Жаңалықтар

ҚХА су тасқынынан зардап шеккендерге 770 млн теңге бөлді – сарапшы

ҚХА су тасқынынан зардап шеккендерге 770 млн теңге бөлді – сарапшы
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 25.04.2024 14:34 1472

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. Осы ретте Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшысы Дамир Белгібаев аталған жиынға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дамир Темірғалиұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі маңызды институттардың бірі екенін атап өтті.

Көпұлтты мемлекет екеніміз барлығына аян. Сондықтан көпұлтты мемлекетте тұрақтылықты, бірлікті сақтап тұрушы бір үлкен ұйым қажет. Сол институттың міндетін осы Ассамблея атқарып отыр. Бүгін президент атап өткендей, бұл Ассамблея жасанды ұйым емес, ел бірлігін іс жүзінде жүзеге асыратын маңызды ұйымдардың бірі және конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган болып табылады, - деді сарапшы.

Дамир Белгібаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында көптеген міндеттер алға қойылғанын айтады.

Қазіргі таңда елімізде өте бір қиын жағдайлар болып жатыр. Соңғы айда еліміздің көп бөлігін су басып жатыр. Оған көптеген адамдар, әртүрлі ұйым мүшелері үлес қосып, қиыншылықты еңсеруге қол ұшын беріп жатыр. Бұл жерде Ассамблеяның да шет қалмағанын білеміз. Өйткені Ассамблея су тасқынына өзіндік бір штаб құрып, «Жүректен-жүрекке» атты арнайы жобасын ұйымдастырып, қиыншылықты жеңуге септігін тигізді, - деді ол.

Атап айтқанда, Ассамблея 12 мыңнан астам еріктіні жұмылдырып, 80-нен астам жүк көлігімен 1,5 мың тоннаға жуық азық-түлік жөнелткен. 40-қа жуық техника мен 770 миллионға жуық қаржылай жәрдем берді. Мұның барлығы қазіргі қиын заманда үлкен көмек болды.

Сарапшы президенттің институттағы тағы да басқа жаңашылықтарды алға қойғаны туралы сөз қозғады.

Мемлекет басшысы Ассамблеяның бұдан әрі қайырымдылық шараларына белсенді қатысуын талап етті. Ассамблеяның Парламент және Мәслихат депутаттарымен қарым-қатынасын нығайтып, солармен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Бүгінде Ассамблея құрамында Сенаттың та, Мәжілістің де депутаттары бар. Олардың қатарында кейбірі елге танымал қоғам қайраткерлері десек те болады. Енді осы депутаттардың, басқа да Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің іс-әрекетімен қоғамда көптеген нәрселерді жүзеге асыруға болатындығын көріп жатырмыз және соған сенеміз, - деді ол.

Сарапшының сөзінше,  сессияның мақсаты – бірлікті, жасампаздықты нығайту және сол арқылы өткен құрылтайда атап өткен концепцияны әрі қарай жалғастырып, еліміздің өркендеуіне, өрлеуіне үлес қосу.

Мемлекет басшысы Ассамблеяның бүгінгі басқосуында Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі секілді тиімді құрылымдарды одан әрі дамытуды тапсырды. Оған қоса Жастар Ассамблеясына да ерекше көңіл бөліп, оның да жұмысын дамытуға тапсырма берді. Жалпы бүгінгі Ассамблея отырысы елімізді бірлікке, қиыншылықты бірлесе еңсеруге шақырды десек болады, - дейді Дамир Темірғалиұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға