Жаңалықтар

Qazpatent: 8 мыңнан аса адам өз туындыларына авторлық құқық алған

Бұл туралы Әділет министрлігі мәлім етті
Qazpatent: 8 мыңнан аса адам өз туындыларына авторлық құқық алған
Фото: gov.kz 08.02.2023 17:53 1059

Әділет министрі Азамат Есқараев Ұлттық зияткерлік меншік институтының (Qazpatent) қызметі және ұжымымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Qazpatent директоры Ербол Оспанов Министрге кәсіпорынның 2022 жылғы қызметінің қорытындысын баяндап, зияткерлік меншік саласын дамыту бойынша ұсыныстар мен 2023 жылға қойылған міндеттерді туралы айтты.

Өткен жылдың өзінде Қазақстанның 8760 азаматы өз туындыларына авторлық құқық, сондай-ақ тауар белгілері, өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер және селекциялық жетістіктер сияқты зияткерлік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын алды.

Кездесу қорытындысы бойынша Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау шеңберінде, қоғамның экономикалық, ғылыми және мәдени дамуындағы зияткерлік меншіктің рөлін нығайтуға, көрсетілетін сараптамалық және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар міндеттерді атап өтті.

«Зияткерлік меншік саласы өте қарқынды және жедел реформалауды қажет етеді», - деп атап өтті Азамат Есқараев.

Осыған байланысты, Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, халықаралық әріптестікті нығайту, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту және патенттік сенім білдірілген өкілдермен өзара жұмыс істеу жөнінде тапсырмалар берілді.

Министр ұжымға қазақстандық зияткерлік меншік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, зияткерлік меншік саласы біздің еліміз үшін стратегиялық маңызды бағыт болып табылатынын және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қызметі Министрліктің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға