Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖол» 8,3 млрд теңгеге заңсыз келісімшарт жасаған

«ҚазАвтоЖол» 8,3 млрд теңгеге заңсыз келісімшарт жасаған
Фото: almaty.tv 16.02.2023 15:41 1013

Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында жол құрылысы саласында заңбұзушылықтар мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың сөзінше, бұл салада ақшаны тиімсіз пайдалану және жымқыру фактілерінен бөлек шенеуніктердің өкілеттігін асыра пайдалану деректері де аз емес.

«Бұл саладағы жүйелі кемшіліктер жойылған жоқ. Кейбір мердігер ұйымдарға қатысты конкурстық рәсімдерді өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық белгілері бар тиісті артықшылықтар сақталады. «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» ҚР Заңының 4-бабын бұза отырып, «ҚазАвтоЖол» бір көзден алу тәсілімен жалпы сомасы 8 млрд астам теңгеге заңсыз келісімшарт жасаған», - деді Лукин.

Сенатордың айтуынша, қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру мәселесі көңіл көншітпейді. Осы орайда Андрей Лукин Үкімет басшысына Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының жұмысына бақылауды күшейтуді ұсынды.

«Мердігерлерден айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ тиімді технологияларды кеңінен қолдануды қамтамасыз ету бойынша алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені ескере отырып, жолдарды сапалы салу және жөндеу үшін тиісті шешімге келуді ұсынамын», - деп түйіндеді сенатор.

Айта кетейік, бұдан бұрын Бас прокуратура еліміздегі көлік жолдары саласының жай-күйін тексерудің қорытындысы жарияланған. Ведомство дерегінше, барлығы 300-ден астам заң бұзушылық анықталды, 30 млрд теңге сомасына бюджет шығындарының алдын алынды, мемлекет кірісіне 2,5 млрд теңге өтелді, 29 қылмыстық іс қозғалды, 305 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға