Жаңалықтар

Қорғаныс министрі Абай өңірлік гарнизонында болды

Қорғаныс министрі Абай өңірлік гарнизонында болды
Фото: Қорғаныс министрлігі 15.08.2024 23:09 514

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов еліміздің шығыс өңіріне жұмыс сапары барысында бірқатар әскери бөлімдер мен нысандарда болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрінің Абай өңірлік гарнизонына сапары 74884 әскери бөлімі аумағындағы объектілер құрылысының барысымен танысудан басталды.

Содан кейін генерал-полковник Руслан Жақсылықов түраралық оқу полигонының әскери міндеттілер бақылау ату жаттығуларын орындап жатқан әскери атыс алаңына аттанды. Бұл кезде атқыштар кешенінде 35411 әскери бөлімінің әскери міндеттілерден жасақталған мотоатқыштар ротасының «Рота қорғаныста» тақырыбында роталық тактикалық оқу-жаттығуы өтіп жатқан.

Оқу полигонының танкодромында министр механикаландырылған бригадаға бекітілген резервтегі әскери міндеттілердің қатысуымен өтіп жатқан екі сатылы командалық-штабтық оқу-жаттығудың барысын қадағалады. Сонымен бірге қорғаныс ведомствосының басшысы 35411 әскери бөлімінің жауынгерлік машиналар паркін де қарап шықты.

Семей қаласында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери госпитальға барды. Содан кейін «Семей инжиниринг» АҚ зауытында болып, қорғаныс және азаматтық мақсаттағы өнімдерді әзірлеумен, өндірумен, жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорын басшылығымен кездесті.

Бүгін қорғаныс ведомствосының басшысы Алматы өңірлік гарнизонында жұмыс сапарымен жүр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға