Жаңалықтар

Қойшығара Салғараұлы: Қазақ ортанқол жазушыға зәру емес

Қойшығара Салғараұлы: Қазақ ортанқол жазушыға зәру емес
Фото: Жеке мұрағат 29.06.2023 18:14 2880

Жуырда ғана Астанада Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған тастаяқтан турнир өткен еді. Жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі турнирге бүгінгі таңдағы әдебиетіміздің аңыздары мен абыздары да қатысып, Ақселеу Сейдімбек туралы жылы естеліктермен бөліскен. Жай күнде қолға түсе бермейтін, түйір сөзі түйме алтын классиктердің әңгімесін тыңдап қалуға ынтықтық. Ақселеу Сейдімбектің үзеңгілес жолдасы болған Қойшығара Салғараұлының келуі зиялы қауымды желпінтіп тастады. Жазушы, тарихшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлының Ақселеу досы туралы айтқан естеліктерін ұсынамыз. 

Біз соғыстың қасіретін жүрегімізбен сезінген ұрпақпыз

Ақселеудің жасы менен кіші. Бірер жас кіші болғанымен екеуміз де кешегі соғыстың қасіретті жылдарын, бар қиындығын жүрегімізбен сезініп өскенбіз. Менің әкем де, оның әкесі де соғыста болды. Оның әкесі қайтпай қалды. Менің әкем келді. Бірақ өкпесінде снарядтың жарқышағы қалған, содан қайтыс болды. Мен Ақселеуді кейін таныдым. 1975 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Арқалықтан келдім. Ол 1976 жылы Қарағандыдан келді. Екеуміздің кабинетіміз қатар болды. Келгеннен кейін Ақселеу өзінің ерекше азамат екенін бірден көрсетті. Өйткені СҚ-да әскери тәртіп болатын. 9:00-де сіз өзіңіздің жұмыс орныңызда отыруыңыз керек. Сосын басы артық жүріс деген болмайды. Ақселеу Әдебиет және өнер бөліміне меңгеруші болып келді де сол тәртіптің бәріне өзгеріс енгізді. Бұрын үнсіз тұратын кабинет қазақ зиялыларының бас қосатын жеріне айналып кетті. Ғабит Мүсіреповтен бастап үлкен аты шулы ағаларымыздың бәрі, бүкіл артистер сонда келетін. Тіпті ғажабы Ақселеудің кабинеті филармонияға айналып кетті. Атақты екі әні «Дәурен-ай» мен «Сарыарқа» сол кабинетте туды. Сөзін Несіпбектің қалай жазғанын, әннің қалай туғанын, Жәнібектің қалай орындағанын, қандай түзетулер болғанының бәрі көз алдымызда өтті.

Ақселеу таза ұлтшыл азамат еді. Оның ұлтшылдығы – сол этностың, сол халықтың бір перзенті болған табиғилығынан гөрі бүгінгі халқының жай-жапсарын жете білген тереңдігінде. Үш ғасыр бойы бодандықтың азабын көрген, құлдық сана жайлаған халықтың бүгінгі ұрпағын сол құрсаудан шығару жолында өмірін арнады. Ол бізге келгенде есейіп келді. Менің одан жасым үлкен болса да ұғымым «журналист – партияның қолғанаты» деген ұғым болатын. Партия не айтты соны дұрыстап орындау керек. Мен соны орындап мақтау-марапат көріп жүрдім. Ақселеу келіп, әңгімелесе бастағаннан кейін бүкіл дүние өзгерді.

Ақселеудің есеюіне ерекше әсер еткен тұлға – Әлімхан Ермеков

Ақселеудің есеюіне ерекше әсер еткен мынандай жағдай болған. «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды обылысы бойынша тілшісі болып істеп жүрген кезі. Лениннің 100 жылдығы болады. Редакторы байланысқа өзі шығып, «Ақселеу, Қарағандыда Ленинді көрген, сөйлескен бір қазақ бар екен. Сен соны тауып газеттің бірінші, екінші бетін толық алатындай көркем очерк жаз» деп тапсырма берген. Ақселеу де ол кісінің кім екенін білмейді. Қарағанды университетінің ректоры Ебіней Бөкетовтің туған інісіндей болған. Сол кісілердің жол нұсқауымен әлгі адамның кім екенін біледі. Сөйтсе ол баяғы біздің шекарамызды дұрыстап белгілеп берген, Алаш Орданың белді мүшелерінің бірі Әлімхан Ермеков екен. Бүгінгідей Алаш туралы ашық айттырмайтын кез. Алаш туралы ештеңе білмейтін журналист Әлімханның алдына барады. Ленинді қалай көрдіңіз деген сияқты журналистік сұрақтармен сұхбат алып шыққан. Бірақ әңгімелескеннен кейін өте зерделі азамат екенін көрген Әлімхан Жайық Бектұровқа хабарласыпты. Жайық ағамыз да кешегі қуғын-сүргіннің тақсіретін көрген, лагерьде бірге болған, жазықсыз жапа шеккен кісі. «Әй, Жайық, тірі қалғандағы біздің міндетіміз не еді? Кешегі ағаларымыз, замандастарымыз, бауырларымыз, халқымыз жазықсыз құрбан болып кетті. Бүгін маған қазақтың бір зерделі азаматы келді. Жан-жақты білімді. Бірақ Алаштан түк білмейді. Осы баланы қолға ал» дейді. Содан кейін Жайық Бектұров Ақселеумен сөйлесіп өзіндегі Алаш қайраткерлерінің еңбектерін берген. Газеттің қиындылары, журналдарды, тығып сақтап қалған кітаптарды берген. Әрқайсысы туралы айтқан. Жай ғана қуғын-сүргін болды, аштық болды дегеннің мақсатты түрде жүзеге асқанын ұғындырған.

Атқызған да өзіміз, атылған да өзіміз

Үш жүз жыл боданда болыппыз. Соның алғашқы жүз жылында сырттан бізге қожа болған, ішкі тірлігімізге араласпаған. Ал қалғаны, әсіресе, XX ғасыр қазақ үшін қасіретті ғасыр болды. Қазақ қазақ болып ата-бабасы жаралғаннан бері көрмеген қиындығын, сұмдығын, қорлығының бәрін көрді. Аштығын да, қуғын-сүргінін де, жазықсыз халық жауы болып атылғанын да көрді. Не істесе де өзінің ақылымен істейтін, мынау халқыма пайдалы ғой, мынау маған ұят келтірмейді ғой дейтін қазақтың баласы ата жолын, салт-дәстүрінің бәрін қойып жоғары жақ не істе десе соны орындайтын болды. Ол тапсырманы жақсы орындағандар үкімет тарапынан барлық марапаттауға, құрметке ие болды. Қызметке алынды. Елдің қамын ойлайтын есті азаматтардың орнына тапсырманы бұлжытпай атқаратын, өзіндік ойы, таным-түсінігі жоқ адамдар билік басына келді. Осылардың қолымен халқым деген азаматтардың бәрін ұстатты, айдатты, атқызды. Бұның ең сұмдығы атқызған да өзіміз, атылған да өзіміз. Осы сана мен түсініктің бәрінен арылу үшін еңбек етуге тура келді. Сонда Ақселеудің еңбегін қарасаңыз бәрі қазақ. «Қазақтың ауыз әдебиеті», «Қазақтың ауызша тарихы», Қазақтың қара өлеңі мен бейпіл сөзіне дейін зерттеді. Сондағы мақсаты – қазақ халқының сыңар сабақ жібі де далада қалмауы тиіс. Керек не керек емесін ертең келген саналы, білімді ұрпақ өздері ашып алады.

Тарихтың дұрыс жазылмағанына көзім жетті

Мен екі жыл қой баққан адаммын. Мектеп бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының жастары сыныбымызбен ауыл-шараушылығына барамыз деген бастама көтеріп, соған айдады. Мен оған бармай жеке өзім қой бағып кеттім. Сәбеттің саясаты сол бір адамды үлгі қылып алға шығарады. Насихаттайды. Өтірік қолпаштайды. Мен сондайға іліктім. Мысалы, ақындардан Жамбылды шығарды, кеншілерден Стахановты шығарды, тіпті балалардың өзінен әкесін ұстап берген Морозовтарды да шығарды. Біздің қазақтың балаларын оқымасын деп, технологияға жоламасын деп, баяғы мал баққан қалпында қалсын деген ниетпен істеді. Менің санасыздығым – партияны таңдағаным. Ауылда жүргенде ептеп жазушылыққа талпындым да жабық конкурстарда бәйге алдым. Жаспын ғой, жазушы болып қалдым, енді Алматыға баруым керек деп ойладым. Алматыға келгенде мені жазушы деп іздеп жатқан адам жоқ екен. Ақыры журналистикама қайтып келдім. «Армандастар» деген повесть жазып әкелгем. Қой баққан мен жақсы білем. Үкімет табанын жерге тигізбейтін, қаны тамып тұрған тақырып. Өстіп жүргенде Ақселеумен кездестім. Ақселеу арқылы қазақтың маңдай алды азаматтарымен таныстым. Мен өз деңгейіме қарап өзімнің сорлап қалғанымды, таза мақау екенімді түсіндім де жанталастым. Алты жыл кітапханадан шықпай жұмыс істедім. Содан барып қазақ тарихының, түрік тарихының дұрыс жазылмағанына көзім жетті. Бұны мен істемесем басқалар істей алмайды деп жазушылығымды да тастап, босқа далақтамай тарихпен айналысып кеттім. Сөйтіп 40-тың үстінде кітап жаздым.

Қазақ ортанқол жазушыға зәру емес

Менің жазып жатқан тарихым қазір айтылмағанымен түбі бір келеді. Уақыт керек. Оны түсінетін де, бағалайтын да уақыт. Біз әлі күнге дейін отарлаушылар өзінің саясатына лайықтап жазып берген тарихын оқып келе жатырмыз. Тәуелсіздіктен кейін сол тарихты азат құлақ аңсайтын бостандық, еркіндік, тәуелсіздік деген тәтті сөздермен тұздықтап қайта беріп жатырмыз. Мен айтылмай қалған шындықты жаздым. Менде атам айтқан, әкем айтқан, біздің ауылдың бір шалы айтқан деген әңгіме жоқ. Ең мақтаулы деген, тарихқа танылған шетелдік ғұламалардың, тарихшылардың, ғалымдардың біздер туралы жазған еңбектерінен пайдаланып жаздым. Біздің тарихымыз үзік-үзік. Мен соның тұтас желісін тарттым. Қазақ атадан адам атаның жаралғанына дейін зерттедім. «Алғашқы адамдар қай тілде сөйлеген» деген кітап жаздым. Оны жазбақ түгілі әлі ешкім ойлаған жоқ. Өйткені пайдаланатын дерек жоқ. Біздің жалғыз сүйенетініміз – археологиялық қазба деректер. Қазба жұмыстардың тапқаны – адамның қаңқа сүйектері, олардың пайдаланған заттары, тас дәуірі, тас құралдар. Ал мұнда адам жоқ. Адам болмағаннан кейін оның кім екенін, кімнің ата-бабасы екенін ешкім білмейді. Менің осы тақырыпқа келуіме әсер еткен адам – Ақселеу.

Бір күні екеуміз сырласып арқа-жарқа болып отырғанбыз. Ақселеу айтты: «Қойшеке, біз осында тамақ асырауға келген жоқпыз. Екеуміз де жазушы боламыз ба деп келдік. Құдайға шүкір, жаман болған жоқпыз. 3-4 кітап шығардық. Бірақ сен де сөз танитын азаматсың ғой. Екеуміздікі де шедевр емес, ортанқол, ортанқолдан жоғарылау. Ал қазақ ортанқол жазушыға зәру емес. Жетіп артылады. Бізге керегі үш жүз жыл бодан болып, құлдық сананың дертіне дендеп шалдыққан ұрпақты тәрбиелеу үшін танымдық дүние керек. Мен байқап жүрмін, сен ізденіп жүрсің. Былай келісейік, бүгіннен бастап әдеби дүниені қояйық. Екеуміз де танымдық дүние жазайық» деді. Қол алысып, төс қағысып осыған келістік. Содан тартып Ақселеу өле-өлгенше бір де бір көркем шығарма жазған жоқ. Оның алдында ол түрік қағанатынан тартып циклді роман жазам деп дайындалып жүрген. Бәрін тастап осы танымдық дүниеге келді. Сөйтіп ол «Күмбір-күмбір күмбездерді» шығарды, мен «Алтын тамырды» шығардым. Осы «Алтын тамыр» мені халыққа танытты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға