Қостанайда терроризм туралы жалған хабар берген оқушы анықталды

Қостанайда терроризм туралы жалған хабар берген оқушы анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Қостанайдағы сауда ойын-сауық орталығының әкімшісі белгісіз нөмірден жарылғыш зат орнатылғаны туралы SMS-хабарлама алған. Қауіпсіздік қызметінің бастығы шұғыл түрде тиісті органдарға жеткізіп, оқиға орнына дереу жеткен арнайы қызмет өкілдері ғимаратты және оның аумағын мұқият тексеріп шықты. Жарылғыш зат табылған жоқ.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы күдіктінің ізіне түсті. Ол – облыс мектептерінің бірінде оқитын 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім өз кінәсін мойындап, бұған дейін де осындай жалған хабарлама жасағанын растады. Атап айтқанда, 26 ақпанда ол Садчиков мектебінде бомба бар деп хабарлаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Кәмелетке толмаған оқушы мен ата-анасының, психологтың және әлеуметтік педагогтың қатысуымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Полиция терроризм актісі туралы жалған хабарламаларға байланысты азаматтарды сақ болуға шақырады. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс болып саналады және заң жүзінде жауапкершілік қарастырылған. Бұл талаптар кәмелетке толмағандарға да толықтай қатысты.
