«Қазпошта» шығынға батпай, табысты болуы үшін не істеу керек?
«Қазпошта» басшысы Әсел Жанасова енді жаңаша жұмыс істейтін уақыт жеткенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жанасованың сөзіне қарағанда, «Қазпошта» филиалдық желіні кеңейтіп, бөлімшелерде қосымша қызметтер қосу есебінен кірістерді ұлғайтпақ.
Қазір «Қазпошта» рөлін бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік қызмет көрсетушіден мемлекет пен қоғамның серіктесіне айналдыру жүріп жатыр.
Газеттерді, журналдарды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткізу сияқты әлеуметтік маңызы бар қызметтерді ұсынумен қатар, «Қазпошта» ауылдық пошта бөлімшелерін көпфункционалды қызмет көрсету орталықтарына айналдырады. Бұл елдің инклюзивті дамуына қадам болады, - деді ол.
Басшы коммерциялық жағына көбірек мән берілетінін айтады.
Flip.kz, Ozon.kz сияқты онлайн платформаларға бөлімшелерден арнайы орын береміз. Ауылдарда бөлімшелерде тұтынушылық тауарларды сату қажет. Біздің газет-журналдар мен хаттарды таситын көліктеріміз онсыз да күн сайын барады. Бұл «Қазпоштаны» шығынға батырмай, табысты мекемеге айналдырады, - деді ол.
«Қазпошта» мынадай инфрақұрылымға ие:
✓ Мемлекеттік қызмет көрсету;
✓ Консультациялық қызметтер (телемедицина, онлайн білім беру, кәсіпкерлерге кеңес беру, статистикалық есептілікті тапсыру, e-com орталықтары)
✓ E-com сәлемдемелерін беру және қабылдау (300 Ozon филиалы, 2 филиалы – Lamoda)
✓ Тұтыну тауарларын сату.