Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі әскерилердің жаңа киім үлгісін таныстырды

Қорғаныс министрлігі әскерилердің жаңа киім үлгісін таныстырды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі 23.01.2024 22:00 998

Қорғаныс министрлігі қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері үшін бірыңғай киім нысаны енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, енді әскери қызметшілер қаракөл жағалы қысқы куртканың орнына «Аляска» типті курткалар киеді. Жоғары офицерлік құрамнан өзге әскери қызметшілердің бас киімдері күнқағарсыз болады. Маусымдық күнделікті плащ камуфляж түсті далалық күртешеге, ал күнделікті свитер далалық свитерге ауыстырылады. Әскери қызметші әйелдер үшін пилотканың орнына кепи қарастырылған.

Жоғары офицерлік құрамнан, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің, Қарулы күштер Бас басқармаларының бастықтарынан, бас қолбасшылардан, қолбасшылардан және олардың орынбасарларынан өзге әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін китель, шалбар, жейделер, галстуктар алынып тасталды. 

Офистік киім нысаны тек басқару органдары, жоғары оқу орындарының тұрақты құрамы, әскери бөлім командирлері, олардың орынбасарлары және әскери қатынастар комендатуралары үшін күнделікті киім үлгісі болып айқындалады.

Қара түсті қонышы ұзын бәтеңкемен қатар тұрақты құрамға арналған құм түсті жазғы бәтеңкемен қамтамасыз ету де қарастырылған. Бұл нұсқа еліміздің географиялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ ыстық өткізбейтін және бүркемелеу қасиеттеріне байланысты. 

Оқи отырыңыз: 

Еске салсақ, әскери қызметшілердің барлық санаттарына арналған жаңа нысанды киім үлгілерін 2023 жылдың 5 мамырында өткен Бүкілармиялық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақұлдаған болатын. 

Қолданыстағы киім нысандары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қайта өңделді. 

Өткен жылдың 12 желтоқсанында ел Президентінің 2011 жылғы 25 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны мен айырым белгілері туралы» Жарлығына өзгерістер енгізілді.

Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке көшу 2024 жылдың төртінші тоқсанына, қалған заттарға көшуді үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға