Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен жұмысшыларға үндеу жасады

«ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен жұмысшыларға үндеу жасады
Фото: © El.kz 22.02.2024 17:31 1123

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Компания West Oil Software жұмысшыларын мәселені диалог арқылы шешуге, заңсыз ереуілді тоқтатып, жұмысқа шығуға шақырды.

Сонымен қатар ҚМГ бірнеше мәселеге назар аударылғанын алға тартты:

Біріншіден, бүгінгі таңда ҚМГ-нің еншілес кәсіпорындары тапсырыс беруші ретінде мердігер ұйымдарды ұзақ мерзімді жұмыс көлемімен қамтамасыз етеді.

Екіншіден, ҚМГ жұмысшылардың жалақысы мен әлеуметтік аударымдарының уақтылы және толық көлемде төленуін бақылайды.

Үшіншіден, ҚМГ «West Oil Software» ЖШС техникасын жаңартуға қаражат бөледі. Бүгінгі таңда отандық өндірушімен 69 техника бірлігіне келісімшарт жасалды. Барлығы кем дегенде 202 жаңа техника бірлігін сатып алу жоспарда.

Төртіншіден, Жетібай кен орнында жаңа өндірістік база салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында басталады.

Ұзаққа созылған ереуіл West Oil Software мекемесіне ғана шығын келтіріп қоймай, сонымен қатар Жетібай кен орнында мұнай өнімін жоғалтуға байланысты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қомақты көлемде залал келтіруде. Қазіргі уақытта оның сомасы 1 млрд 320 млн теңгені құрады. Бұл өндіріске және тапсырыс берушілердің қаржылық жағдайына зиянын тигізіп отыр, – деп атап өтті ҚМГ мұнай сервисі департаментінің директоры Жасұлан Балуанов.

Мәлімдеменің қорытындысында ҚМГ West Oil Software жұмысшыларын еншілес кәсіпорындардың штатына жұмысқа орналастырмайтыны және бұл мақсатта жаңа еншілес кәсіпорын ашылмайтыны айтылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға