Жаңалықтар

Қоғамдық қорғаушылар түрмедегілерге телефон бермек болған

Қоғамдық қорғаушылар түрмедегілерге телефон бермек болған
Фото: Polisia.kz 07.02.2024 09:50 611

Республиканың екі тергеу изоляторында ұялы телефондарды алып өтуді жоспарлаған қоғамдық қорғаушылар ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

5 ақпанда Астананың тергеу изоляторында жедел бөлімнің қызметкерлері фронт-офис кабинетіндегі бейнебақылауды арқылы қоғамдық қорғаушының ұялы телефонды, құлаққапты, екі SIM-картаны және қуаттағышты сотталғанға беру фактісін анықтады. Сол күні Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №77 мекемесінде қызметкерлер қоғамдық қорғаушыны тексерген кезде аяқ киімінен телефон мен SIM-картаны тапты. Ер адам тергеу қамауына алынған туысына “тыйым салынған затты” беруді жоспарлаған.

Мобильді құрылғылар мен басқа да заттар тәркіленді. Қоғамдық қорғаушыларға қатысты әкімшілік материалдар жасалды. Сондай-ақ сотталғандарды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін материалдар толтырылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды бергені үшін ескерту немесе он АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеуші “қоғамдық қорғаушы” мәртебесін алу туралы қаулының күшін жоюға құқылы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық қорғаушылар тарапынан тыйым салынған заттарды жеткізудің 20-дан астам әрекетінің жолы кесілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға