Жаңалықтар

ҚХА-ның 30 жылдығы: Астанада қандай іс-шаралар өтті

ҚХА-ның 30 жылдығы: Астанада қандай іс-шаралар өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі 01.03.2025 21:14 188

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ресми басталып, атаулы жыл мен Алғыс айту күніне орай бірнеше маңызды іс-шаралар өтті, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бүгін мерейтойлық жылдың ресми тұсауы кесілгенін айта келе, «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 30 жыл» ескерткіш тақтасын салтанатты түрде ашу рәсімін Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа ұсынды.

Ол Ассамблеяның түптамыры тарихымыздың өн бойында жатқанын, қазақ халқы қашанда үйіне келген қонағын құшақ жая қарсы алып, төрге оздыратынын тілге тиек етіп, аталған дәстүрдің бүкіл этностарды біріктіріп отырған Ассамблеяның негізінде бүгінге дейін көркем жалғасын тауып отырғанын айтты.

Бұдан соң іс-шараға қатысушылар «Бір шаңырақ астында: алғыс айту мәдениеті және ұлттық бірлік» атты дөңгелек үстелде бас қосты.

Дөңгелек үстелдің барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен дөңгелек үстел өткізудің мақсаты мен Алғыс айту күнінің ерекшелігіне тоқталды.

Бұрын бұл күн этнос өкілдерінің елімізге алғыс айтатын күні болып аталып өтсе, кейінгі жылдары одан да кең мағынаға ие болды. Әрбір Қазақстан азаматының ризашылығы, адал еңбек еткен қызметкерлерге, ерлік көрсеткен азаматтарға, баланың ата-анаға, жастың қарияға деген риясыз сыйластығына ұласты. Мұндай сыйластықты сақтау үшін өткізілетін іс-шаралар қашанда үлкен мән-маңызға ие. Бүгінгі кездесуіміздің де орны ерекше, - деген ол Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына байланысты іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу бойынша ауқымды қалалық жоспар әзірленгенін айтты.

Дөңгелек үстел барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тілеген Садықов және тағы басқалар сөз сөйледі.

Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде алғысхаттарымен марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға қатысушы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық қоғамдық бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі және ғылыми-сараптамалық топтардың өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға