен махаббат адамға деген махаббаттан бастау алады, – дейді тарих ғылымдарының докторы.

Ұлттық құндылық пен тәрбие бірінші орында

Гүлзия Нәби жастар арасында отбасылық жауапкершілік, ұлттық ұстаным, рухани тәрбие мәселелері әлсіз екенін айтып, бұл мерекенің басты мақсаты махаббатты терең түсіндіру мен ұлттық тәрбиені нығайту болу керек деп есептейді.

Дәстүрлі махаббат деген не?  Ондай  бар ма?  Әйелге, отанға, анаға, балаға деген махаббат өмірде үздіксіз жалғаса береді. Оның не екенін алғаш рет адамға ұқтыратын отбасы, ортасы және қоғам. Сондықтан бұл күн керемет бір сабақ береді деп ойламаймын. Қазіргі жастар мен аға буын арасындағы түсінік екі түрлі, ұстаным басқаша қалыптасуда. Отбасы құндылықтарына кереғар діни пікірлер мен ұстанымдар дендеп араласуда. Сондықтан рухани тініміз бен дініміз түзелмейтін болса, бір күндік махаббат мерекесі дәстүр сақтауға керемет идея деп ойламаймын. Ұлт, ұрпақ, мемлекеттік сана,  ұлттық пайым тәрбиелеу арқылы махаббаты мол адам тәрбиелей аламыз, – деді тарихшы.

Гүлзия Нәби жастардың қазіргі таңда қоғамдағы жауапкершілігін терең түсініп, өздерінің іс-әрекеттерін ұлттық дәстүрлер мен этикалық ұстанымдарға сәйкес қалыптастырулары керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл мерекелерді жеңіл-желпі деңгейде өткізу жеткіліксіз, оларды білім ордалары арқылы танымдық тұрғыда өткізу қажет.

Шынайы махаббаттың, адалдықтың мәнін ашатын шаралар арқылы жастарға ұлттық құндылықтарды таныту маңызды. Сонымен қатар бүгінгі күні қоғамда отбасылық құндылықтардың алатын орны мен мәні жоғалып бара жатқандығын, жастар мен аға буын арасындағы түсінік пен ұстанымдардың айырмашылығы көбейіп кеткендігін атап өтеді.

Ұлттық тәрбиені қайта жандандыру арқылы ғана біз ұрпақтар арасындағы байланыс пен рухани құндылықтарды сақтай аламыз. Махаббат пен адалдық тек қана бір күндік мереке арқылы емес, бүкіл өмірлік құндылықтар ретінде, отбасы мен қоғамның негізі ретінде тәрбиеленуі керек деп есептейді.

Қос ғашықтың махаббат дастаны

Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, Қозы мен Баянды бір-біріне атастыруымен басталады. Бір күні аң аулап жүрген Сарыбай ұлды болғанын естіп, қуаныштан жүрегі жарылып қайтыс болады. Ал Қозы мен Баян бір-бірін көрмесе де, бұрыннан махаббатпен байланысып, жүректерінде ынтызарлық сезімі бар еді. Көп уақыт өтпей, сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, ол Қозыны сүйіп жүрген Баянды жергілікті палуан Қодарға ұзатуды жоспарлайды. Бірақ Қодардың зұлымдығы мен қулығы, ақырында Қозының өмірін жалмап алады. Баян, өз ғашығын жер бетінде қайта тірілту үшін, Қодарға қулықпен басын алып, оны тұңғиыққа жібереді. Сөйтіп, Қозы үшін кек қайтарылады. Қыз өзінің ғашығының қабірінің басына келіп, өз қолымен өмірін қиып, сүйгеніне қосылады.

Әлкей Марғұлан бұл жырды «Мәңгілік жыр» деп атаған. Бұл қазақ халқының мақтанышы мен екі жүректің мәңгілік бейнесі болып табылады. Жырдың аяғы трагедиямен аяқталса да, оның мәні ғашықтардың бір-біріне деген адалдық, махаббат жолындағы құрбандықтары болып табылады.

Махаббат мерекесінің ресми мойындалуы

1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мәңгілік махаббат символы – Қозы Көрпеш - Баян сұлу күнін белгілеу туралы ұсыныс айтқан еді. Бастама қолдау тауып, 2011 жылы Қазақстанда ресми түрде Ғашықтар күні ретінде белгіленді. Негізгі мақсат — жастар арасында ұлттық махаббат символдарын насихаттау және махаббатты коммерциядан (мысалы, 14 ақпан Валентин күнінен) алыстатып, рухани-мәдени негізге көшіру.

Неліктен бұл жыр ерекше?

Қозы мен Баян – рухани тазалықтың, адалдықтың, шынайы махаббаттың символы. Бұл жыр — қазақ халқының махаббат жайлы түсінігін, салт-дәстүрін, өмірлік құндылықтарын танытатын рухани мұра.

Неге дәл 15 сәуір?

Аңыз бойынша Қозы Көрпеш пен Баян сұлуның қайғылы махаббат тарихы осы күнмен байланыстырылған. Бұл күні олардың шынайы сезімі мен адалдығы еске алынады.

Қалай атап өтеді?

Жастар арасында түрлі мәдени іс-шаралар, өлең оқу кештері, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Кейбір жұптар бір-біріне қазақи стильде сыйлықтар беріп, тойлап жатады.

Бүгінде бұл күн Қазақстанның әр өңірінде 15 сәуірде аталып өтіп жүр. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу — қазақ фольклорындағы ежелгі ғашықтар жыры. Бұл жырда Қозы мен Баянның бір-біріне деген шынайы махаббаты, олардың бастарынан өткен қиындықтар мен трагедия баяндалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға