Жаңалықтар

Қонаевта қазақтың үш тарихи тұлғасына мемориалдық ескерткіш ашылды

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті
Қонаевта қазақтың үш тарихи тұлғасына мемориалдық ескерткіш ашылды
Фото: gov.kz 24.10.2022 12:00 1025

Қапшағай су электр станциясының салынуына ықпал еткен Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров пен Шапық Шөкинге мемориалдық ескерткіш ашылды, деп хабарлайды El.kz әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Биыл аталған станцияның бой көтеруіне елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалар Дінмұхамед Қонаев пен Шапық Шөкиннің туғанына 110 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаны атап өту мақсатында олардың құрметіне Қонаев қаласында мемориалдық ескерткіш қойылды.

«Биыл Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдығымен қатар, Қапшағай су электр станциясы жобасының авторы, Шапық Шөкиннің 110 жылдығы және көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығымен ерекшеленіп отыр. Өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар азаматтардың еңбектеріне лайықты баға беріліп, мемориалды ескерткіш ашылды. Ата-бабамыз аңсаған егемендігіміз еңселі, болашағымыз баянды болсын!», - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

«Бұл жердің тарихы тереңде жатыр. Айта кетсек, Шапық Шөкин Іле арнасын бөгеп, ағысы қатты өзен бойында су электр станциясын салу керектігін айтып, үлкен жобаны қорғап шықты. Содан кейін бұл идея сол кездегі Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевқа ұнап, станция құрылысы басталып кетті. Ал алғашқы іргетасы 1969 жылы қаланғаны бәрімізге белгілі. Іле өзені бойында су электр станциясы салынып қана қоймай, қазірде облыс орталығына айналған қала бой көтерді», - деп станцияның салыну тарихына тоқталды Ерлан Қырқынбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға