Жаңалықтар

Қазбек Өмірзақұлы: Референдум барлық саяси жүйенің қайта құруына алып келеді

Қазбек Өмірзақұлы: Референдум барлық саяси жүйенің қайта құруына алып келеді
18.05.2022 16:14 2561

Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Өмірзақұлы 5 маусым күні өтетін бүкілхалықтық референдум жайлы пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол себептен де ел аумағында 5 маусым күні конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізілетін болады. Бұл еліміздің тәуелсіз тарихындағы екінші рет өткізілгелі отырған жалпыхалықтық референдум. Биылғы конституциялық референдумның айырмашылығы – Қазақстан енді суперпрезиденттік жүйеден мықты парламенті бар президенттік жүйеге көшуді мақсат етіп отыр. Қазіргі таңда бұл өзгерістер билік тармақтарындағы ара-қатынасты, саяси жүйені қайта құруды ұсынды. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз жаңа ережелер мен өзгерістерден бастауды жөн көріп отыр. Нәтижесінде конституцияның 33 бабына, 56 өзгеріс енгізілетін болады. Осылайша біздің елімізде мемлекеттік басқаруда қайта құру болады. Президент ұсынған өзгерістер саяси жүйені түпкілікті өзгертеді деп айтуға толық негіз бар. Себебі, біріншіден мемлекет басшысы халықтың жалпы қоғамның мемлекеттіктің одан әрі дамуы үшін қолға алынған оң өзгеріс деп айтуға болады. Осы референдумдағы өзгерістердің барлығы қоғамның талабы, қоғамның негізгі сұранысынан туындап отыр»- деді Қазбек Өмірзақұлы.

Оның айтуынша, бұл референдумде сайлау құқықтарымыз кеңейетін болады. Енді кез келген Қазақстан азаматы өзінің конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда, жоғары соттан бөлек одан да жоғары конституциялық сотқа шағымдана алады. Сондықтан мұның барлығы ескі жүйеде қалғымыз келе ме, жоқ жаңа саяси Қазақстанға шын мәнінде қадам басқымыз келе ме?! Міне, Қазақстан халқы осыған мән беру керек. Бұл шын мәнінде алдағы уақытта барлық саяси жүйенің қайта құруына алып келеді.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға