Жаңалықтар

ҚазМұнайГаз Германияға мұнай жеткізетін болды

ҚазМұнайГаз Германияға мұнай жеткізетін болды
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі 20.06.2023 23:45 724

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Rosneft Deutschland Шведт қаласындағы PCK Raffinerie мұнай өңдеу зауытына шикі мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мұнайды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы — KazMunayGas Trading AG сататын болады. Ал мұнайды сатып алушы тарап — PCK Raffinerie мұнай өңдеу зауыты акционерлерінің бірі Rosneft Deutschland GmbH.

Бүгін біз жыл соңына дейін ай сайын 100 мың тонна мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойдық. «ҚазМұнайГаз» атынан Қазақстан тарапының Германияға мұнай тасымалдау жұмысын жалғастыруға және көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізгім келеді, сондай-ақ серіктестерімізге осы бағытта орнаған ынтымақтастығымыз үшін алғыс білдіремін, — деп атап өтті құжатқа қол қою рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Мұнай жыл соңына дейін Қарашығанақ кен орнынан айына 100 мың тонна көлемінде тасымалданады. Биыл Германияға жөнелтілетін мұнай көлемі – кемінде 890 мың тонна. Бұл ретте, Германия тарапы Қазақстаннан мұнай жеткізу көлемін отандық басқа да мұнай өндіруші компаниялардың есебінен ұлғайтуға қызығушылық танытты.

2022 жылы Германия үкіметі Қазақстанға PCK Raffinerie (Шведт қ.) мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу туралы өтініш білдірген. Биылғы ақпан-мамыр айларында Германияға «Дружба» құбыры арқылы 190 мың тонна мұнай жеткізілді. Маусым айының жоспары — 100 мың тонна тасымалдау.

2023 жылы «Дружба» құбыры арқылы көлемі 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу мәселесі Ресей тарапымен бұдан бұрын келісілген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға