Жаңалықтар

QJ League турнирінің екінші маусымы аяқталды: марапаттау рәсімі қалай өтті

QJ League турнирінің екінші маусымы аяқталды: марапаттау рәсімі қалай өтті
Фото: qjl.kz 03.11.2024 21:49 495

Жасөспірімдер арасында өтетін QJ League турнирінің екінші маусымы өз мәресіне жетті. Биылғы аламанда да Алматының «Қайрат» клубы қарсылас шақ келтірмеді. Дәл осы оңтүстік астанада маусымның жабылу салтанаты өтіп, жылдың үздіктері марапатталды. Ал әр номинациялар бойынша оқ бойы озып шыққандарға сыйлықтарды футбол ардагерлері мен спорт саласының жұлдыздары табыстады. Тұңғыш рет ұйымдастырылған аламанның марапаттау рәсімінде маусымның жеңімпаз командасымен қатар жекелей номинациялар бойынша да үздіктер анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бастапқыда көпшілік күмәнмен қараған бұл жоба жастар үшін мол мүмкіндіктер көзіне айналып үлгергендей. Алғашқы маусымдағыдай емес, жас футболшылар бойында сенімділік, мақсатқа қарай нық қадам, жаңа есімдер пайда болды. Тіпті Almaty Theatre-де өткен марапаттау рәсіміне келген аяқ доп шеберлері де былтырғыдай емес, қызыл кілемнің үстімен сенімді жүріп өтіп, камераның алдында сұхбат беріп, суретке түсіп жатқанын байқадық.

QJ League президенті Рохус Шох турнирді ұйымдастыру деңгейін ұстап тұруға баса мән берілгенін алға тартты. Сонымен қатар биыл бірқатар жаңалық болғанын да қоса кетті.

Екінші маусым синдромы болғаны рас. Біз деңгейді түсіріп алмай, былтырғыдан жоғары өткізуге тырыстық. Мықты демеушілер келді. Әлемдік брендтердің қолдау көрсетуі лиганың мойындалғанын аңғартса керек. Түрлі даму бағыттарын көріп тұрмыз, бастысы, жаттығу процесіне жаңа әдістемелерді енгізіп жатырмыз. QJ League – бұл тек жарыс емес, бұл бапкерлер үшін жаңа тәжірибе жинау алаңы. Мұнда жаттықтырушылар, менеджерлер мен өзге түрлі мамандар біліктілігін арттырып жатыр. Өздеріңіз көргендей, олар осындай мүмкіндік берілгеніне қуанышты. Лиганың деңгейі, ойыншылар арасындағы бәсекелестік өсті. «Қайраттың» жеңімпаз атануы заңдылық, бұл жерде талай жылғы еңбектің жемісі деп айтуға болады. Бірақ QJ League өзге өңірлерді де футболды дамытуға ынталандырып отыр. «Тараз», «Астана», «Ордабасы», «Шахтер» клубтарының қарқынын көріп қуанамыз. Ақтауда QJ League үшін арнайы шағын стадион салынды, еліміздің өзге өңірлері де солардан үлгі алады деп сенемін, - деді Шох.

Әлгінде айтқанымыздай, осымен қатарынан екінші рет лигада «Қайрат» жеңіске жетіп отыр. Былтыр алматылық ұжым кәдімгідей текетіресіп барып топ жарса, биыл чемпиондық жолда аса қинала қойған жоқ. Маусым барысында 22 турда небәрі екі ойынды тең аяқтап, қалғанының барлығында қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Мұны «Қайраттың» бас бапкері Русланжан Раимбакиев те растап отыр.

Биылғы маусым былтырға қарағанда жеңілдеу өтті, себебі былтыр мен командаға маусым барысында қосылдым. Ал биыл қаңтар айынан бастап ұжымды толыққанды жаттықтырып, жеңімпаз атанатынымызды білдім. Бұл ұжымның өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым мықты болғанын сеніммен айта аламын. Өткен маусымда «Жас Қыраннан» жеңілсек, бұл жолы жеңіліс мүлде болған жоқ. Біздің балалардың арасында Чемпиондар лигасына қатысқандар бар, олар өздерін жақсы қырынан көрсетті. Сондықтан шәкірттеріммен мақтанамын, - деді Раимбакиев.

Айтпақшы, дәл осы маман «Үздік бапкер» номинациясында QJ League Awards жеңімпазы атанды. Бұл заңды да. Өйткені Русланжан маусым барысында көрнекті көшбасшылық қасиеттері мен стратегиялық ойлау қабілетінің арқасында командасын жеңіске жетеледі.

Кешке қонақ ретінде ардагер қақпашы Құралбек Ордабаев, футболдан еліміздің алты дүркін чемпионы, бүгінде «Астана» клубының техникалық директоры Самат Смақов, бапкер әрі Қазақстанның екі дүркін чемпионы Владимир Никитенко, танымал кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас, Париж олимпиадасында бақ сынаған семсерлесушілер, Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек секілді еліміздің көптеген спорт саңлағы мен блогерлер қатысты.

Осы орайда Самат Смақовтан аталған жобаның жас аяқ доп шеберлеріне не беретіндігін сұрадық.

Бұл өте ауқымды жоба. Бізде футболға қатысты айтылатын сын көп, бәрі футбол деңгейі қашан көтеріледі деп күтіп жүр. Негізінен жоғары деңгейге көтерілу үшін алдымен балалар футболын дамыту керек. QJ League басшылығы дәл қазір сол бағытта жұмыс істеп жатыр, олар футболдың болашағы үшін қыруар еңбек етіп жатыр. Себебі бірнеше жас деңгейіндегі балалар тұрақты ойын өрнегін көрсетіп жүр, бапкерлік штабтың ғана емес, өзге клуб басшыларының, жаттықтырушылардың көз алдында. Үлкен топтағы балалар қазір 16-17 жаста, тағы бірнеше жылда құрама сапында, ҚПЛ клубтарында ойнауы керек. Бірақ бұл жерде кімнің қаншалықты алысқа шабатыны әр баланың өзіне ғана байланысты. Олар алдағы уақытта еліміздің ғана емес, әлемдік деңгейдегі жұлдыз боламын десе, тынбай еңбектенуі қажет, бәрі өздерінің қолында. Оның үстіне QJ League басшылығы балаларға барлық жағдайды жасап беріп отыр. Мұндай жағдай Бірінші лига тұрмақ, премьер-лига клубтарының кейбірінде жоқ. Олар төрт немесе бес жұлдызды қонақүйде тұрады, өзге қалаларға ұшақпен ғана барады. Сондықтан адамдардың не үшін сынап жатқандығын түсінбеймін. Ең бастысы, осы жайттар балалардың басын айналдырып қоймаса болғаны. Басшылық қатысушылар ештеңеге алаңдамай, тыңғылықты жаттығуын жасап, ойындарға қиналмастан қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Балалар соның қадірін түсінбей, футболды екінші орынға қойған сәтте өздерінің футболшы ретінде болашағына балта шабады деген сөз, - деп пікір білдірді ол.

Ал жеңімпаздар 15 номинация бойынша анықталды. Соның ішінде үздік ұжым мен үздік сұрмерген ғана алдын ала белгілі болған. Жанкүйерлер «Қайраттан» бөлек маусым қорытындысында 28 матчта 25 гол соққан «Ордабасы» шабуылшысы Бағдаулет Нұралы QJ League Awards жеңімпазы атанатынын білді.  

Жалпы, Бағдәулет шабуылдарды аяқтауда шеберлік танытып, маусымның нағыз жұлдызына айналды. Мергендігі мен жылдамдығы, ойын алаңын сараптай алатындығы оны командасының шабуылдағы негізгі қаруына айналдырды.

Шыны керек, жасөспірімдер лигасының ұйымдастырылу деңгейі біз күткеннен де асып түсті. Алғашқы маусымнан бастап әр матч лиганың YouTube арнасында, одан қалды республикалық спорт телеарналарында тікелей эфирде көрсетіліп отырды. Ең бастысы, ойыншылардың алаңсыз жаттығуы үшін толық жағдай жасалды. Сондықтан оның өміршең болуы өте маңызды. Ардагер футболшы Самат Смақовтың да пікірі осыған саяды.  

Кішкентай кезімде футбол ойнаған кездерім есіме түседі. «Былғары доп» жобасында әртүрлі командалармен кездесулер өткіздік. Әр ойын сайын тәжірибең артады, дамисың, өсесің. Сондықтан QJ League-тің ғұмырлы болуы отандық футболдың болашағы үшін керек, - дейді Смақов.

Айта кетейік, марапаттау рәсіміндегі әр сыйлыққа еліміздің танымал футболшыларының есімдері берілген. Үздік сұрмергенге Евстафий Пехлеваниди, ал қақпашылар, қорғаушылар, жартылай қорғаушылар мен шабуылшылар арасында озып шыққандар тиісінше Александр Убыкин, Евгений Яровенко, Антон Шох пен Эдуард Сон атындағы марапттарға ие болды. Ал үздік гол және үздік сейв авторлары Асхат Тағыберген мен Игорь Шацкий атындағы сыйлықты алды.

Сонымен, қалған жеңімпаздар тізімі мынадай:

Сағадат Ыдырысов – «Үздік төреші», ал Серғали Оспанов «Үздік инспектор» номинацияларда QJ League Awards жеңімпаздары!

Маусым бойы тамаша ойын мен реакциясын көрсеткен Ян Лалов «Үздік қақпашы» номинациясында QJ League Awards жеңімпазы атанды. Оның керемет сейвтері командасының берік қорғанысы екендігін дәлеледі.

Ал маусым бойы керемет тұрақтылық пен шеберлік көрсеткен Әмірбек Базарбаев «Үздік қорғаушы» атағын жеңіп алды.

Өз командасының шабуылы мен қорғанысы арасындағы байланыстырушы буынға айналып, алаңда ерекше шеберлігін көрсеткен Роман Асылбаев «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясында топ жарды.

«Тараз» клубының өкілі Нұрдәулет Орынбасар жылдамдығы, дриблингі және шабуылды соңына дейін жеткізе білуінің арқасында «Үздік шабуылшы» номинациясында жеңімпаз болды.

Ал «Қайраттың» мергендерінің бірі Дастан Сәтпаев «Ең пайдалы ойыншы» номинациясын иеленді. Дастанды көпшілік өз командасының нағыз көшбасшысы деп біледі. Себебі оның шиеленіскен сәтте оңтайлы шешім қабылдай білуі, алаңдағы көз ілеспес қозғалысы, өзін ғана емес, командаластарына да сәтті пас шығара білуі оны маусымның үздік футболшыларының бірі екендігін көрсетті.

Жоғары деңгейдегі дайындығы мен кәсібилігін дәлелдеген Артем Панца «Үздік сейв» авторы атанды.

Ал маусым соңындағы ойындардың бірінде «Ордабасының» ойыншысы Ахан Серік шебер гол соғып, көпшілікті тәнті етті. Оның қарсылас қақпасына қайшылай тепкен соққысы шынымен де әлемдік деңгейдегі футболшылардың орындауынан кем түскен жоқ. Тиісінше «Үздік гол» номинациясында жеңімпаз атағына қол жеткізді.

Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада маусымның символиалық құрама командасы жарияланды. Оған мына футболшылар кірді.

Қақпашы: Ян Лалов («Шахтер»)

Қорғаушылар: Иван Пивоваров («Тобыл»), Данияр Ташпулатов («Қайрат»), Әмірбек Базарбаев («Қайрат»)

Жартылай қорғаушылар: Азизжон Бердиев («Тараз»), Роман Асылбаев («Шахтер»), Алан Азамат («Астана»), Азамат Тұяқбаев («Қайрат»)

Шабуылшылар: Нұрдәулет Орынбасар («Тараз»), Бағдәулет Нұралы («Ордабасы»), Дастан Сәтпаев («Қайрат»).

Айта кетейік, QJ League Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарының жастар командалары арасында элиталық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыралы. Ал QJ League жеңімпазы УЕФА жастар лигасында Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болады.

Естеріңізде болса, чемпионаттың алғашқы маусымына 2006 жылы туған (U-18 жас санаты) аяқ допшылардан құралған еліміздің ең мықты деген 12 командасы қатысып, өзара кім мықтыны анықтаған болатын.

2024 жылы лигаға 2007 жылы туған (U-18 жас санаты) және 2008 жылы туған (U-17 жас санаты) еліміздің 18 аймағынан екі жас санаты бойынша 32 команда қатысты.

2025 жылға қарай жоба республикамыздың барлық облыстарын қамтитын болады. Ол дегеніміз сол уақытта QJ League чемпионатында үш жас санаты бойынша екі лигаға дейін ұлғайып, аталмыш додада 20 клубтың жасөспірімдер командалары өнер көрсетеді деген сөз. Сондай-ақ 2025 жылы қыздар лигасын іске қосу жоспарда бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға