Жаңалықтар

Қонайдағы қордаланған мәселенің шешілер түрі жоқ

Қонайдағы қордаланған мәселенің шешілер түрі жоқ
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 27.07.2023 19:03 472

Қостанай іргесіндегі Қонай шағын ауданы тұрғындарының шағымы азаймай келеді. Көбі «сақалды» құрылыстардың аяқталуын күтуден шаршаған. Енді біреулері өздері тұрып жатқан пәтерлердің сапасыздығын, коммуналдық ақаулықтарды мәселе етіп көтеріп отыр. Мектеп құрылысының баяу жүріп жатқаны тағы бар. Қонайға арнайы барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындардың арыз-талаптарын тыңдап қайтты.

Үш жыл бойы созбаққа түсіп, тіпті құрылысы тұралап тұрған үйлердің бірі – 82-ші ықшам аудандағы №5 баспана. Тұрғындар өтініші бойынша өңір басшысы ең әуелі осы ғимаратқа бас сұқты. Тәуір басталып, тәмамдалмай қалған нысанда жұмысшылардың қарасы көрінбейді. Облыс әкімін тек мердігер компания «Ақтөбе Сәулет» ЖШС басшысы қарсы алды. Баспананың қазіргі сапасы сын көтермейді. Әлден төбесінен су ағады, шатыры бүтін емес, жартысын жел ұшырып әкеткен. Ол ескі әдетіне басып, тағы уақыт беруін сұрады. Жыл соңына дейін аяқтап бермек. Бірақ тұрғындар оның уәдесіне әбден тойғандарын жарыса айтты. Өйткені олар ала жаздай бұл маңнан қыбыр еткен тіршілікті, бірде-бір жұмысшыны көрмеген. Ал мердігер барлық жұмыс күші көршілес №4 үйдің құрылысына жұмылдырылғанын алға тартып ақталғысы келді. Алайда наразы көпшілік мұның әншейін сылтау екенін айтып шуласып, аузын аштырмай қойды. Құмар Ақсақалов та осыдан екі ай бұрын мердігермен жүздесіп, уәдесін естіп кеткенін, одан бері түк тындырылмағанын бетіне басты.

Құрғақ уәдемен қашанғы алдайсың? Ешқандай жұмыс істелмей жатқаны көзге көрініп тұр емес пе! Ендігі қалғаны – сіздермен қатынасты үзіп, келісім-шартты бұзу ғана. Жылдың соңына дейін аяқтап беретіндеріңізге кепілдік жоқ. Екі ортада адамдар жапа шегіп отыр. Болды, әбден сенімнен шықтыңыздар, - деп тоқ етерін айтты Қ.Ақсақалов.  

Ал Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың пікірінше, егер қазір бұл мердігермен келісім-шарт бұзылса, жұмысты басқа компаниямен жалғастыру үшін тағы қыруар уақыт жоғалтуға тура келеді. Онымен қоса, осы ұйымның үстінен түсірілген шағымды сот негізсіз деп танып қабылдамай қойған. Бірақ өңір басшысы бұлармен қалайда ат құйрығын кесісуді талап етіп отыр. Өтірікпен «тойдырудан» ұялмайтын ұйымға бұдан былай сенім артуға болмайтынын, шұғыл түрде басқа мердігер табу қажет екенін төтелеп айтты. Негізінде, Қонайда жаппай үй салуға пәрмен берілгенде үш жыл бұрын бірінші болып нақ осы үйдің құрылысы басталған-ды. Бірақ бұдан кейін салынған баспаналардың бәрі пайдалануға беріліп, тек осы 5-үйдің иелері ғана әлі күнге ішіне ене алмай, сыртын айналсоқтап жүр...

Әне-міне пайдалануға беріледі делініп отырған №2 үйдің болашақ тұрғындарының да тағаты таусылуға айналған. Мәселен, Олжас Бердібаев есімді азамат пәтер жалдап тұруға қаржылық әлеуеті төмендей бастағанын айтып отыр. Ол үйдің нақты қашан берілетінін сұрап білгісі келді. «Отбасы банк» мамандарының түсіндіруінше, ол әлеуетті тұрғын есептелгенімен, пәтер бөлу процесі әлі жүргізілмеген, сондықтан әзірге меншік иесі саналмайды. Қазір үйді тапсыруға техникалық қадағалау қызметі бөгеу болып тұр. Өйткені бұл ғимаратта да аз-кем ақаулықтар бар.      

Бәрінің өзіндік заңдылығы бар, одан аттап өте алмаймыз. №2 үйдегі жұмыстың көбі бітіп, азы қалды ғой, сабырмен күтейік. Құрылысшылар енді бір ай көлемінде жұмыстарды толық аяқтайды деп ойлаймын. Әрине, сіздерді түсінемін, күтуден шаршадыңыздар. Шыны керек, біз де шаршадық. Бір ғана мақсатымыз бар – үй беру процесін жылдамдату, - деді облыс әкімі.

Басты қайғысы баспана кілтіне қол жеткізу болып жүрген азаматтардың өкпесі бір бөлек, ал осында тұрып жатқан адамдардың жекелеген арыз-шағымдары – өз алдына бір төбе әңгіме. Облыс әкіміне көкейдегісін айтуға көптеген тұрғын жиналды. Бірі әлі күнге дейін игілігін көре алмай отырған газдың қашан қосылатынын білгісі келеді, енді бірі қоқыс, қоғамдық көлік мәселесін алға тартты. Сондай-ақ, көптеген пәтердің терезелері өздігінен шытынап сынып жатыр екен. Тұрғындар бұл тұрғысында қайда, кімге жүгінерлерін білмей дал болып жүрген көрінеді. Мұның сыртында, тұрғындар үйлер алдындағы пандустардың көз алдау үшін салына салғанын, балалар ойнайтын бірде-бір алаңның жоқ екенін, судың жиі тоқтап, электр қуатының әлсін-әлсін ағытыла беретінін жарыса айтты. 900 орындық мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін бітпей қала ма деген алаңы бар кісілер де Құмар Іргебайұлына сауалдарын қойды. Олар оқушы балаларын Қостанай қаласына тасып жүруден қажыған. Қатынау жолы, тамақ шығыны үшін күніне 2-3 мың теңге шығарып отыруға мәжбүр. Ал соңғы рет тұрғындарға жаңа мектеп құрылысы биыл бітпей қалуы ықтимал екені хабарланып, үмітті жұрттың көңілі су сепкендей басылыпты. Мектеп құрылысына жауапты мердігер компания өкілдері осы жиын басында төбе көрсетті. Облыс әкімі оны сұрақтың астына алды.

Құрылысқа қажетті қаржыны толық алдыңдар ма, алдыңдар. Жоба құжатында көрсетілген мерзімде, яғни биыл жаңа оқу жылына дейін аяқтаймыз дедіңдер. Енді бітіріп жүрсіңдер? Қандай мәселе, қолбайлау бар? Не жетпейді? Егер кестеден кешігіп жатсаңыздар, оған тікелей өздерің кінәлісіңдер! Сондықтан жұмысты жеделдетіп, нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыруларыңды талап етемін, - деді Қ.Ақсақалов.

Өңір басшысы Қонайда расымен де проблеманың шаш-етектен екенін жасырмады. Ай сайын арнайы келіп, барлық мәселені жеке бақылауында ұстауға уәде берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға