Жаңалықтар

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық
Фото: ©El.kz/Мадина Асылбек 19.09.2024 11:01 4109

Қорғасты жоңғарлар «Түйенің керуен өткен жері» деп атаса, қазақтар «дәулет жиналған мекен» деп біледі. Қалай дегенмен бұл өңір сонау 1881 жылдан бері Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың орталығы болып келеді. Сөйте тұра соңғы он жылдағы Қорғастың даму қарқыны таңғалдырмай қоймайды. Екі ел шекарасындағы шағын қалашық қазір заманауи сауда-саттық, технологиялық даму және туристік орталыққа айналды. Соның арқасында бір кездері базардағы сауда нүктелерінің орнына алып сауда үйлері бой көтерген. Ал тауар түрі де, келушілер саны да күн санап өсіп келеді. Бұған Қытай елшілігінің БАҚ өкілдеріне арналған іссапарында көзіміз жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Қорғас» қытай-қазақ халықаралық шекаралас серіктестігінің орталығы Қытай мен Қазақстан басшыларының бастамашылдығымен 2003 жылы құрылған. Ұлттық деңгейдегі жоба – бұл екі ел арасындағы трансшекаралық экономикалық ынтымақтастықтың алғашқы аймағы.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Қорғас шекара бекеті Іле-Қазақ автономиялық округінің аумағында орналасқан және Алматы облысымен шектеседі. Сондықтан Қорғаста 86 мың халық тұрса, соның ішінде 13 ұлт бар, ал қазақтар саны 33 пайызды құрайды екен. Шекарадағы шаһарға сапарымызда бізді Қорғас қаласының Сыртқы істер кеңсесі меңгерушісінің орынбасары Назым Жамалбек күтіп алып, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы мағлұмат берді. Оның айтуынша, Қорғастан көлік арқылы да, пошта арқылы да – жалпы алты түрлі жолмен тауар тасымалданады. Күнделікті кіріп-шығатындар қарасы да қалың.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Сауда жасайтын адамдар саны өте көп, күніне шамамен 5 мың адам кіріп-шығады. Сауда жасайтындардың басым бөлігі Қазақстаннан, бірақ шетелден де келетіндер де аз емес. Карантин кезінде жабылып, былтыр қаңтардың 8-іне қайта ашылған. Азық-түлік, киім-кешек пен көліктерге сұраныс жоғары. Індеттің таралуына байланысты адам ары-бері жүрмесе де, сауда тоқтаған жоқ. Тапсырыстың бәрін түкпір-түкпірге жеткізіп отырдық. Қазір көліктер де әрі-бері еркін өте береді, - деді Назым ханым.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Суретте: Назым Жамалбек

Орталық іскерлік ауданның құрылысы 2006 жылғы маусымда басталып, 2012 жылғы 18 сәуірде ресми түрде аяқталды. Оның жалпы көлемі 5,6 шаршы шақырымды құраса, орталық алаң көлемі 3,43 шаршы шақырымға тең. Ал Қазақстанда аумағы – 2,17 шаршы шақырым.

Жергілікті тұрғындар негізінен саудамен айналысады. Кәсіпкерлер көп. Дүкен, асхана ашып алғандар келушілерге қызмет көрсетеді. Түнгі базар да бар. Туризмді дамытып жүргендер де аз емес. Одан қалды бау-бақшамен айналысып, жеміс-жидегін саудалайтын жерлестеріміздің де еңбегі орасан. Жемістің түр-түрі өседі. Көкөністеріміз бен жемістеріміздің дәмі тіл үйіреді. Қорғастың қызанағы мен алмасына қызығатындар көп. Таңертең ерте жинап алып кетеді де, түстен кейін сіздің дастарханыңызда тұрады. Себебі жеміс-жидектер басқа заттардан бөлек арна арқылы өтеді. Бұл олардың балғындығын сақтау үшін жасалған. Ал Алматыда жеміс-жидек сақталатын үлкен қойма бар. Биылдан бастап Жетісу облысымен келісімшартқа отырып, сол жақта да қойма салу жүзеге асырылмақ, - деп толықтырды сөзін Назым Жамалбек.  

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Айта кетерлігі, мұнда экспорт ретінде қарастырылатын жабдыққа салық салынады. Ал өңірдегі объектілерді өз бетінше пайдалануға арналған жабдық импорттау кезінде кедендік баждардан және қосылған құн салығынан босатылады. Жергілікті басшылықтың айтуынша, заттарды күніне бір рет тасымалдау құны әрбір адамға 8000 юаньды құрайды.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін, көлік жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрамыз. Биыл сіздерде су тасқыны болды. Сол кезде де Қорғас арқылы көптеген техника, құрал-жабдықтар мен материалдар өткізілді. Екі елдің компаниялары бірігіп жұмыс істеді, - деді кеңсе меңгерушісінің орынбасары.

Әлгінде айтқанымыздай, кейінгі 10 жылда Қорғас қарқынды дамып жатыр. Себебі 2014 жылдан бастап әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторлар тартыла бастады. Тиісінше қала экономикасы да жақсарды. Осы орайда біз Назым ханымнан жергілікті халықтың орташа жалақысы мен сол табысының қанша пайызы азық-түлікке кететінін сұрадық.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Жалақы мөлшері туралы нақты айту қиын, себебі айлық төленетін кезде оның қызметі, тәжірибесі мен білігі ескеріледі. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 6 мың юаньнан жоғары шығар. Бізде 5 мыңдай адам жұмыс істейді.

Ал азық-түлікке келсек, мысал ретінде айтып көрейін, егер қызметкердің айлығы 10 мың юань (шамамен 680 мың теңге) болса, соның 2 мыңы тамаққа кетеді, - деді ол.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Бүгінде шаһар Қытайдың өзге қалалары секілді технологиялық мүмкіндіктерімен де таңғалдыратын жағдайда. Қорғас цифрлық инфрақұрылымы жолға қойылған инновациялық орталыққа айналған. Тиісінше заманауи өмір сүру стандарттары толық сақталған. Ақылды қала жүйесі, жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін интернет пен өзге де технологиялық инновациялар қаланы туристер үшін де, инвесторлар үшін де тартымды ете түскені сөзсіз.

Қазақстан мен Қытай басшыларының арасындағы қарым-қатынас өте жоғары. Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіссөздерінің арқасында еркін саудағы қолайлы жағдай жасалған. Карантин кезінде Қазақстанға дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық жеткізумен айналыстық. Жалпы, Қорғас Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болып отыр. Айталық, жеңіл көлік, жүк көліктерін қосқанда, күніне 2,5 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Сондай-ақ бір күнде 18 вагоннан 40 пойыз қатынайды. Бізде бәрі цифрландырылған, келіп-кететін адамдар саны көп болғанына қарамастан, кептеліс немесе кезек деген жоқ, бәрі тез-тез өтеді. Көлік жақындағанда, ол туралы барлық ақпарат деректер базасында алдын ала шығып тұрады. Сонда шекарадан өту үшін небәрі 10 секунд қажет, - деді Назым Жамалбек. 

Одан қалды қалада тазалыққа да ерекше мән берілетіні көрініп тұр. Саябақтардың көптігі, велосипед жолақтары мен бақтар шаһардың көркіне көрік қосып тұрғандай.

Мұның бәрі ТМД елдерінен келушілер санының артуына ықпал еткен. Ерекше сауда орталықтары мен дәстүрлі жәрмеңкелер, шекара аймағына эксклюзивті турлар – Қорғастың туристер арасында танымал бағыттың біріне айналуына сеп болып отыр. Айтпақшы, Аспанасты елінің кез келген жерде өзінің тарихын, мәдениеті мен дәстүрін паш етуге деген құштарлығы осы шаһарда да тамаша көрініс тапқан. Туристер «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының маңындағы Қытай мәдени орталығына барып, осы елдің жүріп өткен жолымен және Қорғастың сауда-саттық алаңына қалай айналғанымен таныс бола алады.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Бұл мәдени орталық 2017 жылғы 8 сәуірде ашылған. Мұнда келушілер ежелгі қытай мәдениетімен жақынырақ таныса алады. Ал аумағы - 1500 шаршы метр. Аспанасты елінің тарихы тереңде жатқандықтан, оның бәрін бір мәдени орталыққа сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан мұнда тарихтағы ең маңызды дүниелер қамтылған.

Мысалы, залдардың бірінде жергілікті өнерпаздардың қолынан шыққан каллиграфиялық жазуларды көре аласыз.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Қытай каллиграфиясы мен кескіндемесі әлемдегі бірегей дәстүрлі өнердің қатарына жатады. Қытай кескіндемесі адамдардың табиғатты, қоғамды, саясатты, философияны, дінді, адамгершілікті, әдебиетті және өнерді бірегей қытайлық көркемдік құралдар арқылы түсінгенін және қабылдағанын аңғартады. Ол жұмсақ жібекке немесе күріштен жасалған қағазға салынған.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Қытай каллиграфиясы – қытай таңбаларының көркемдік көрінісінің ерекше түрі. Қытай каллиграфиясы жазуды өзінің ерекше қылқаламымен, құрылымымен және орналасуымен сұлулыққа толы өнер туындысына айналдырады, олар сөзсіз поэзия, қозғалыссыз би, сызбасыз суреттер және дыбыссыз музыка ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар мұнда Қорғастың серіктесі саналатын Сучжоу қаласынан әкелінген заманауи жібек өнімдерді көруге болады. Ал келген туристер қытайдың дәстүрлі киімі – ханьфуді киіп суретке түсе алады.  

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Мұражайда қытайлар ерекше мән беретін шай ішу мәдениеті де ерекше көрініс тапқан.

Сондай-ақ қытай аңыздары, философиясы жайлы сыр шертетін, қытайлық мерекелер мен ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге арналған залдар да бар.

Қорғас: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда, экономикалық және туристік орталық

Айтпақшы, Қорғасқа бару үшін ТМД елдерінің азаматтарына виза қажет емес. Ал Қазақстан азаматтары үшін жеке куәліктің өзі жеткілікті. Бірақ елімізде сағат белдеуінің ауысуы көршілес Қытай саудагерлеріне қолайсыздық тудырып отырған тәрізді. Себебі қазір екі ел арасындағы уақыт айырмашылығы – бақандай үш сағат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға