Қостанай облысында 5,1 млн га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

Биыл өңірде 5,1 млн га жерге жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 4,2 млн га, майлы дақылдар – 755 мың га, мал азықтық дақылдар – 133,2 мың га жерге орналастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
АШМ мәліметінше, 21 мың га жерге қарақұмық, 5,5 мың га жерге картоп егу көзделуде. Жаздық егіс үшін 818,8 мың га жерге пар дайындалды. Күзде 1,3 млн га алқапта топырақ өңделіп, 843,5 мың га жерге қар тоқтату жұмыстары жүргізілді.
Көктемгі егіс жұмыстарына 514,2 мың тонна тұқым дайындалған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының техника паркі 42 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасынан тұрады. Техниканың дайындығы толық қамтамасыз етілген, бұл егіс жұмыстарын 15-16 күн ішінде оңтайлы мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді, - делінген мәліметте.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 72,8 мың тонна дизель отыны бөлінді.
«Кең Дала» бағдарламасы аясында 30,9 млрд теңгеге өтінім беріліп, оның 14,5 млрд теңгесі игерілді.
«Тобыл» ӘКК» АҚ арқылы 20,1 млрд теңге сомасына кредиттік желі ашылды. Қазіргі таңда 21,2 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 11,6 млрд теңге берілді.
