Қосымша құн салығының шегі – 40 млн теңге, мөлшері – 16% болып белгіленді
Үкімет қосымша құн салығының мөлшерін 16% деңгейінде бекітуді ұсынды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Салық кодексінің бірінші оқылымында таныстырған премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
Оның сөзінше, қосылған құн салығы 16% болады. Қосылған құн салығы бойынша шек 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен кітап басып шығару, археология секілді салалар – қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Сонымен қатар, әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады, деді министр.
Серік Жұманғарин сондай-ақ, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болатынын жеткізді.
Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бойынша өзгеріс жоқ. Яғни, 70% жеңілдік қалады. Өндеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұл шешім ымыралы келісімнің нәтижесі. Егер, Осы жұмыстар ойдағыдай атқарылса болашақта жыл сайын 4-5 трлн теңге қосымша түсім болып, Ұлттық қорға тәуелділік азаймақ.