Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі мен Ақпарат министрлігі журналистерге арналған сабақтар ұйымдастырды

Қорғаныс министрлігі мен Ақпарат министрлігі  журналистерге арналған сабақтар ұйымдастырды
Фото: Қорғаныс министрлігі 21.02.2024 17:47 737

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде мемлекеттік органдар баспасөз қызметтерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдерімен оқу-әдістемелік семинар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әскери журналист қызметінің ерекшелігі және дағдарыс жағдайында коммуникация жасау – мұндай тақырыптар іс-шараға қатысушылардың назарын аударды.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов медиа-сектордың өкілдерімен кездесіп, семинарға қатысушыларға сертификаттар табыс етті. 

Дархан Ахмедиев Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі іс-әрекет жоспарына сәйкес өткізілген семинарда қаралған мәселелердің өзектілігін атап өтті. Мәдениет және ақпарат вице-министрі бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты - баспасөз қызметі, БАҚ және блог қауымдастығы өкілдерінің дағдарыс кезінде, төтенше жағдайлар және әскери қақтығыс жағдайындағы жұмысының ерекшеліктері мен іс-әрекеттері, олардың кәсібилігі мен жұмыс сапасын арттыру, сондай-ақ халықты нақты және уақытылы ақпаратпен қамтамасыз ету екенін жеткізді.

Коммуникация саласындағы сарапшылар журналистерге ақпараттық және қарсы насихаттау жұмысының түрлері, халыққа ақпараттық-психологиялық әсер ету әдістері, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмдері туралы айтып берді. 

Әскери қақтығыс жағдайындағы журналистердің жұмысына, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі кезінде халықты хабардар ету тәсілдеріне ерекше назар аударылды. 

Дәріс курсынан кейін әдістемелік сабақтар өтті. Оның барысында ТЖ режимі, жаппай тәртіпсіздіктер орын алғанда және терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта журналист жұмысының ерекшеліктері қаралды.

Қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы подполковник Руслан Жангулиннің айтуынша, семинар аясында ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ ақпараттық қарсы күрес мәселелері талқыланды. 

Әскери қақтығыстар туындаған кезде журналистерді сауатты іс-әрекетке дайындау тұрғысынан бізде жақсы тәжірибе жинақталды. Бірнеше жыл бойы экстремалды журналистикадан әскери дискурстар өткізіп келеміз. Далалық жағдайда журналистермен болуы мүмкін сценарийлерді пысықтадық. Бүгін семинарға қатысушылар журналисттің әскери қақтығыстар аймағында жұмыс істеудің ерекшеліктерімен танысты. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар баспасөз қызметтерінің өкілдеріне дағдарыс жағдайларында іс-әрекетті үйлестіру жөнінде ұсыныстар берілді, - дейді подполковник Р.Жангулин.

Қорғаныс ведомствосының өкілі одан бөлек қазақстандық журналистердің әскери сала мәселелерінен жеткілікті деңгейде хабардар болу мәселесі бар екенін атап өтті. Бұл тұрғыда бүгінгі таңда армия тақырыбына маманданған тілшілердің құзыреттілігін арттыру, Қарулы күштердің тыныс-тіршілігін – жауынгерлік қызметін неғұрлым кәсіби түрде жариялау үшін жағдай жасау үшін белсенді шаралар қабылдануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға