Жаңалықтар

ҚазҰУ-да қолданбалы микробиология зертханасы ашылды

ҚазҰУ-да қолданбалы микробиология зертханасы ашылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 23.11.2024 02:31 406

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған «Тұрақты болашақ-2024: биотехнология, экология, энергетика» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шара аясында Қазақстан-Германия-Қытай серіктестігі негізінде құрылған Халықаралық қолданбалы микробиология зертханасының ашылу рәсімі өтті.

Шараға университет басшылығының өкілдері, ғалымдар, профессорлар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Германия, Қытай, Пәкістан және Қазақстанның жетекші университеттерінің ғалымдары баяндама жасады. Орталық Азияның әртүрлі елдерінен келген 60-тан астам студент және жас ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы баяндамаларын ұсынды.

Пленарлық отырыста Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ҚазҰУ-дағы Экология және биоресурстардың тұрақтылығы ғылыми-зерттеу институты, биология және биотехнология, география және табиғатты пайдалану факультеттері білім беру, ғылыми-зерттеу, серіктестік және әлеуметтік бастамалар арқылы тұрақты дамуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

«ҚазҰУ факультеттерінің білім беру бағдарламалары экологиялық таза өнім алудың, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға қажетті шикізатты өңдеудің маңыздылығын түсінетін мамандарды даярлауға бағытталған. Ғылыми зерттеулер, далалық тәжірибелер және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық арқылы біздің студенттер мен оқытушылар экологиялық тұрақтылық пен биоресурстарға бағдарланған саланың болашағын қалыптастыруда», - деді проректор.

Пленарлық отырыста баяндама жасағандар: профессор Илья Дигель-Аахенский (Қолданбалы ғылымдар университеті, Германия), профессор Нұршат Нұражи (Жаңартылатын энергия көздері зертханасы, Назарбаев университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің химия және материалтану кафедрасы (Астана), профессор, доктор Зульфихар Али-IOFS, Пәкістанның бағдарламалар мен жобалар бөлімінің директоры (Пәкістан) және тағы басқа.

Конференцияда азық-түлік және ауылшаруашылық биотехнологиясындағы алдыңғы қатарлы жетістіктер, биоәртүрлілікті сақтау стратегиялары және көмір қалдықтарын өңдеудегі инновациялық биотехнологиялық тәсілдер қарастырылды.

Шара аясында Қазақстан-Германия-Қытай серіктестігі негізінде Халықаралық қолданбалы микробиология зертханасының ашылу салтанаты өтті. Шараға неміс, қытай және отандық ғалымдар қатысты. Профессор Илья Дигель-Аахенский (Қолданбалы ғылымдар университеті, Германия) «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Конференция барысында үздік деп танылған 40 мақала Scopus ғылыми деректер базасында индекстелген журналдарда жарияланды.

Зертхана қызметі биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді халықаралық деңгейде дамытуға, инновациялық биотехнологияларды енгізуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған. Ғылыми орталық микробиологияның қолданбалы салалары – ауыл шаруашылығы, экология, медицина және өнеркәсіпке ерекше көңіл бөлген қазақстандық, неміс және қытай ғалымдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде құрылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға