Қолма-қол ақшасыз үй сату: Тұрғын үй саласындағы жаңа тәртіп

Қазақстанда тұрғын үй нарығында жаңа өзгеріс пайда болуы мүмкін. Енді Үкімет қолма-қол ақшамен үй сатып алуға шектеу енгізбек. Бұл қадам елдегі қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруға, салық түсімдерін көбейтуге және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Аталмыш өзгеріс тұрғын үй нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ете ала ма? El.kz тілшісі аталған өзгеріске қатысты жылжымайтын мүлік сарапшысы Эльмира Рақымжанның пікірін білді.
Министр Серік Жұманғарин Taldau Talks подкастында жаңа салық кодексінің жобасы туралы айтты. Оның мәлімдемесі бойынша, салық кодексінде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 12% көлемінде қосылған құн салығы (ҚҚС) енгізілуі жоспарланған. Бұған дейін мұндай салық болмаған. Министрдің айтуынша, басты мәселе жаңа салықта емес, құрылыс компанияларының жұмысын дұрыс ұйымдастыруда.
Тұрғын үй сату схемасын өзгерту
Ведомства басшысы құрылыс компанияларының пәтерлерді тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы сатуы керектігін мәлімдеді. Сонымен қатар пәтерлер тек Қазақстан азаматтарына сатылуы тиіс. Әрбір тұрғын үй кешені жеке жауапкершілігі бар серіктестік (ЖШС) ретінде тіркеліп, сату жеке кәсіпкер арқылы жүзеге асырылады. Бұл шара салық кодексі аясында шешілмек.
Әрбір тұрғын үй кешені жеке ЖШС болып тіркеледі, ал негізгі компания өзінің брендімен шығады, пәтерлерді сату жеке кәсіпкер арқылы жүзеге асырылады. Біз бұл мәселені салық кодексі аясында шешуді жоспарлап отырмыз. Құрылыс компаниялары пәтерлерді тікелей және тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысумен сату керек, – деді ұлттық экономика министрі.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) әсері
Министрдің айтуынша, 12% ҚҚС енгізу тұрғын үй бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Салық кодексінің жобасы қазіргі уақытта депутаттармен талқылануда. Бұл мәселені шешуге мұқият қарау қажеттігін атап өтті.
Қазіргі салық кодексінің жобасында 12% ҚҚС қарастырылған және бұл бағаның өсуіне әкеледі. Біз мұны депутаттармен талқылаймыз, сондықтан оған өте абайлап қарауымыз керек, – деді Серік Жұманғарин.
Құрылыс саласында тәртіп орнатуды талап ететін жағдайлар бар. Үкімет құрылыс саласына үлкен қаржы құйғанымен, кейбір құрылыс компаниялары пәтерлерді қолма-қол ақшамен немесе төмен бағамен сату арқылы бұл қаржыларды тиімсіз пайдаланады. Бұл салықтан жалтаруды және құрылыс саласында тәртіпсіздікті тудырады.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер
Жылжымайтын мүлік эксперті Эльмира Рақымжан құрылыс саласындағы тәртіпті қалыпқа келтірудің басты мақсаты екенін айтты. Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары пәтерлердің нақты құнын төмендетіп, салықтан жалтаруға тырысады. Осыған байланысты мемлекет құрылыс компанияларының салық төлеуін қадағалауды жоспарлап отыр.
жеке мұрағат
Қазіргі таңда мемлекет құрылыс саласына қыруар қаржы құйып отыр, бірақ пәтерлерді қолма-қол сату немесе төмен бағада көрсету арқылы бұл қаржының тиімді пайдаланылуына кедергі келтіретін жағдайлар орын алып жатыр. Әрбір құрылыс компаниясы жеке бренд болып табылады, ал әрбір тұрғын үй кешені жеке ЖШС ретінде тіркелген. Бірақ пәтерлер сату кезінде кейбір жеке кәсіпкерлер өздерінің (жеке кәсіпкерлік) атымен әрекет етіп, келісілген сату құнынан әлдеқайда төмен баға жаздырып, салықтан жалтаруға тырысады. Мысалы, 2 бөлмелі пәтердің келісілген құны 25 млн теңге болса да, нақты сату келісімшарты рәсімделгенде 15 млн деп көрсетіледі, бұл салықтан жалтару мақсатында жасалады. Бұл жағдай құрылыс саласында тәртіп орнатуды қажет етеді, – дейді жылжымайтын мүлік эксперті Эльмира Рақымжан.
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға тыйым салу
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларды енгізу арқылы, нарықтағы қаржылық операциялардың ашық әрі заңды түрде жүргізілуі жоспарланып отыр. Бұл шара салықты адал төлеуге бағытталған, алайда ол тұрғын үй нарығына әсер етіп, көптеген азаматтар үшін үй сатып алуды қиындатуы мүмкін.
Сарапшының сөзінше, Үкімет жоғарыда айтылған жағдайлардағы барлық процестерді қадағалап, тексеруді қолға алғысы келеді. Өйткені құрылыс компанияларына мемлекет үлкен қаржы бөліп, жәрдем берсе, әрі жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы халыққа көмек көрсетілуде.
Бірақ осы кезде құрылыс компанияларының салық төлеуден қашып, пәтердің нақты құнын жасыратыны туралы күмән туындап отыр. Мәселен 2 бөлмелі пәтердің келісілген құны 25 миллион теңге болса да, тұтынушы келісімшартқа қол қойғанда, оны 15 миллион деп көрсетіп, салықтан жалтаруға тырысады. Бұл жағдай пәтерді сатып алған клиенттің келісімімен жүзеге асады, себебі құрылыс компаниялары салық төлеуден қашуға тырысады, сатып алушы да клиент әдетте мұндай келісімге қарсы шықпайды. Олар бір жыл ішінде пәтерін қайта сатпайтынына сенімді болғандықтан, осындай келісімге баруға келіседі, – дейді сарапшы.
Нәтижесінде пәтердің бағасы 25 миллионнан 15 миллионға түсіп, мемлекет үлкен салық түсімдерінен қағылады. Осылайша бір пәтердің үстінен 10 миллион теңге жоғалады.
Сол себепті мемлекет осындай жағдайларды болдырмау үшін қолма-қол ақшамен пәтер сату мен сатып алуға шектеу қоюды көздеп отыр. Бұл шара арқылы тек банк арқылы төлемдер жасалып, нарықтағы қаржылық операциялар ашық әрі заңды түрде жүргізілетін болады, – дейді жылжымайтын мүлік сарапшысы.
Бұдан өзге Эльмира Рақымжан құрылыс компаниялары пәтерлердің үстінен 12 пайыз қосылған құн салығын төлейтінін, өйткені олар салық төлеуші болып табылатынны тілге тиек етті. Әсіресе ірі және күрделі жобаларды жүзеге асыратын құрылыс компаниялары осы салықты төлеуге мәжбүр екенін айтты.
Бұл өз кезегінде пәтердің құнын арттырады. Сонымен қатар салық кодексі бойынша компаниялар корпоративтік табыс салығын (КТС) да төлеуге міндетті, ол жылына бір рет төленеді. Осының бәрі құрылысшының шығындарын көбейтеді, нәтижесінде пәтердің бағасы қымбаттайды. Бұл құрылыс компанияларына үлкен қаржы жүктемесін салады және пайданың көп бөлігі салыққа кетеді, ал пайда азаяды. Осыған байланысты мемлекет құрылыс салушыларының жағдайын жақсарту үшін ҚҚС 12 пайызынан босатуды қарастырып отыр. Егер бұл шара іске асса және бақылау жүйесі дұрыс жолға қойылса, құрылыс салушылар үшін жағдай жеңілдеп, олардың шығындары төмендеп, құрылыс салу арзанға түсуі мүмкін, – дейді маман.
Сарапшының айтуынша, пәтерлерді қолма-қол сатып алуға тыйым салу қазіргі нарыққа теріс әсер етуі мүмкін. Өйткені өзі халықпен жұмыс істейтін адам ретінде көптеген азаматтарда яғни, артық несие алудың салдарынан қиындықтар туындап жатқанын айтады. Адамдар түрлі қажетті емес заттарға несие алып, сол себепті үй ала алмай жүр деп отыр.
Қолма-қол ақшаға үй сатып алу мүмкіндігі болмағандықтан, олар бастапқы жарнасы болғанымен де үй сатып алуды қиындық көреді. Егер адамның несие тарихы бұзылса немесе басқа да себептермен, олар банк арқылы үй ала алмайды. Ал мұндай адамдар үшін қолма-қол ақшаға үй сатып алу мүмкіндігі шектеулі. Бұл дұрыс емес деп санаймын, себебі адамдарға нақты мүмкіндік беру керек. Егер біреу банктен үй сатып алуға қабілетті болса, ол адамды қолдауға тырысуымыз керек. Десе де көптеген адамдар банк бағдарламасына өтпейді, олардың жағдайы тек қана төмендей береді. Сондықтан мен бұл шектеуді түсінбеймін, себебі бұл халықтың жағдайын одан әрі қиындатып жібереді, – дейді Эльмира Рақымжан.
Бұл жағдай тұрғын үй нарығына едәуір әсер етуі мүмкін екенін жеткізді. Үйдің бағасы арзандамайтынын өйткені еліміздегі инфляцияның жоғары деңгейі үй бағасына тікелей әсер ететінін айтады.
Әсіресе, үй сатып алушылардың саны бірнеше есеге азаюы ықтимал. Қолма-қол ақша арқылы үй сатып алу мүмкіндігі шектелсе, көптеген азаматтар үшін бұл процесс қиынға түседі, бұл өз кезегінде нарықтағы сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін, – дейді маман.
Жылжымайтын мүлік экспертінің сөзінше, статистика бойынша елімізде бір жылда 600 мың алты сатып алу-сату келісімшарттары жасалады. Егер бұл сатып алу-сату келісім-шарттарын әр айға бөліп тастағанда орташа есеппен айына 50-60 мың мәміле болады деп отыр.
Десе де қазір қолма-қол ақшаға үй сатып алу мүмкіндігі шектелсе, бұл жағдай автоматты түрде үй сатып алу мәмілелерінің санын бірнеше есе азайтуы мүмкін. Себебі әрбір адам несиеге үй сатып алуға өтпейді, кредитке мүмкіндік алғандар да аз. Сондықтан сатып алу-сату мәмілелерінің рәсімделуі айтарлықтай азаяды деп айтуға болады, – дейді ол.
Құқықтар мен таңдау еркіндігі
Үй сатып алу мәмілелерінің азаюы бұл экономикаға да әсер етеді. Егер нақты қолма-қол сатып алуды шектеу арқылы алаяқтық пен заңсыз әрекеттерге тыйым салу мақсаты қойылса, бұл да бір жағынан дұрыс болуы мүмкін екенін жеткізді.
Бірақ бұл өзгеріс біздің жылжымайтын мүлік нарығына үлкен әсер етеді. Адамдардың үй алу саны азаяды. Бұл жағдай әсіресе қарапайым халық үшін өте қиын болуы мүмкін. Жүз пайыз үйді тек қана кредит арқылы сатып алу керек деген пікірмен келіспеймін. Тек банктер арқылы сатып алу міндетті болуы керек деген ұсыныс менің ойымша дұрыс емес, – деді.
Сарапшы әрбір адамның таңдауға құқығы болуы керек. Егер адам нақты ақшаға үй сатып алғысы келсе, онда бұл мүмкіндікті қалдыру қажет. Ал егер ол банк арқылы үй алуды қаласа, оны да таңдауға құқығы болуға тиіс деп санайды.
Бірақ басты нәрсе – адамның құқығы бұзылмауы керек. Әр адам өз жағдайына қарай ең қолайлы тәсілді таңдай алуы керек, ешқандай шектеусіз. Сондықтан бұл мәселені шешкенде әр адамның таңдауы мен құқықтары толық сақталуы тиіс, – дейді жылжымайтын мүлік эксперті Эльмира Рақымжан.
Еске сала кетейік, салық кодексіне өзгерістер енгізу жобасы 20 ақпанда Мәжіліске ресми түрде ұсынылды. Негізгі өзгерістердің арасында ҚҚС мөлшерін арттыру, оның төлену шегін төмендету және шағын бизнеске қатысты жаңа шектеулер бар.
View this post on Instagram
