ҚазҰУ-дың тағы бір ғылыми журналы Scopus-қа енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «ҚазҰУ хабаршысы. Математика, механика және информатика сериясы» ғылыми журналы Scopus ғылыми деректер базасына енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ҚазҰУ-дың интернационалдандыру және зерттеу университетін қалыптастыру бағытындағы нәтижелі жұмыстарының айқын көрінісі. «ҚазҰУ хабаршысы. Математика, механика және информатика сериясы» ғылыми басылымы математика, механика және ақпараттық технологиялар саласындағы жаңалықтарды, өзекті мәселелер мен жетістіктерді жариялайды.
Журналдың редакциялық алқасы жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдардан құралған. Scopus-пен қатар, журнал CrossRef, EBSCO, DOAJ, РИНЦ, сондай-ақ Web of Science сияқты белгілі ғылыми-метриялық деректер қорларында да индекстеледі. 2022 жылы журнал Web of Science деректер базасына енгізіліп, биыл индекстеу базасының бірінші импакт-факторын алды. Журнал жарияланымдарына беделді халықаралық конференциялардың жинақтарында және рейтингі жоғары ғылыми журналдарда сілтеме беріледі.
Scopus – ғылыми басылымдардағы мақалаларға сілтеме жасау деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әлемдегі ең үлкен деректер қоры. Онда 5000 халықаралық баспаның 20 мыңнан астам жарияланымы бар. Scopus деректерінің сапасы ғылыми-зерттеу жұмысын бағалау үшін дерекқорды пайдаланатын жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар, сондай-ақ университеттердің әлемдік рейтингтерін құрастыру үшін рейтингтік агенттіктер тарапынан мойындалған.
Scopus деректер базасындағы мазмұнды іріктеу бойынша Сараптамалық кеңестің саясатына сәйкес, өзекті ғылыми мақалаларды жариялау және оны дерекқорға енгізу халықаралық аудитория үшін аса маңызды және негізгі көрсеткіш болып табылады. Осылайша «ҚазҰУ хабаршысы. «Математика, механика және информатика сериясы» зерттелетін салаға академиялық үлес, Scopus журналындағы мақалаларға сілтеме жасау, редакторлар мен авторлардың географиялық таралуы, жариялау этикасының анық және жалпыға қолжетімді мәлімдемелері сияқты т.б. бағалау көрсеткіштері негізінде рецензияланып таңдалды.
«ҚазҰУ хабаршысы. «Математика, механика және информатика сериясы» мақалалары ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми беделін көтеруге лайықты үлес қосып келе жатқаны Scopus деректер базасының Сараптамалық кеңесі тарапынан жоғары бағаланды.
Айта кету керек, «ҚазҰУ хабаршысы. «Математика, механика және информатика сериясы» ҚазҰУ-дың Scopus мәліметтер базасына енгізілген бірінші хабаршысы және жалпы үшінші ғылыми басылымы. Бұған дейін бұл ірі дерекқорға университеттің International Journal of Mathematics and Physics және Physical Sciences and Technology журналдары енгізілген.
Кезекті ғылыми басылымның беделді ғылыми деректер базасына қосылуы университеттің QS World University Rankings by Subject и Times Higher Education World University Ranking by Subject рейтингтерінде одан әрі ілгерілеуіне ықпал ететіні сөзсіз.