Жаңалықтар

Qazcontent қызметкерлерінің күтпеген қуанышы

Qazcontent қызметкерлерінің күтпеген қуанышы
27.06.2023 13:35 1359

Бұқаралық ақпарат құралдары мерекесі қарсаңында 65 журналист пәтер кілтін алды. Соның ішінде Qazcontent акционерлік қоғамы ұжымының қызметкерлері де бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда компания алты ақпараттық ресурстарды біріктіреді. Qazcontent акционерлік қоғамы ұжымының құрамына кіретін ақпарат агенттіктері el.kz, baigenews.kz, baq.kz және тақырыптық порталдар adebiportal.kz және e-history.kz, сондай-ақ ҚР премьер-министрінің ресми сайты бар. 

Qazcontent акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп бұл ортақ жеңіс және мықты ұжымның арқасы екенін тілге тиек етті. Мереке қарсаңында пәтер кілтіне қол жеткізген қызметкерлер қатарында фотограф Бауыржан Жуасбаев, BAQ.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы, үш баланың анасы Мөлдір Бекбергенова, ұзақ жылдан бері компанияның дизайнері қызметін атқаратын Яна Смолярова бар.

Қуаныш иелерін сөзге тарттық. BAQ.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергенова компанияда 10 жылдан астам еңбек етеді. Күні кеше 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды. Ол осы жылдар ішінде журналист, аудармашы, шығарушы редактордан бас редактордың орынбасарына және бас редакторлыққа дейін көтерілді. 

Пәтер сертификатын қолымызға алып үйдің алдында тұрсақ та сенер-сенбесімізді білмедік. Қуанышымызда шек бомады. Төрағаның өзі кеше өз сөзінде айтып өтті. Яғни, осы компанияда бірнеше жыл еңбек өтілі бар қызметкерлерді іріктеп ұсынғанын айтты. Пәтер кілтіне қол жеткізген қызметкерлер қатарында фотограф Бауыржан Жуасбаев және компанияның дизайнері қызметін атқаратын Яна Смолярова бар. Олар да менімен қатар қызметке келген екен. Еңбекті бағалаған басшылыққа рақмет айтамын. Іріктеуді әділ жүргізді деп есептеймін, – деді BAQ.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергенова. 

Айта кетейік, компания ресурстары үш тілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қол жетімді. Барлық порталдардың жалпы аудиториясы бір айда 2 миллионнан астам оқырманға жетеді. Осы қызметте талмай еңбек етіп жүргендердің қатарында Яна Смолярова да бар. Ол бүгінде Qazcontent акционерлік қоғамының аға дизайнері қызметінде және күні кеше 1 бөлмелі пәтерге ие болды. 

Qazcontent қызметкерлерінің күтпеген қуанышы

Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Естігенде қатты қуандым. Келесі күні белгіленген мекенжайға бардым. Бәрі сән-салтанатпен келіпті. Ұйымдастырушылар бізді өте жақсы қарсы алды. Өз атымда пәтер жоқ. Қазіргі таңда ата-анаммен тұрамын. Әлі күнге дейін сене алмай отырмын. Қуанышымды тек жақындарыммен ғана бөлісіп үлгердім. Ал достарыммен бөлісуге уақыт болмай жатыр. Компанияда 10 жылдан астам уақыт қызмет етемін. Алғысым шексіз!, – деді Яна Смолярова. 

Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтік осал топтар мен мемлекет қызметкерлеріне арналып салынған тұрғын үйдің көлемі 33 мың шаршы метр. Бірінші мен екінші кезектегі үйлердің құрылысы бір жыл ішінде аяқталып, әкімдіктің тізімі бойынша үй иелеріне пәтерлер беріле бастады. Соның ішінде 65 БАҚ өкілі бүгін баспаналы болды. Игі істің бастамасында «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қоры тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға