Жаңалықтар

Қосшыда көпбейінді жаңа аурухана салынып жатыр

Қосшыда  көпбейінді жаңа аурухана салынып жатыр
Фото: Ақмола облысының әкімдігі 22.01.2025 21:39 98

Қосшы қаласында көпбейінді жаңа облыстық аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Емдеу мекемесі 350 орынға шақталған және Қосшы қаласы мен елорда маңындағы жеті өңірдің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аурухана «Viamedis» компаниясының жеке инвестициялары есебінен бой көтеруде. 

Жобаның жалпы жеке инвестиция көлемі 28 млрд теңгеден асады. Оның 17 млрд теңгесі құрылыс жұмыстарына, ал 9 млрд теңгеден астамы аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Жаңа емдеу мекемесінің базасында ауысымына 1000 адам қабылдайтын емхана, сондай-ақ хирургия, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және химиотерапия бөлімшелері кіреді.

Аурухананың құрылысы екі бөлікке бөлінген – емхана және стационар. «Viamedis» ЖШС-нің бас директоры Әсет Ахметовтың айтуынша, негізгі құрылыс жұмыстары ақпан айының ортасына дейін аяқталады. Кейін 2025 жылдың мамыр айына дейін ғимараттың сырты мен аумағы абаттандырылатын болады.

Жыл соңына дейін қала тұрғындарына арналған емхана іске қосылады. Жоба бойынша стационар 2026 жылдың соңында іске қосылуы тиіс еді. Бірақ қазір біз жоспарланаған мерзімнен келеміз. Сондықтан 2026 жылдың үшінші тоқсанында стационарды ашуды жоспарлап отырмыз. Құрылыс материалдары бойынша жергілікті өндірушілермен жұмыс істеуге тырысамыз, - деді «Viamedis» ЖШС-нің бас директоры Әсет Ахметов.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарына екі жүзге жуық адам тартылған. Олардың қатарында «Viamedis» ЖШС-нің электригі Бахтияр Ыбырайұлы да бар.

Қазіргі кезде бетон плиталарды жылыту және біріктіру жұмыстарын атқарудамыз. Біз қаншалықты маңызды нысан салып жатқанымызды түсінеміз. Себебі аурухананы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салып жатырмыз. Сонымен қатар, 2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы. Сондықтан жаңа нысан сапалы салынуы керек, - деді Бахтияр Ыбырайұлы.

Еске сала кетсек, көпбейінді жаңа аурухана мен емхана салу туралы шешім 2024 жылдың маусым айында қабылданған болатын. Сол кезде Ақмола облысы әкімдігі мен «Viamedis» компаниясы арасында меморандумға қол қойылған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға