Қорғаныс министрлігі: Қазақстан әскеріндегі әлімжеттік жойылады
Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штаб департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, биылғы көктемде олар 18 000 адамды әскерге шақыруды жоспарлап отыр. Министрлік «әлімжеттік» ұғымының енді өзекті емес екенін айтады.
«Осындай фактілерді жою аясында біз алдағы уақытта шақырылған азаматтарды бір-бірінен оқшаулау керек деп шештік. Ендігі таңда аға – кішіге, кіші – үлкенге соқтығыспайтын болады», – дейді Руслан Омаров.
Кеше осыдан дәл бір жыл бұрын Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот ісі аяқталды. Ол Жамбыл облысына әскери борышын өтеу үшін барып, 4 күннен кейін жұмбақ жағдайда көз жұмған. Кінәлі деп айыпталған атыраулық сарбаз 9 жылға бас бостандығынан айырылды.