Жаңалықтар

ҚМДБ домбыраға қатысты мәлімдеме жасады

ҚМДБ домбыраға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 10.09.2023 04:27 1196

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілерде ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты тараған видеоларға түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Әлеуметтік желіде кейбір іні-қарындастарымыздың «домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деген мағынада айтқан пікірі қоғамда түсінбеушілік тудыруда. Осыған байланысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар түсіп жатыр.

Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған.

Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек» (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады.

Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз, - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға