Қосшы қаласында 100-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлады
Еліміздің ең жас қалаларының бірі Қосшыда бүгін 93 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Көптен күткен пәтер кілттерін алғандардың қатарында көпбалалы аналар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-аналар мен толық емес отбасылар бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақмола облыстық әкімдігінің мәліметінше, жаңа пәтерлер мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында сатып алынды. Үйлер Қосшы қаласының келешегі зор аудандарында орналасқан және әлеуметтік нысандар мен қажетті инфрақұрылымға жақын жерде салынған.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарды құттықтай отырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыруға ерекше назар аударады. Облыста жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып келеді. Соңғы жылдары өңірдің тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, шамамен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 12 мыңға жуық ақмолалық отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді. Биыл біз барлық санаттағы азаматтарға шамамен 2 мың пәтерді табыстауды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті М. Ахметжанов.
Айта кетейік, өткен жылдан бастап тұрғын үй мәселесін шешудің тәсілдері өзгертіліп, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің қосымша шаралары енгізілді. Республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 850 пәтер сатып алуға қосымша қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Қосшы қаласында 180 жаңа пәтердің кілттері табысталды.
Соның нәтижесінде жыл ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған 2,5 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Бұл көрсеткішке 1,5 мың пәтердің құрылысы мен облыстың 10 өңірінде 850 пәтерді сатып алу арқылы қол жеткізілді. Жалпы, облыста 661 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 6,3 мың ақмолалық жаңа әрі жайлы пәтерлерге қоныстанды деген сөз.