Жаңалықтар

Қостанай өңірінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беріле бастады

Қостанай өңірінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана  беріле бастады
Фото: Қостанай облысының әкімдігі 21.07.2024 02:30 729

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңа тұрғын үй беріле бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жаңа қоныстанушылардың қуанышына куә болды. Сапар барысында Қанат Бозымбаев Арқалық қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 50 пәтерлік көппәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта бірінші блоктың үшінші қабатқа және екінші блоктың бірінші қабатқа дейінгі қаңқасы бойынша жұмыстар орындалды. Бірінші блокта жылумен жабдықтау құбырларын төсеу жұмыстары басталды, еденді төсеу жұмыстары жүргізілуде, тас қалау арқылы панельдер аралық кеңістіктер салынды.

"Базис А" компаниясының өкілі Антон Борисов құрылыс жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын және мерзімінде аяқталатынын атап өтті.
Жангелдин ауданында Премьер-Министрдің орынбасары су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлер құрылысы жүргізіліп жатқан Көлқамыс ауылында болды. Жангелдин ауданы бойынша 41 тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде 19 үй Көлқамыс ауылында. Құрылыстың аяқталу мерзімі биылғы 31 шілдесіне жоспарланған.

Жангелді ауданының Тәуіш ауылында барлық құрылыс жұмыстары аяқталды. Қанат Бозымбаев Тәуіш ауылындағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған жаңа 22 үйдің кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты. Құрылыс жұмыстарын үш құрылыс компаниясы жүргізді.

Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендерге Қостанай қаласындағы жаңа үйлерден кілттер табысталды.
Қостанай ауданы Алтынсарин ауылында су тасқынынан зардап шеккен 21 отбасы жаңа үйлердің кілттерін алды. Қонай шағын ауданы мен Алтынсарин ауылында жеке үйлердің құрылысы толығымен аяқталды.

Қанат Бозымбаев Алтынсарин ауылындағы су тасқынынан зардап шеккендердің жөнделіп жатқан үйлерін де тексерді.
Жалпы, облыс бойынша тағы 46 жеке тұрғын үй мен бір көппәтерлі үйдің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, зардап шеккендер үшін 315 пәтер сатып алынды,815 үй жөнделді.Бұл пәтер сатып алу мен жөндеу жұмыстарының 100% құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты және барынша қолдау көрсетілуде. Биліктің, бизнестің және жергілікті тұрғындардың үйлесімді жұмысының арқасында су тасқынының салдары қысқа мерзімде жойылады, - деп түйіндеді облыс басшысы.

Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарының аяқталуы, сондай-ақ зардап шеккендерге кілттердің берілуі Үкімет пен құрылыс компанияларының жұмысын ұйымдастыру мен үйлестірудің жоғары деңгейін көрсетеді, бұл табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй беру мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға