QJ League All-Star: қазақстандық жасөспірімдер «Црвена Звезда» ойыншыларынан басым түсті
Алматыда QJ League All-Star жасөспірімдер лигасының құрамасы әлемнің ең үздік футбол академияларының бірі Сербияның «Црвена Звезда» командасын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оңтүстік астанамызда ұйымдастырылған бұл матч шынымен халықаралық деңгейге лайық өтті деуге болады. Стадионға арнайы автобустармен келген жігіттердің бәрі қазақтың шапанын киіп түсті. Көз қуантарлық көрініс. Жан-жақтан фото-видео түсірілімдер, қаумалаған жанкүйерлер. Жасөспірімдер лигасы дегенімізбен, оларға көрсетіліп жатқан құрмет жұлдыздардан кем емес. Енді соған лайық өнер көрсетсе екен деп тіледік. Себебі қарсылас қарымды – Еуропадағы ең мықты академиялардың бірінен саналатын «Црвена Звезда» ойыншылары. Олар да ат терлетіп келіп құралақан қайтқысы келмейтіні түсінікті. Сондықтан матчтың тартысты, жоғары жылдамдықта өтетіні белгілі еді. Солай болды да.
Айтпақшы, бұл кездесуге еліміздің QJ League-те өнер көрсететін 12 клубының ең үздік футболшылары шақыртылды. Асқар Келжанов бастаған бапкерлер штабы ұйымның спорттық-сараптамалық тобымен ақылдаса отырып мына ойыншыларға сенім артты: Саятхан Құсайынов («Ақтөбе»), Данияр Ташпулатов, Әмірбек Базарбаев («Қайрат»), Әлихан Исраилов, Дарын Оспан («Ақтөбе»), Шыңғыс Дүйсенбек («Қайрат»), Алан Адахаев («Жас Қыран»), Роман Асылбаев («Шахтёр»), Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Алан Азамат («Астана»), Бағдәулет Нұралы («Ордабасы»).
Ойын шынымен де алаң иелерінің шабуылымен басталды. Жігіттер төрешінің ысқыры естіле салысымен, қарсылас алаңына лап қойды. Жергілікті футболшылардан мұны күтпесе керек, азулы сербиялық жасөспірімдердің бастапқыда абдырап қалғанын байқадық. Бірақ еуропалық клубтар сияқты қорғаныста сауатты ойнайтынын көрдік. QJ League All-Star футболшыларына тура соққы жасатпады. Шыны керек, біздің жігіттерге де дәлдік пен жойқын соққы жетіспей жатты. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Үзілістен соң да ойында айтарлықтай өзгеріс көрмедік. Бұрыштамадан көтерілген допты да, стандартты жағдайды да тиімді пайдалана алмады. Негізгі уақытта есеп ашылмаса немесе таразы басы тең болса, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталады деп айтылған. Жанкүйерлер голдан үмітті үзе бастағанда, ойынның 85-минутында Азамат Тұяқбаев қарымта шабуылды оңтайлы пайдаланып, мергендік танытты. Осылайша, командалас әріптесін алмастырған ол матчтың алғашқы голын соқты. Бұл гол жігіттердің бойындағы сенімділікті арттырып, шабыттандыра түскен секілді. Араға үш минут салып Дастан Сәтпаев есепті еселеді – 2:0. Осылайша, 2500-ге жуық көрерменнің алдында қазақстандық өрендер жеңіс тойын тойлады.
Матчтан соң қорытынды голдың авторы атанған Дастан Сәтпаев әсерін былай деп бөлісті.
Ерекше қуанып, толқып тұрмын. Қазіргі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Командалас әріптестеріме, бапкерлер штабына, осы жобаның ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Себебі халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алдық, танымалдығымыз артып келеді, оның бәрі қуантпай қоймайды. Еуропалық клубтармен ойнау арқылы өзіміздің деңгейімізді біле аламыз, қателіктермен жұмыс істейміз.
Бүгінгі қарсыластарымыз – өте мықты ұжым. Бойшаң жігіттер екенін көрдіңіздер, сондықтан оларға қарсы ойнау оңай болған жоқ. Бірақ мінез көрсете алдық, соның арқасында жеңіске жеттік. Бірінші таймда да гол соғатын мүмкіндіктер болды, бірақ жүзеге асыра алмадық, өзіме шеберлік жетіспеді, есесіне екінші таймда бәрі ойдағыдай өтті, - деді Сәтпаев.
Ал QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов барын салып баққан ойыншыларға да, қолдау білдірген жанкүйерлерге де алғысын жеткізді.
Бүгін біздің жасөспірімдер футболы үшін ерекше күн. Біздің футболымыздың болашағын жасап жатқан балалар Еуропадағы ең үздік жасөспірімдер академиясының өкілдерімен ерекше тәжірибе алмасты. Ал біз Сербиядан келген футболшыларға, бапкерлерге алғыс айтамын. Уақыт бөліп, ойыншыларымызды қолдауға келген жанкүйерлерге рахмет. Олардың қолдауы шынымен де өте маңызды.
Керемет футболдың куәсі болдық. Жігіттер аянып қалмады, екі гол соқты, қандай гол десеңізші! Біздің елде футболмен өмір сүретін, футболды ерекше жақсы көретін өте дарынды, болашағынан зор үміт күттіретін, әлеуеті мол жастар көп. Біздің міндет – сол жастарға қолдау көрсетіп, жол бастау. Сонда ғана ұлттық құрамамыз жарқын жеңістерге, беделді турнирлердегі айтулы нәтижелерге қол жеткізеді. Ең мықты деген лигаларда ойнауға қабілетті жастарымыз көп. Тек соларға көмектесейік! Мен жастарға сенемін, - деді Турлов.
Фотолар: QJ League баспасөз қызметі
Рас, бұл жоба басталғанда оның өміршеңдігіне, нәтижелілігіне күмәнмен қарағандар көп болды, оны сынайтындар әлі де бар. Бірақ стадионға билет сатып алып келіп ойын тамашалаған жанкүйерлердің қолдауын көргенде, «болашақта мен де QJ League-те ойнағым келеді» деген балалардың арманын естігенде, жобаның бағыты дұрыс секілді көрінді. Енді бұл нәтижемен тоқтап қалмай, шыңдала түсу, биікке ұмтылу – жасөспірімдердің өз қолында.