Жаңалықтар

ҚХА балаларға қазақ тілін үйрететін жобаны жүзеге асырып жатыр

ҚХА балаларға қазақ тілін үйрететін жобаны жүзеге асырып жатыр
Фото: Коллаж El.kz 12.03.2025 13:45 152

Қазіргі қоғамда балаларға арналған қазақ тілді контенттердің саны мен сапасы күн сайын артып келе жатқанымен, олардың арасында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар өте аз. Балалар дүниеге келген сәттен бастап олардың тұлғалық дамуы үшін тәрбиелік контенттің маңызы зор. Ұлттық дәстүрлер мен мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, олардың өміріндегі рухани құндылықтарды ұмытпау үшін жасалып жатқан жұмыстар бүгінде өзекті болып отыр. Қарағанды облысының Достық үйі – көп этносты аймақтағы мәдени және ұлттық бірлікті нығайтатын орталық. Бүгінгі таңда бұл  мекеме көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – «Balaqai. TV» интернет жобасы.

Жобаның жүргізушісі әрі жетекшісі, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім КММ» баспасөз бөлімінің маманы Мариям Ахметбектің айтуынша, YouTube желісінде айына бір рет шығатын әрбір бағдарлама көпшілік тарапынан қызығушылықпен қабылдануда. Жоба туралы оң пікірлер – осының айқын дәлелі. «Balaqai. TV» қазақ мәдениетін сақтап қана қоймай, оны заманауи тәсілдермен дәріптейді, халық арасында ұлттық бірлікті күшейтеді.  Өзінің жаңа форматы мен жаңашыл мазмұнымен ерекше көзге түсуде. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамды мәдени тұрғыдан тәрбиелеуге бағытталған. Оның аясында көптеген қызықты бағдарламалар, айдарлар мен тақырыптар қамтылған. Әсіресе шешендік сөздер, ұлттық спорт түрлері, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сияқты маңызды құндылықтарға үлкен көңіл бөлінуде.

Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер арқылы балаларға арналған контенттің көбеюі байқалады, бірақ олардың көпшілігі шетелдік мәдениетке негізделген немесе ұлттық құндылықтарды елеусіз қалдырады. «Balaqai. TV» жобасының ауқымы тек ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттап қана қоймай, сонымен бірге қазақ халқының қолөнері мен шығармашылығын кеңінен танытуға бағытталған шеберлік сабақтарын да ұйымдастыруды қолға алды. Осы сабақтар арқылы көрермендер тек тыңдаушы ғана емес, белсенді қатысушыларға айналып, өздері де ұлттық өнер мен шеберлікті үйренуге мүмкіндік алады. Шеберлік сабақтарының тағы бір маңызды бағыты ұлттық киім тігу болды. Қазақ халқының дәстүрлі киімдері – тек күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі ғана емес, оның әрбір сәті, әрбір тігісі, ою-өрнегі өзіндік мәнге ие. Ұлттық киімдерді тігу – бұл қазақтың дәстүрлерін жаңғыртып, ұлттың мәдениетін болашақ ұрпаққа таныту үшін маңызды қадам.

Шеберлер ұлттық киімдердің ерекшеліктерін, әрбір оюдың мағынасын және оны қалай жасау қажеттілігін түсіндіреді. Қатысушылар бұл қазақтың ұлттық киімдерінің барлық құпияларын меңгеріп, өз қолымен киім тігу мүмкіндігіне ие болды.

 «Ұлттық қолөнер» айдарында балалар қазақ халқының ұлттық қолөнеріне арналған сюжеттерді тамашалай алады. Қазақ халқының зергерлік өнері, тоқыма, ағаш өңдеу, және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлері жайлы қызықты ақпараттар ұсынылады.

«Ұлттық спорт түрлері» айдары Қазақстанда тарихи дәстүрге негізделген көптеген ұлттық спорт түрлері бар. «Балақай ТВ» осы спорт түрлеріне арналған арнайы айдар ашып, қазақтың ұлттық ойындары – көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ және басқа да спорт түрлері жайлы видео-роликтерді түсірді.

«Шешендік сөздер» айдарында ұлттық әдебиет пен шешендік өнер біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Қазақтың шешендік сөздері, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері балаларға ой-өрісін дамытуда зор рөл атқарады. «Balaqai.TV»-да шешендік сөздер, ата-бабаларымыздың ұлы даналықтарын түсіндіретін сюжеттер де бар. Балаларға қазақ тілінің байлығы мен оның қолданылуын үйрету мақсатында түрлі анимациялар мен қойылымдар көрсетіледі.

 Жобаның маңыздылығы қазақ тілін үйренуге септігін тигізеді. Себебі, барлық контент қазақ тілінде ұсынылады. Бұл балаларға қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді, әрі олардың тіл байлығын арттырады. Осы жобаны жүзеге асыру  қазақ мәдениетінің арғы-бергі тарихын, аңыздарын, ұлттық тәрбиенің құндылықтарын түсінуге, оларға жан-жақты талдау жасауға жетелейді. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы кеңейіп, жаңа айдарлар мен түрлі бағыттарды қамту жоспарлануда. Мысалы, балаларды ұлттық би мен музыка өнеріне баулитын арнайы бөлімдер ашу, қазақтың тарихи тұлғалары туралы интерактивті контент жасау сынды идеялар жүзеге асырылмақ.

«Balaqai.TV» жобасы – тек қана балалар үшін емес, барлық қазақстандықтар үшін үлкен маңызға ие. Бұл жоба арқылы ұлттық мәдениетті насихаттау және оны жаңа буынға жеткізу ісі үздіксіз жалғаса бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға