Жаңалықтар

Қосшыда қазақ боксының негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлының атына көше берілді

Қосшыда қазақ боксының негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлының атына көше берілді
Фото: qsport.kz 11.07.2023 12:55 1159

Ақмола облысының Қосшы қаласында қазақ боксының баһадүрі Шоқыр Бөлтекұлы атына көше берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шоқыр 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйінде оқып, орта мектепті бітірді.

Оқи отырыңыз:

Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы жарақаттанып елге оралады. Шоқыр Бөлтекұлы рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен. 1947 жылы Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітіреді. 50-ші жылдары Қазақ ССР-інің 3 рет чемпионы атанады.

1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтті. Оған 50 спортшы қатысқан. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер Одағының біріншілігіне Қазақ елінің құрама командасын Шоқыр Бөлтекұлы  бастап барды. Оның мектебінен Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдінәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секілді талантты шәкірттер тәрбиеленіп шықты.

Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында Алматы қаласында дүниеден озды.

Сондай-ақ Шоқыр Бөлтекұлының сүйікті жары, қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапаловаға да Қосшыдан көше берілді.  Екеуінің атындағы көше бір-бірімен қатар орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға