Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы тағайындалды
Ішкі істер министрінің орынбасары Қостанай облысы Полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қостанай облысының активіне және жеке құрамға ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха өңірдің жаңа полиция бастығын таныстырды. ҚР Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша министрдің бұйрығымен Қостанай облысы ПД бастығы лауазымына Ерлан Жұмасейітұлы Файзуллин тағайындалды.
Ішкі істер органдарында ол 1995 жылдан бастап қызмет етеді. Жедел бөлімшелерде 27 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Тобыл өңірі оған жақсы таныс. Ерлан Жұмасейітұлы – Қостанай облысының тумасы. Ол осы өңірде полиция қызметіндегі еңбек жолын бастады. Жедел уәкіл лауазымынан бастап мансаптық өсудің барлық кезеңдерінен өтті. Қостанай облысы ПД Федоров ауданының полиция бөлімін 10 жылға жуық басқарды. 2012 жылдан 2017 жылға дейін Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Сондықтан ол аймақтың барлық проблемалары мен ерекшеліктерімен таныс, – деп атап өтті Игорь Лепеха жаңа бастықты активпен таныстыра отырып.