Қостанайда бір күнде екі сәби терезеден құлады

Қостанай қаласында бір күнде екі сәби ашық тұрған терезеден құлап кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
30 маусым күні сағат 12:30-да бес қабатты үйдің үшінші қабатынан бір жасар сәби құлады. Оқиға кезінде ол ата-ананың қарауынсыз қалған.
Бала ауыр халде ауруханаға жеткізілді, - деді Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.
Сол күні сағат 20:20-да қаланың Уральская көшесіндегі бес қабатты үйдің екінші қабатынан екі жасар сәби құлап түсті. Ол бас сүйек-ми жарақатын алған. Қазіргі кезде балалар травматологиясында жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
ТЖД әдетте, балалар терезе алдына әртүрлі жиһаздарды қолдана отырып өз бетімен шығып алатынын, шыбын-шіркейге қарсы торға сүйеніп құлап кететінін ескертті.
