Қазақтың «Ломаченкосы» алғашқы кездесуінде кіммен шығатыны анықталды

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақтың «Ломаченкосы» аталып кеткен Махмұд Сабырханның алғашқы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол 54 келіге дейін салмақта 1/16 финалда венгриялық Иштван Сакамен кездеседі. Мажар боксшысы алғашқы кездесуінде түрікмен Довлет Мухановты жеңді.
Айта кетейік, Махмұд – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Былтыр 22 жасқа дейін боксшылар арасында Азия біріншілігінде жеңімпаз атанған.
Еске салып өтейік, әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында өтеді.
Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысып жатқанын мәлім етті.
Аталған чемпионатта жеңімпаз атанған спортшыға ІВА 200 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы табыстайды.
